«Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты белгілі әнші, Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Серпер» сыйлығының лауреаты Өмірқұл Айниязовпен болды.
— Өмірқұл мырза, өнер жолына қалай келдіңіз?
— Өнер жолына бала кезімнен ұмтылдым. Неге десеңіз, біздің әулет ән мен күйге жақын болды. Нұртуған жыраудың ұрпағы боламыз. Кәсіби өнер жолына ең алғашқы қадамды отбасымыздың ішінен өзім жасадым. Маған дейінгілердің барлығы ауылдың алтауызы болып, отырыстарда ән шырқап жүреді. Негізінен өнер адамы болғанымды әкем қалады. Ол кісі мені 4-сыныбымнан бастап музыкалық мектепке жетектеп апарды. Оған дейін ауылдағы Өтепберген көкеміздің алдында отырып, термесін тыңдап өстім. 9-сыныпты бітірген соң, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжіне оқуға түстім. Кейін Алматыға келдім. Сол кез Қыдырәлі, Медеу сынды ағаларымыздың жұлдызы жарқырап, сахнаның төрінде жүрген шағы еді. Оларды көріп, біз де осындай болсақ деген асқақ арманмен консерваторияда білімімді жалғасырдым. Дәстүрлі ән класында қазақтың біртуар әншісі Сәуле Жанпейісова апайымыздан төрт жыл бойы тәлім алдым. Студенттік кезімде Берік Жүсіпов, Рамазан Стамғазиев, Ержан Қосбармақов сынды ағаларымыздан үлгі алып, бой түзедім. 4-курсымда Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясына жұмысқа орналастым. Ол уақытта мекемені Алтынбек Қоразбаев басқарған еді. Сол кісі мені жұмысқа қабылдап, 2000 жылдардан бастап сахнаға араластым. Бүгінде 21 жыл бойы осы қара шаңырақта қызмет етіп келе жатырмын.
— Керемет. Ал әнші болғаныңызға өкінген сәттеріңіз болды ма?
– Өнердің қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Барлық әншінің бағы бірден жанбайтыны белгілі ғой. Ол үшін тынбай еңбек етіп, ұзақ ізденісте болу қажет. Материалдық жағдай да рөл ойнайды. Сіздің сахналық киіміңізге, дауыс жазуыңызға, бейнебаян түсіруіңізге қомақты қаржы керек. Осы тұрғыдан қиналмады емес, қиналдым. Бірақ өнерден кетіп, басқа жерге барып жағдайымды дұрыстап алайын деген ой болған жоқ. Барынша шыдамды болып, сабырға келдім.Филармония ұжымы бастапқы уақытта бейнебаян түсіруіме қол ұшын созды. Менің репертуарымды өздеріңіз жақсы білесіздер. Дәстүрлі әндерді халықтың санасына сіңіріп, дәріптеу үшін ұзақ уақыт керек. Олар бірден хит болып кетпейді. Десе де, шүкір, ешкімнен кем болмадық. Қазіргі таңда халық танып-біліп, ақ баталарын беріп жатады. Әнші болғаныма өкінген емеспін. Кейбір журналистер «Барлығын басынан бастау мүмкіндігі берілсе, қандай мамандықты таңдар едіңіз?» деп сұрап жатады. Мен әрқашан «Шүкір, өнерден несібем кем болған жоқ. Қайтадан осы саланы таңдар едім» деп жауап беремін. Себебі әндерім арқылы жүрегім тынышталады.
– Бүгінде дәстүрлі әндер жеткілікті деңгейде бағаланып жүр ме?
– Қазір домбырамен айтылатын әндер халықтың сұранысына ие болмай, белгілі бір орталарда ғана шырқалып жүргені жасырын емес. Бұл да заманға байланысты деп ойлаймын. Дегенмен, дәстүрлі ән – өз деңгейінде дамып келе жатырған сала. Оған үлкен өнер ордалары айғақ. Бүгінде Қазақстанның кез келген қаласында бір-бір музыкалық колледж бар. Жыл сайын біршама жас «дәстүрлі музыка өнері» мамандығын бітіріп шығады. Олар гастрольға шығып, халықтың әнге деген сағынышын басып жүр. Бізге айтылатын сын-сұрақтар көп. Халық жиі «Неге олар эстрада жұлдыздары секілді жарқырамайды, неліктен зал толық болмайды?» деп сұрап жатады. Ең алдымен, дәстүрлі ән - классикалық өнер. Өресі бар, саз бен әуенді түсінетін тыңдармандарымыз баршылық. Концерттер қойылып жатыр. Өз тарапымнан мемлекеттік жәнешоу концерттерде ұлттың ұлт екенін көрсетіп, концерт шымылдығын дәстүрлі әнмен түрсе екен деген ұсыныс білдіремін. Жалпы қазіргі таңда халық тек эстрада әншілерін тыңдайды ғой. Ол әндермен ұрпақты тәрбиелей аламыз деп ойламаймын. Дәстүрлі әндегі философия, мәдениет, қазақилық, айтылатын ой біздің ұрпаққа керек. Ал мен орындап жүрген форматталған, заманауи үлгідегі дәстүрлі әндерге сұраныс бар. Оны менің концерттерімнен байқауға болатын шығар. Шақыртулар жиі түседі, көптеген жобаларда төбе көрсетіп жүрмін. Алдағы уақытта дәстүрлі әндерді Ғалымжан Жолдасбай, Айгүл Қосанова, Айгүл Елшібаева, Рамазан Стамғазиев сияқты ұлттық бояуын көрсетіп орындайтын жастарымыз көбейеді деген сенімдемін.
– Қалың көпшілік «бүгінгі ән мен әуеннен мән кетті» деген пікірде. Осы орайда сіздің де көзқарасыңызды білсек.
– Иә, эстрада әндеріне жиі сын айтылып жатады. Ғұмыры көп болса бір-екі жылға созылатын әндердің қарасы көбейіп кетті. Оған біздің жастар да әуес болып алды. Бір жағынан, бүгінгі сахнада оқымаған әншілер толып жүр. Ортаңқол, әуесқой сазгерлерге барып, билететін әндерді жаздырып, орындап жүргендер көп. Жеңіл-желпі әндер білімнің жоқтығынан, деңгейдің төмендігінен дүйім жұртқа таралып кетіп жатыр. Өнер адамы мағынасы бар, халыққа музыкалық деңгейді көрсететін дүние ұсынуы қажет. Біз бұл тұрғыдан алғанда ақсап тұрмыз. Әрине, жақсы әншілеріміз де жетерлік. Десе де, соңғы уақытта жазылған әндер «сүйем, күйем»-нің төңірегінен шықпайтын болып кетті..
– Болашақта продюсер болу ойыңызда бар ма?
– Продюсер – өз алдына бөлек бір мамандық. Оның бірнеше жанры бар: жаңалық ойлап табу немесе дайын материалды сату; өз ақшасын салып, біреуді көтеру. Мен бұлардың ешқайсына араласып жүрген жоқпын. Бәлкім, араласпайтын да шығармын. Бүгінде өзімнің жеке студиям болғандықтан, екі-үш балаға көмектесіп, концерттерімде өнер көрсетулеріне жағдай жасап жүрмін. Бұл продюсерлік деуге келе қоймас. Оны жай ағалық қолдау ретінде түсінсеңіздер болады. Әзірге кәсіби продюсер боламын деген жоспар жоқ. Қазір менің балам режиссерлік бөлімде оқып жатыр. Мүмкін, студиямды продюсерлік орталыққа айналдырармын. Ол енді уақыттың еншісінде.
– Ұлыңыздың өнер жолында екенін айтып қалдыңыз. Бастапқы кезде таңдауына қарсылық білдірген жоқсыз ба?
– Балам бірінші «актерлік өнер» мамандығын таңдады. Мен қарсы болмай, таңдау құқығын өзіне бердім. Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжін бітіріп шықты. Кейін оқуын жалғастырып, режиссерлік бөліміне түсті. Негізі кинорежиссураға барғысы келген, бірақ телережиссурада орын болғандықтан, сол мамандыққа түсті. Қазіргі таңда жұмысын оқып жатқан мамандығы бойынша жалғастырмақшы. Біз ешқандай шектеу қоймадық. Өзім де өнердемін. Бұйырса менің я орталықтың бейнебаяндарын түсіріп, өзінің өнерін шыңдайды деген сенімім бар. Мүмкін кино саласына да барып қалар. Ол таланты мен талабына байланысты.
– Жарыңыз Фарида Айниязованың да өнерге жақын екенін білеміз. Болашақта дуэт көріп қалуымыз мүмкін бе?
– Фаридамен өнердің арқасында таныстым. Екеуміз колледжде бірге оқыдық. Ол ұстаздық жолды, ал мен сахнаны таңдадым. Жарым сахнаға шыққан емес. Мен де шық деп айтпаппын, ол кісі де шыққым келеді демепті. Жолдасым – күйші, үйде ән айтатыны бар. Әзірше дуэт болмайтын шығар. Оның үстіне жақсы жаңалық күтіп жүрміз. Алла бұйырса сәбилі болып жатсақ, бала тәрбиесімен отырады ғой. Жақын 2-3 жылда ондай жоба бола қоймас.
– Жақсы жаңалықтарыңызбен құттықтаймыз! Бұйырса араға 21 жыл салып, тағы бір мәрте әке атанбақшысыз. Бұл аз уақыт емес. Адамның шыдамы мен сабыры сыналатын кезең деп айтсақ та болады. Ұзақ жылдан бері сәби күтіп жүрген отбасыларға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
— Біраз уақыт қазақтың ырымын ұстанып, жаңалығымызды жасырып жүрдік. Әрине, бұл сәбиді ұзақ күттік. Шыдау керек болды. Өзімізді көп сынадық, іздендік. Жеңгелеріңіз бірақ уақыт емделді. Сәби сүйе алмай жүрген жандарға ешқашан үміт ізбеңіздер дегім келеді. Болмады екен деп отбасыны бұзуға болмайды. Жастарға сабыр тілеймін. Барлық отбасы үбірлі-шүбірлі болып, көбе берсін!
– Осы орайда елімізде болып жатқан ахуалға тоқталып кетсек. 1 ақпан күні жаппай вакцинациялау басталғаны барлығымызға мәлім. Екпе алуға қалай қарайсыз?
– Оң көзқарастамын. Жалпы сауатты, көзі ашық адам ретінде екпе алуды қолдаймын. Вакцинаны қабылдауға білікті мамандар мен Денсаулық сақтау министрлігі кеңес беруде. Осы тақырыпты достарымыздың арасында талқылаған кезде де жақсы ойда екенімді айтып отырамын. Өйткені бұл ауада жүрген індет, оның қашан және қай уақытта жұғатынын ешкім білмейді. Әлбетте, коронавирустан қорғануымыз қажет. Әзірге егілмедім, алдағы уақытта шақырып жатса, ойланатын дүние деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!
Әңгімелескен Диана АСАН,
«Адырна» ұлттық порталы