Мәңгі қазақ каледарын енгізуіміз керек!

3198

Д.А. Қонаев атындағы университеттің құрметті профессоры, Халықаралық Акмеологиялық ғылымдарының академигі (Санкт-Петербург қ.), Кеңес үкіметінің өнертапқышы, «Мәңгі қазақ календары» атты патенттің иесі, 2020- жылы шілде айының 20-сы күні Оңтүстік Африка елінде ағылшын тілінде «Unified, Constant Calender» («Мәңгілік, тұрақты күнтізбе») деген атпен жарық көрген ғажап туындының авторы, халықаралық Платон сыйлығының иегері, Халықаралық акмеологиялық Ғылым Академиясының (Санкт-Петербург) академигі, бұрынғы Кеңес Одағының өнертапқышы және ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Сайлыбай Бекболатовтан жай күндері біз мән бере бермейтін күнтізбенің сыры мен қыры туралы сұхбаттасудың орайы түсті. Ендеше сүбелі әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз.

 

Жетістігі: 

Сайлыбай Бекболатов 2014-жылы білім мен ғылым саласындағы жетістіктері үшін халықаралық Платон сыйлығымен марапатталған еді. Сосын, дәл сол жылы қазақтың ғұлама ғалымы Сайлыбай Бекболатовтың ширек ғасыр бойы тер төгіп, үзбей жүргізген терең ғылыми ізденістерінің нәтижесінде қол жеткізген тұрақты да мәңгілік 13 ай / 28 күндік күнтізбесінің тұсауы Халықаралық Өнер, Коммуникация, Ғылым және Технология Конгресінің Англиядағы Кембридж университетінде өткен кезекті жиынында кесіліп, сол салиқалы конгреске мүше 40 мемлекеттің айтулы ғалымдарының тарапынан жаппай қолдау тауып, бірауыздан мойындалған болатын. Сонымен қатар, дәл сол жиында қазақтың мәртебелі ғалымы Сайлыбай Бекболатов аталмыш халықаралық конгрестің вице-президенті әрі сол ұйымның Еуропа бойынша бас директоры болып тағайындалды және Кембридж қаласында орналасқан әлемдегі ең үздік ғалымдардың биографияларын жариялайтын Халықаралық Биография Орталығының марапатына ие болды.

- Күнтізбе мәселесін зерттеп жүргеніңізге қанша жыл болды?

- 25 жылдай болды. Бұны есептеу қиынға соқпады. Десе де құжаттық тұрғыда реттеп, оны біздің жүйеге енгізу әзірше мүмкін болмай тұр. Неге? Себебі жүйесізбіз. Жүйесіз деген сөз жүгенсіз деген сөзбен пара-пар. Жүйемен жүрудің орынына 2000 жыл бұрынғы Юрий Цезарь патшаның дегенімен кеткенбіз. Бұның астарында қып-қызыл жағымпаздық жатыр. Бұрын қазақ сөзге тоқтаған. Ал қазір сөз ғана емес, қолында қағазың, оның қасында бейнежазбаң болуы шарт. Соның өзінде дәлелдеу оңай емес. Егер қазақ күнтізбесімен жүретін болсақ, талай дүниені өзгертер едік. Қазақилана түсер едік.

- Біз өмірде көріп жүрген кей қарапайым дүниелердің қайдан шыққанынан бейхабармыз ғой. Соларға тереңінен бойлайықшы. Тәулік, апта деген сөздер қайдан шыққан? Бұл атаулар неге негізделіп қойылған?

- Жердің өз осінен толық бір рет айналған уақытты тәулік дейді. Тәулік деген ат соған ғана берілген. Тәуліктің екі өлшемі болады, үлкен өлшемі және кіші өлшемі. Ол өлшемдер қайдан шығады деп ойлайсыз? Әрине, тәуліктен шығады. Кіші өлшемі – сағат, минут, секунд, ядорлы уақытқа дейін барады. Сондықтан біз бір бөлшегі болғандықтан табиғаттың жаратқандай есебі керек. Табиғат бүкіл уақытты, бүкіл өлшемді жермен қорғайды. Кіші өлшемдер кішкентай дүниелерді білу үшін ғана керек. Ал үлкен өлшем тәуліктен жоғары. Оған апта кіреді. Апта деген сөздің өзі төрт-ақ әріптен құралып тұр. Апта деген сөз «бата» деген сөздің баламасы іспеттес. Себебі жетінші күні ата-балаларымыз Жаратушыдан бата сұрайтын болған. Тәңір 6 күнде жер мен көкті жаратқан. Жетінші күнге келгенде Жаратушы ойға алған жұмыстың бәрі тәмамдап, демалған. Содан 6 күн Жаратушы секілді жұмыс істеп, жетінші күні демалу деген үрдіс осыдан қалыптасқан. Аптаның орысшасы «неделя». Бір сөзге бүкіл түсінікті кіргізу өте қиын. Сондықтан Тәңір әр тілде берген. «Неделя» деген сөз «не дели» деген сөзден құралған. Бөлінбе, бір тұтас бол, бірік деген мағынаны білдіреді. Жарайды, мен бөлінбесем, біртұтас болсам жеті деген сөз қайдан шыққан? Жеті деген сөз батадан туған. Әр жеті секунд сайын әр кішкене бөлшектің өзі батамен жаратылып отырған. Миллиардты доли секундта бөлшектер пайда болады. Бір тәулікте микро пайда болады. Ал адам баласының жатырында жатқан ұрпақ апта сайын өзгеріп отырады. Міне, тәулік пен апта деген ұғымдардың мәнісі осыдан шыққан.

- Ал 1 жылда 12 ай бар деген ұғым ғылыми тұрғыда дәлелденген ұғым ба?

- Ай 1 жылда жерді 13 рет айналады екен. Күн 1 жылда 13 шоқжұлдызынан өтеді. Сондықтан «1 жылда 13 ай бар» деген ұғым табиғатта бар дүние. Бір таңқалатыным, цирк аренасы бар емес пе, соның диаметрі 13 метрді құрайды. Одан жарты метр асып не кеміп қалса құлап қалады екенсің. Протон мен нейтронның ара қашықтығының өзі 10-ның -13 сантиметр дәрежесіне тең. Бұл дегеніміз тартылыс күші мен кері итеру күші жұмыс жасайды деген сөз. Міне, көрдіңіз бе, ядро сондықтан мәңгі өмір сүреді. Бүкіл жаратылыс 13-ке тіреліп тұр. Бұны өзге біреуге айтсаңыз, алдыңызға жүгіріп кетеді. «Өй, 13 ай дегенді білмейді деймісіз? Шумерлерде, Маяларда 13 ай болған» деп кісімсиді. Ал қалай болған десең, тереңінен білімдері жетпейді. Біз шындықты адамдардан, ғалымдардан, имамдардан, құраннан т.б жерлерден іздеп әлек боламыз. Ал шындықтың бәрі табиғатта. Тәңір тіптен есептің өзі, күн мен жердің не үшін айналып тұрғанын есептей алу үшін берген ғой.

- Түсінікті. Ал 1 тәулікте 24 сағат ұғымы ше?

- Егер есепті 0-ден бастап есептесең, көлденең сызықпен тік сызықтың қиысқан жері кординат деп аталады. Ал вертикал – ол меридиан. Яғни солтүстік полюста сағат 12 болса, оңтүстікте де 12 деген сөз. Уақыт та өзгермейді, аты да өзгермейді. Егер бұған цифр қоятын болсақ, нөлдік сызықтан басталады. Бір тәулікте 24 сағаттық пояс болады. Бастапқы 1 белдеуі нөлдік белдеу деп есептеледі. Нөлдікті сағаттық пояс деп бүкіл әлем қабылдап қойған. Демек сағаттық белдеуді есептейтін болсақ, 23 сағат қана болып қалады. Сондықтан оған нөлдікті қосып, 24 сағатқа айналдыра аламыз. Нөл санға кірмейді, цифрға кіреді. Санда 0-дер есептелмейді.   Сызықта нөл деген атақ бар. Демек барлық өлшем нөлден басталатынында дауымыз жоқ. Егер бұны айға бөлсек, бір белдеудің өзі бір айға тең болады.

- Әр мемлекетте күннің шығуына байланысты сағаттар өзгеріп отырады ғой. Бұларды сонда ескермеу керек пе?

- Бұның бәрі меридианға байланысты. Егер Мәскеу меридианыңда тұрсаң, ол жерде 3 сағаттық айырмашылық бар. Сен қай жерде тұрып есептесең, сол уақытқа сай болады. Күннің кейде қызарып, ұзарып тұратыны күннің көтеріліп, түсіп тұратынына байланысты ғой.

- Әр ай сайын күн саны өзгеріп отырады. Бұл адамдардың өмір сүру салтына ыңғайсыз секілді. Сіз қалай ойлайсыз?

- Егер 1 жылда 13 ай бар деп есептесек, бір айда 28 күн болады. Табиғатта айдың саны әр түрлі 28, 29, 30, 31 күн болып өзгереді. Ақпан айында 28 күн бар. Оның 2 күні қайда кетіп қалғанын ешкім білмейді. Демек бұл әйел адамның физиологиясымен тікелей байланысты. Қай айды алсақ та алғашқы 14 күнінде ай толады, 14 күнінде солады. Бүкіл әлемде 12 немесе 13 күнде ай толды деген сөзді естіп көріп пе едіңіз? (Күліп алды) Фаза деген не? Фаза деген айға түскен тілік. Ол тіліктің де саны 28. Қазіргі біздің 30, 31 күндік есептеуімізге күлкім келеді. Мысалы, сіз аптаның дүйсенбі күні дүние есігін ашсаңыз, келесі жылы аптаның басқа күні болып өзгере қалады. Бұл сіздің ше, дұрыс па?

- Егер 1 жылда 13 ай болатын болса, 4 мезгілді қалай қыламыз? 1 мезгілде 4 айдан болып кетеді ғой?

- Бүкіл қатенің бәрі нөлден басталған. Нөлдік нүкте бір жылдың құпиясы. Сондықтан 365 тен 0-ді алып тастасаңыз 364 күн қалады. Яғни 0–1-ге тең болып тұр. Екіге бөлсең, 182 шыға келеді. Сонда бір мезгілдің бір айы көп болмайды. Бір ай әр мезгілге бөлініп кетеді. Яғни 13 апта, 1 тоқсан.

- Бабаларымыз ай туған сайын айға сәлем берді. Сіздің ше, сол дұрыс па?

- «Жаңа ай жарылқа, ескі ай есірке» деп барлығы айтады ғой. Демек сол уақытта тілектер қабыл болу мүмкіндігі арта түседі. Бұның ешқандай артықшылығы жоқ. Сен үшін қызмет істеп тұрған ай мен күнге рақмет айту керексің, сәлем беру керексің, құрметтеу керексің.

- Демек біз әлі де табиғатты тани түсіміз керек қой?!

- Күнтізбені бір рет енгіздік пе, ақырзаманға дейін өзгермейді. Жылда күнтізбе қайталана береді. Неге? Нөлден басталады, нөлге қайтып келеді. Мәселен, мемлекеттік бір мейрам болды делік. Ол жұмыс күніне түсетін болса, сіздің жексенбі күніңізді жұмыс күніне ауыстырады да, жұмыс күнін демалысқа айналдырады. Бірақ Жаратушы ісіне қарсы келіп жатқанын білмейді. Ал осы 28 күндік күнтізбе енетін болса ешқандай шатасу, күндерді ауыстыру болмас еді.

- Енді қараңыз, мемлекет журналистер күнін шілде айының соңғы аптасы деп қояды. Бірақ елдер журналистер күні қай күн екенін ұқпай, шатасып жүреді. Осылай мерекелік күнтізбелерді қойған дұрыс па?

- Егер бұрынғы күнтізбені алатын болсақ, бір айда төрт апта болады. Бұл сіздің төрт құбылаңызбен тең. Айдың бірі-дүйсенбі, екісі-сейсенбі. Немесе 10 жылдан кейін Америкаға баруды жоспарлап отырсаңыз, күнтізбесіз-ақ аптаның қай күні баратыныңызды біліп аласыз.

- Сонда біздің Наурыз мерекесі нөлдік уақытқа жата ма?

- Біздің күн мен түн теңелген уақыт нөлдік уақыт екенін бүкіл әлем қабылдап, мойындап қойған.

- Олай болса күнтізбе неге өзгермейді?

- Бәрі ғылыми негізде дәлелденген. Бірақ соны өзгерту жоғарғы жақтағылардың мойнында.

- Күнтізбеден тыс сұрақ қойсам сізге?! Аруақ дегенге сенесіз бе?

- Аруақ деген бар. Біз әу бастан көзбен көрген, қолмен ұстаған дүниені қабылдай алдық та, көрмегенді жоққа теңедік. Сен дұрыс жүрсең, аруақ сені желеп-жебеп жүреді. Сондықтан ата-бабамызға құран оқып, дұға бағыштап отыру керек. Бұл қазақта ғана бар. Неге? Себебі қазақ деген сөздің өзі 5-ақ әріп. Ортасында «з» әрпі тұр. З-ны санға айналдырсақ, 7 дегенді білдіреді. Ал жеті – қасиетті сан. Демек қазақтың тілі, қазақтың үні, қазақтың өзі – қасиетті. Бір кездері маған қазақ тілі керек пе, жоқ әлде басқа тілге ауып кетейін бе деп зерттеген едім. Сөйтсем табиғаттың өзі маған қазақ тілі деп сайрап тұр екен. Ол қалай дейсің бе? Табиғаттағы химиялық элементтер, атом, ядро, протон, нейтрон қазақтың тілінде ғана сөйлейді. Тіптен БҰҰ-да да 6-ақ тіл бар-етін. Сөйтсек жетінші тілді қазаққа қалдырып қойған екен.

Қайрат ЗАУЫТБАЙҰЛЫ: Қазақ күнтізбесін жарыққа шығару - азаматтық позициям!

Нидерланд корольдігіндегі Лейден университетінің профессоры Абеков Қайрат Зауытбайұлы күнтізбе мәселесінің жағымды жаңалықтарымен бөлісті.

- Қазақ күнтізбесінің мәселесіне қашаннан бастап кірісе бастадыңыз?

- «Бордақылау алаңының жетістіктері» туралы материалдар жинап жүргенмін. Сол уақта профессор Сайлыбай Бекболатов есімді азаматтан шаруашылық жөнінде ақпараттар жинаймын деп бардым. Сөйлесе келе, «Мәңгі қазақ календарын» патентке ұсынғанын естідім. Маған бір кітабын сыйға тартты. Ол кітапты 10 күнде түгел тауысып, бұл кісімен тағы кездесуге бел байладым. Ендігі әңгімеміз «Мәңгі қазақ календарының» төңірегінде өрбіді. Содан бері табиғаттың заңдылығына дәлме-дәл келетін есептерін көңіліме түйіп, бұл жобаның маңызын түсіндім, кем-кетігін іздей бастадым. Бірақ іздеу барысында кемшілігі жоқ екенін ұқтым. Бірінші күнінен соңғы күніне дейін есептеуі дұрыс болып шықты. Дегенмен Кеңес үкіметі кезінен келе жатқан күн сайын немесе ай сайын өзгертіп отыратын күнтізбе халық арасында дәстүрге айналған. Сол күнтізбеге қарап, жаңа күнтізбені сфералық түрде жасайық деген ой тастадым. Оның анимациялық нұсқасын жасатып, генетика, биология, география, химия, кванттық физика, экономика, финанс, астрономияға қатысы бар екеніне көзім жетті. Қазір соның алғашқы көріністері ақпарат көздеріне шығып жатыр. Сфералық жобаның түп қазығы қағылғанмен шарықтау шегі, зерттелер тұсы әлі алдыда деп ойлаймын. Халықтың көзқарасын сфералық түрде күнтізбе әзірлеп өзгерте аламыз ба деген үмітіміз бар.

- Сіздің жастарға деген қолдауыңызды естіп те, көріп те жүрміз. Ал қазақ күнтізбесіне қаржыңызды да, уақытыңызды да сарп етудесіз. Бұндай тәрбиенің өзегі қайдан келген?!

- Мен өзім Нарынқол ауданында туып өскенмін. Бізде 70 жыл бойы барлық іс-қағаздар тек қазақ тілінде жазылып келген. Айналамдағы адамдар, тәрбие бәрі қою қазақылықтың көріністерінен хабар беріп тұрды. Тіптен 1 жас айырмашылық бар адамдарды аға, әпке деп өстік. Сол қазақы тәрбие, қазақы көзқарас, қазақы мінез бүгінгі мені қалыптастыруға үлкен септигін тигізді. Қазақ күнтізбесін жарыққа шығару - азаматтық позициям деп түйдім.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

 

Сұхбаттасқан: Арман ӘУБӘКІР,

Дайындаған: Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар