Соңғы кездері Шымкент қаласындағы тұрмыстық қалдықтар (ТҚ) мәселесі өзекті тақырыпқа айналғандықтан, тұрғындардың комуналдық-тұрмыстық мәселелерімен айналысатын "ТАЗА ҚАЛА" қоғамдық бірлестігін құрған болатынмын.
Мүшелігінде тұрғын үй “Домкомдары" мен белсенді тұрғындардан құралған қоғамдық бірлестігіміз өз жұмысын "Тұрмыстық қалдықтар" мәселесін бейтараптықпен толық зерттеуден бастаған болатынбыз.
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов мырзаға біздің жүргізген зерттеу қортындымызбен танысу үшін жеке қабылдауына өтініш жасағанбыз. Алайда пандемия кезінде жұмыс графигінің тығыздығына әрі эпидемиялық талаптарға байланысты демалыс күндері бейресми жағдайда тұрғын үй ауласында бірлестік мүшелерімен кездесуге уәде берген.
Сол уағдаластық бойынша 2020 жылғы 25 шілдеде өзінің орынбасары мен ішкі саясат бөлімінің мамандарын ертіп келген М. Әйтенов мырзамен тұрғын үй ауласында жолығып, өзіміздің зерттеу қортындымызбен(толық дәлелдеріміз бар) таныстырып өз ұсыныстарымызды жеткіздік.
Зерттеу нәтижелеріміз:
Тұрмыстық қалдықтар (ТҚ) үйден шығып "Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу полигонына" жетемін дегенше бірнеше ЖШС фирмалардың қолынан өтеді.
ТҚ-ның уақытылы жиналмауының ең негізгі себептерінің бірі, осы салаға жауапты фирмалардың тұрғындар алдындағы ортақ жауапкершіліктерін терең түсініп, өзара ықпалдаса әрекет етудің мүлдем жоқ екендігін жеткіздік.
Мысалы: Тұрғындардан жиналатын қаржыға өмір сүретін, тек тұрғын үй ауласындағы "ТҚ контейнерлеріне" жиналған ТҚ-ды тасымалдаумен айналысатын фирмалар бар. Олардың міндеті тек біздердің үйден пакетпен алып шығып, ТҚ контейнеріне жиналған ТҚ-ты уақытылы алып кетіп отыру.
Бұл салаға жауапты фирмалардың жұмысына айтар сынның көбейгендігі жасырын емес. Шынында да бұл фирмалар өздеріне сеніп тапсырылған "Аманаттарына қиянат" жасап жүр ме? ТҚ контейнерлері неліктен көбіне толып, сыртында шашылып жатады?
Осыған байланысты мұның бірнеше себебін анықтадық:
1) Қаладағы тұрғын үйлерде тіркеуде тұрған тұрғындардың саны мен нақты тұрып жатқан тұрғындардың санының арасында орасан үлкен айырмашылық байқалады. Қаладағы ТҚ контейнері сол аймақтағы тіркеуде тұратын адамдардың санына байланысты есептеліп қойылады. (Мәселен, әр тұрғынға күндігіне 3 кг шамасында есептеледі). Соған байланысты тазалау кестесі жасалады.
а) Көбінесе бір мекен-жайда тіркеуде бір-екі адам тұрғанымен, нақты бір пәтерде 4-5 адам тұрып жатады. Сондықтан кесте бойынша алып кетуге дейінгі уақыттың жартысында ғана ТҚ контейнері толып, қайта тазалауға келгенге дейін толып сыртына шығып жатады.
б) Тіркеуде тұрған тұрғындардың өзі ТҚ-ды тасымалдаушы фирмалардың қызметіне төленетін қаржының тек 25% ғана төлейтіндіктен, фирмалар жиналуы тиіс қаржының 4/1-не қанағат етіп қызмет жасауларына тура келеді.
(Бұған тіркелмеген тұрғындарды қосыңыз)
в) Карантин кезінде азаматтар көбіне үйлерінде болғандықтан, тұрғын үй ауласындағы контейнерлерге қосымша жүктеме 2-3 есе көбейген.
г) ТҚ жинау графигінің жиілігін арттыруға жоғарыдағы көрсетілген себептердің жиынтығы кері әсер етіп жатыр.
2) Тікелей бюджеттен қаржыландырылатын тұрғын үй ауласын тазалаумен айналысатын ЖШС-де көбіне өз жұмыстарын тиісті деңгейде адал атқармағандықтан, аулаларда ТҚ жиналмай жатады.
Бұл фирмалардың бір-екі жұмысшылары әр кезде келіп аулаларды тазалағанымен, көбіне сол жинаған қалдықтарын өздерінің техникаларымен жинастырмай, тұрғындарға арналған ТҚ контейнерлеріне қайта салып кетеді (Бұл жөнінде де дәлелдеріміз толық бар).
Яғни, тұрғындарға арналған ТҚ жәшігімізге "ортақтасып", біздің қаржымызға өмір сүретін фирмалардың қызметін тегін пайдаланады. Бұл мәселенің бір қыры ғана...
Енді екінші қырына келейік. Мұндай фирмалар ауладағы сынған тал-жапырақтар секілді қатты қалдықтарды да жинайтын болғандықтан, ТҚ жәшігін салынған мұндай қалдықтарды тасымалдаушы фирманың көліктері ТҚ жәшігінен өздеріне салып қатты ағаштарды сығу процессі кезінде, гидравлика жүйелері шамадан артық қысымға шыдай алмай шлангалары жарылып т.б. ақауларға әкеліп, үйлердің ауласына гидравлика майларының ағуына, жинау кестесінің бұзылуына әкеліп соғады.
Осылайша бірінің зияны екіншісіне тиіп, соңында зардабын тұрғындар тартып жатады.
3) "ТҚ полигонына" байланысты:
Ол мекеме "Тұрмыстық қалдықтарды өңдеуші" мекеме болғандықтан, жинаушы-тасымалдаушы фирмалар апарып берген ТҚ-ды сорттап, өңдеп-сатумен айналысады. Бұл жерде де логикаға келмейтін мәселелер анықталды.
а) Бұл фирма өңдеп-сатумен айналысатындықтан, олар алдарына алып келген ТҚ-ты сату арқылы пайда тауып отыр. Яғни, оларға біреулер тегін "шикізат" әкеліп береді, олар оны өңдеп сатады.
Логикаға салсақ, сізге біреу Сіз өңдейтін шикізатты есігіңізге дейін әкеліп тұрса, сіз ол зат үшін әлгі тасымалдаған фирмаға ақша төлеуіңіз керек болады. Өйткені, сіздің фирманың өмір сүруіне қажетті "шикі затыңызды" тасмалдап отыр. Міне, қызықтың көкесі осы жерде басталады. "ТҚ өңдеуші полигон" алдына әкелген ТҚ-ды өздеріне өткізу үшін, тасымалдаушы фирмалар әрбір келісіне ақша төлеп келген.
Парадокс па?
Әрі ол фирмаларға түнде көлік кептелісі болмағандықтан, ТҚ-ды түнде тасымалдау ыңғайлы. Бірақ, "полигон" жекенің қолында болғандықтан, кейде "өздеріне жақпайтын (төбедегі қызық жағдаймен қарыз болып қалған т.б.)" фирмаларды түнде (кейде күндіз де) қабылдамай қояды. Мұндай кезде тұрғындар алдындағы ортақ жауапкершілікті сезіне алмағандықтан, ортақ ықпалдастықтың жоқтығының зардабын тұрғындар тартып жатады.
4) Қаладағы ТҚ жәшіктері орналасқан жерлердің көбінің мемлекеттік стандартқа сай болмауы. 80%-да мемлекеттік актілерінің (гос.акті) болмауы. (Бұрынғы орындары кезінде жекеге сатылып кеткен деген болжам бар. Анығын арнайы қызмет өкілдері анықтай жатар.)
Яғни, стандартқа сай орналаспаған жердегі ТҚ-ты алу үшін, тасымалдаушы фирмалар әдеттегіден көп уақыт жұмсайды. Өйткені, аулаларға кіріп-шығудағы, алу-жинаудағы, аулалардағы тұрғындардың қалдырған көліктерінің салдары т.б. кедергілерге әкеледі. Соның салдарынан келесі нүктенің тазалану кестесіне кері әсер етеді.
5) Тұрғындардың өзгелердің қызметін бағалауға салғырттығы.
а) ТҚ жәшігіне үйінен шыққан құрлыс заттарын, ескі орындық телевизор-тоңазытқыш сияқты қатты қалдықтарды да апарып тастауы.
б) ТҚ-ды жәшіктерге тастауға көбіне жас балаларын жұмсайтындықтан, олардың жәшіктің ішіне тастауға бойлары жетпегендіктен айналасына тастап кетуі.
в) Үлкендердің өзінің де ТҚ жәшіктеріне қарай алыстан пакеттерін лақтыра салатын жағдайларын жиі байқаймыз.
Осындай себептердің жиынтығы тасымалдаушы фирмалардың ТҚ жәшіктерін тазалау кезінде айналасына тасталған заттарды сорттап-жинауғада қаншама уақыттары кетеді және мұның салдарын тұрғындар өзіміз де көреміз.
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов мырзаға "Таза қала" қоғамдық бірлестігінің осындай бейтараптық зерттеулерімен таныстырып, осы бағыттағы өз ұсыныстарымызды да жеткіздік.
1) Әкімшілік ресуростарын пайдаланып ТҚ және ҚҚ (қатты қалдықтар) мен айналысатын фирмалардың ортақ мүдде үшін өзара ықпалдаса әрекет етулеріне міндеттеу;
2) Қаланың комуналдық-тұрмыстық мәселелері бойынша аптасына бір күнді белгілеп, тұрақты кездесіп атқарылып жатқан жұмыстар барысын талқылап отыру;
3) Тұрғындардың және өзгенің жұмысын бағалап, қаламыздың тазалығына үлес қосу әрбіріміздің ортақ міндетіміз екендігін сезіндіру бағытында "Шымкент қалалық ішкі саясат және Идеология" саласының мамандарымен бірлесе әрекет етуге,
(Осы бағытта Дом.ком-дардың қызметін жаңа деңгейге көтеру бойынша да бірлесе жұмыстар жасау бойынша);
4) "Таза қала" қоғамдық бірлестігінің осы бағыттағы зерделеу жұмыстарына қолдау көрсетіп, кеңсе (офис) мәселесін шешіп беруін ұсындық.
Қала әкімі біздің жүргізген зерттеулеріміз бен ұсыныстарымызды толық тыңдап, ТҚ мәселесімен толықтай таныс екендігін, қазіргі кезде осы бағытта әкімшілік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстары мен жоспарлары жайлы таныстырып, осы бағытта "Таза қала" қоғамдық бірлестігінің де атқарып жатқан жұмыстарына жоғары баға беріп, ұсыныстарымызды толық қолдайтынын білдірді.
Атап айтқанда:
1)ТҚ және ҚҚ-ды жинаушы, тасымалдаушы, өңдеуші фирмалардың арасында ортақ мүдде жолында ықпалдасып әрекет ету жағының ақсап тұрғандығы.
2) Тұрғындардың санына сол аумаққа арналған контейнерлер санының сай болмауы (Оның себебін жоғарыда көрсеттік).
3) Қала тұрғындардын мегаполистік мәдениетке бейімдеу бағытында Идеология және ішкі саясат мамандарымен бірлесе жобаларды зерделеп дайындауды,
4) Қазіргі қала әкімшілігіне қарасты ғимараттардың 70%-ға жуығы әлі де Түркістан облыстық әкімшілігіне тиесілі болғандықтан, бұл бағыттада белгілі қиындықтар барына қарамастан, біздерге кеңсе мәселесінде жолдарын қарастыруға уәде берді.
5) Комуналдық-шаруашылық саласының және басқада керекті сала мамандарымен аптасына бір рет кездесіп, ұсыныс пікірлерімізді талқылап тұруға болатындығын жеткізді.
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов мырзамен демалыс күні "галстуксіз" кездесуіміз де, осындай әкімшілік және қоғамдық ортақ мәселелені талқылап, қоғам алдындағы ортақ істерімізге сәттілік тілеп тарқастық.
P.S. Айтпақшы!
ЖКХ және әкімшілікке қарайтын фирмалар ауламыздағы қыстан қалған сынған ағаштарды жинап, ауладағы өскен шөптер оталып жатыр.
(Тиісті адамдар"сыбағаларын" алған-ау?!)
Пандемия кезінде көпшіліктің назарынан тыс қалып жатқан тұрмыстық қалдықтар саласын толық зерттегендіктен, тек осы сала бойынша сөйлестік. Осы зерттеулерімізге көмектерін ұсынып ашықтық танытқан "Орион" ЖШС-не алғысымызды білдіреміз.
Басқа салалар бойынша зерттеулеріміздің қортындысын дайын болғанда, өзге салалар бойынша да кездесеміз деген үміттеміз.
"Таза қала" қоғамдық бірлестігіне мүше болғысы келетін азаматтар болса, +7 702 275 20 10 байланыс нөміріне хабарласуына болады.
Рустем Ашетаев,
журналист, қоғам белсендісі