Зейін Әліпбек: Өз мәселелерімізді өзіміз шешпесек болмайды

2332
Adyrna.kz Telegram

Осыдан екі ай бұрын елімізде Бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадио хабарларын тарату қызметкерлерінің «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағы» құрылғанын хабарлаған едік. «Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты ұйым төрағасы, белгілі журналист Зейін Әліпбекпен болды.

Зейін мырза, бүгіні кәсіподақ өзінің айтарлықтай ықпалын жоғалтып алған жоқ па?

– Әңгіме еліміздегі жалпы кәсіподақ туралы болса, оларды пәрменділігін жоғалтып алды дегеннен гөрі өз құзыретін тиімді пайдалана алмай отыр деген дұрыс па деп ойлаймын. Бүгінгі кәсіподақтардың дені шипажайларға бағасын арзандатып жолдама беру, жаңа жылдық тәттілер тарату, мерекелік жиындар өткізу секілді дүниелермен шектеліп отырғандай көрінеді кейде маған. Ал, анығында кәсіподақтың құзыреті өте үлкен. Мәселен, кәсіподақтар барлық деңгейдегі мемлекеттік билік органдарымен, жұмыс берушілермен және олардың бірлестіктерімен, саяси партиялар мен өзге де қоғамдық ұйымдармен тең құқылы өзара қарым-қатынас жасай алады. Тиісті мемлекеттік органдарға еңбекақы төлеу, жұмыспен қамту, еңбекті қорғау, экологиялық қауіпсіздік және әлеуметтік-еңбек қатынастарына қатысты мәселелер бойынша заң жобалары мен өзге де нормативті құқықтық актілерді әзірлеу және қарау туралы ұсыныстар енгізу құзыреті бар. Неге осы мүмкіндіктерді пайдаланбасқа? Бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадио хабарларын тарату қызметкерлерінің «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағы өзінің заң аясындағы осы мүмкіндіктерін толығымен пайдалануды көздеп отыр. Бұл – мәселелерді жүйелі түрде шешуге жол ашады.

– «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағын құруға не түрткі болды? Қалай құрылды?

– Шерхан Мұртаза ағамыздың «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген әйгілі әуезесі әлі күнге дейін өзекті. Өздерінен көмек сұрап келген адамдардың мәселелерін шешіп беріп жүретін тілші қауымның өздерінің әлеуметтік түйіндері тарқатылмаған. Әріптестеріміз тұрғын үймен қамту мемлекеттік бағдарламаларымен үй алу мүмкіндігінен жылдар бойы қағылып келеді. Мемлекеттік идеологияны жүзеге асырып келе жатқан журналистердің елімізге сіңген еңбегі ерен емес деп кім айта алады? Журналистердің мәртебесі айқындалмағандықтан осындай олқылыққа жол берілді. Бұл - бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне жасалған әділетсіздік секілді сезіледі. Сондықтан, баспана – журналистердің бүгінгі басты мәселесі. Қазір әріптестеріміз мәдениет, спорт және байланыс саласына қатысты түрлі кәсіподақтар құрамында, әрқайсысы әр жақта жүр. Бұл - кезіндегі министрлік құрылымының әр жылдары өзгеріп отыруына байланысты болса керек. Әлбетте, әр сала өз қызметкерлерін ғана ойлайтыны мәлім. Міне, осыдан келіп журналистердің баспанадан басқа да көптеген әлеуметтік мәселелері шешілмеген күйі келе жатыр. Бүкіл тілші ағайынның барлығының басын қосып, қиындықтармен бірге күресуге мүмкіндік беретін жеке салалық кәсіподақтың қажеттігі байқалды. Кәсіподақты құруға түрткі болған нәрсе – осы. Мұндай ой бұрыннан жүретін. Осындай кәсіподақ құрылып, оған жетекшілік жасау ұсынылғанда бас тартпадым. Себебі, бұл – мен үшін журналистердің басындағы түйткілдерді тарқату жолында әрекет етуіме беріліп отырған мүмкіндік.

Бұл кәсіподақ алдына қандай мақсаттар мен міндеттер қойып отыр?

– Бір сөзбен айтар болсақ, журналистердің әлеуметтік-құқықтық мәселелерін шешуге атсалысуды мұрат етіп отырмыз. Әріптестеріміз үшін сапалы медицинаның қолжетімді болғанын қалаймыз, спорт нысандарына бару мүмкіндігінің артуын дұрыс көреміз, дұрыс демалып, санаторийлерде жұрт қатарлы ем алғанын жөн санаймыз, театр мен музей секілді мәдениет ошақтарына баруына жолдың кеңінен ашылғанын құп санаймыз. Жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыруды, отандық және шетелдік сарапшыларды тарта отырып журналистерге оқыту курстарын өткізуді, «Жас журналистер мектебі» жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

Осы уақытқа дейін журналистер көбіне қандай арыз-шағымдармен көмекке жүгінді?

– Кәсіподақтың құрылғанына көп болған жоқ. Сондықтан болар, әл-әзір нақты жұмыс берушілерге байланысты көмекке жүгіне қоймады. Қол ұшын беруді сұрап жатса көмек қолын созуға дайынбыз. Тиісті мамандарымыз бар. Заңгерлеріміз кеңес беруге әзір.

Жұмысшы мүддесін қорғауда алда тағы қандай шаралар атқарылмақ?

– Журналистерге арнап еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша қысқа мерзімді курстар өткізуді жоспарлап отырмыз. Онда төтенше жағдай, техногендік апат, әскери әрекеттер кезінде жұмыс істеу тақырыптары қамтылатын болады. Сонымен қатар, заң шығарушы және атқарушы органдарға БАҚ және телерадиохабарларын тарату қызметкерлерінің жұмысының қауіпсіз болуына кедергі келтіретін заңдық кедергілерді жоюға қатысты ұсыныстар әзірлемек ойымыз бар.

Кәсіподаққа қалай кіруге болады?

– Қазір кәсіподаққа онлайн кіруге болады. Кәсіподақтың www.baqko.kz ресми сайты арқылы өтініш жазса жеткілікті. Ал, негізі кеңсеміз Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазмедиа орталығында. Мекенжайы – Қонаев көшесі, 4-үй. Басқа кәсіподаққа мүше бола алмайды. Жарна мөлшері заңға сәйкес - еңбекақының 1 проценті. Фрилансерлер 0,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жарна төлейді. Зейнет жасындағы адамдар мен студенттер жарна төлемейді. Бүкіл әріптестерімді бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл кәсіподағына мүше болуға шақырамын. «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағына бірігейік. Өз мәселелерімізді өзіміз шешпесек болмайды. Оған мүмкіндік жеткілікті.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер