Ыстамбұл көшелерінің біріне Абай есімі берілді

864

Ыстамбұл даңғылдарының біріне қазақтың ұлы ағартушысы Абайдың есімі берілді, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Бұл туралы Түркияда тұратын қазақ диаспорасының кездесуі кезінде белгілі болды. Ыстамбұлдағы қазақтардың көбі Зейтинбурну аймағында тұрады. Диаспора өкілдері үнемі кездесіп, қаланың әлеуметтік өміріне белсенді қатысады. Ыстамбұлдағы Қазақстан консулдығы ұйымдастырған соңғы кездесу аясында өткен ғасырдың 50-ші жылдары Түркияға қоныс аударған қазақтардың ұрпақтары жиналды.

"Бүгінгі кездесуде көптеген маңызды мәселелер талқыланды. Ыстамбұлда тұратын жергілікті қазақ жастары консулға өз сұрақтарын қойды. Ал біздің ай сайынғы "Қазақ елі" журналымыздың кезекті нөмірін Абайға арнады. Мұндай кездесулер жалғасады деп үміттенеміз", - деді түрік қазақтары бірлестігінің басшысы Ертолқын Ғайретуллах.

Телеарна атап өткендей, Түркия тұрғындары Абаймен жақсы таныс. Әр түрлі қалаларда ақынның құрметіне көшелер мен саябақтар аталған. Ақынның есімі Ыстамбұлдағы мектептердің біріне берілген. Сонымен қатар 4 күн бұрын Анталияда Абай ескерткіші ашылды. Ал енді Ыстамбұлдағы үлкен даңғылға Абай есіме берілді. Тағы атап өтетініміз, диаспора өкілдері үшін қазақ тілінен қосымша курстар енгізілуде.

"Мен Ыстамбұлда туып-өскен қазақпын. Сондықтан мен үшін қазақ тілін үйрену өте маңызды. Біз осындай кездесулерді жиі өткізуге келістік. Егер біз үнемі кездесіп отырсақ, ана тілімізді үйреніп, бірлігімізді нығайта аламыз", - деді Ыстамбұл тұрғыны Гаппар Орхун Ақдаг.

Ыстамбұл сияқты үлкен қалада Абай құрметіне көше атау оңай шаруа емес. Анкарадағы Қазақстан елшілігі мен Ыстамбұлдағы консулдықтың күш-жігерінің арқасында бұл мәселе тез шешілді.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар