Бүгін, 8 мамыр күні Германияда Еуропадағы екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуына және Германияның ұлттық социализмнен азат етілуіне арналған ресми еске алу шаралары өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі DW-ге сілтеме жасап.
Таңертең бес конституциялық биліктің басшысы Берлинде орналасқан Кайзер Вильгельм мемориалдық шіркеуінде ғибадат етті. Рәсім аяқталғаннан кейін федералды президент Франк-Вальтер Штайнмайер, Германияның жаңа канцлері Фридрих Мерц, Бундестаг төрағасы Джулия Клекнер, Бундесрат төрағасы Анке Релингер және Федералдық конституциялық кеңестің төрағасы Штефан Харбарт Германиядағы соғыс және тирания құрбандарына арналған бас мемориал — «Нойе Вахеге» гүл шоқтарын қойды.
Берлин уақытымен 12:30-да (Астана уақытымен 15:30 — ред.) Бундестагта «Еске алу сағаты» басталды. Депутаттар алдында сөз сөйлеген Франк-Вальтер Штайнмайер антигитлерлік коалиция елдеріне алғысын білдірді.
«Бүгін, 80 жыл өтсе де, біз нацистік режимді жеңу үшін бар күшін салып, көптеген құрбандыққа барған одақтас әскерлер мен Еуропадағы қарсыласу қозғалыстарына шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз! Америкалықтарға, британдықтарға, француздарға және олармен бірге нацистік террорға қарсы күрескен барлық жанға алғыс айтамыз. Сондай-ақ Қызыл Армияның, орыстардың, украиндардың, белорустардың және оның құрамында соғысқандардың үлесін мойындаймыз. Бұл армияның кемінде 13 миллион солдаты және сонша бейбіт тұрғыны қаза тапты»,— деді Германия мемлекетінің басшысы.
Айта кетейік, Жеңіс күнін батыс елдері 8 мамырда, Ал ТМД елдері 9 мамыр күні тойлайды. Бұған уақыт айырмашылығы себеп болған.
Биыл Франция Еуропадағы Жеңіс күнінің 80 жылдығын кең көлемде атап өтуді шешкен. Бүгін Париж бен Нормандияда әскери парадтар, авиациялық шоу және президент Эммануэль Макронның қатысуымен Триумфаль аркасының жанында мәңгілік отты жағу рәсімі өтті.