«Халық алдында жауап беріп барып кетуі керек еді». Экс-президентке арналған жетім сұрақтар

426
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Қазақ елінің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен кеткеніне 6 жыл толды. Жоғарғы биліктен өз еркімен кеткен ол ел құрметіне бөленіп, жақсы жиналса ортадан ойып алатын сүйкімді саясаткер бола алды ма?

Қазақстанды Совет одағынан бастап басқарған, бүкіл туған-туысқандарымен бірігіп елдегі ресурстарға иелік еткен Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурыздың 19 күні сағат 19:00-де ол үндеу жасап, мемлекет басшысы қызметінен кететінін мәлімдеді. Бірақ Қаңтар оқиғасы тұтанғанша өзіне арналған заңдар шығартып, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып отырып алды.

Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен 6 жылда өзін қалай ұстады? Сондай-ақ экс-президент елді жайлаған жемқорлық үшін жауапкершілікке тартылуы керек пе? Осы және өзге де сұрақтарды сарапшы мен экономиске қойдық.

МӘСІМОВ НАЗАРБАЕВТЫҢ ТАПСЫРМАСЫН ОРЫНДАДЫ МА?

Сарапшы Қазыбек Бейсебаев «Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен 6 жылда өзін қалай ұстады?» деген сұрақты қойғанда бірден Қаңтар қырғынын еске алды.

«Қолымызда нақты ресми мәлімет жоқ, бірақ Қаңтар оқиғасының артында кім тұр, сол айтылмай келеді. Ашық айтылмаса да қайғылы жағдайға Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысы бар деп ойлаймын. Нақтырақ айтсам, Қаңтар оқиғасына қатынасқандар экс-президенттің адамдары деп есептеймін. Яғни, қазіргі билікті орнынан алып, өздерінің адамдарын қойғысы келді. Бұған дейін «Елде мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырылды» деп айтылды емес пе? Біз бәріміз қазақ азаматы болып Қазақстанның саяси жағдайын жақсы білгендіктен төңкерісті ұйымдастырған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов дегенге сенеміз бе?» - деген саясаттанушы Мәсімовті Назарбаевқа берілген адам деп есептейді.

«Бұған дейін ол бір емес, бірнеше рет «Мен Назарбаевтың көмекшісімін және бола беремін» деп айтты. Әрине, біздің қолымызда нақты мәлімет жоқ, бірақ осы қисынмен келгенде Кәрім Мәсімов Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындады деп ойлаймын. Ол биліктен кетсе де 2022 жылғы қанды қырғынды Назарбаевтың ізі деп есептеймін»,- дейді ол.

«НАЗАРБАЕВТЫҢ НӘН ІЗІ ЖАТЫР»

Экономист Жангелді Шымшықов та экс-президентке қатысты сұрақты естігенде Қазыбек Бейсебаев секілді Қаңтар оқиғасын еске алды.

«Нұрсұлтан Назарбаев биліктен оңай кеткен жоқ. Оның кеткені үлкен қырғынға ұласты, оны бәріміз білеміз. Бүгінде Қаңтар оқиғасы, Қаңтар қырғыны немесе Қаңтар төңкерісі деп айтып жүрміз. Соның бәрінің артында кімнің ізі жатыр? Сөз жоқ, Назарбаевтың нән ізі жатыр», - деп топшылайды ол.

Бұл тұста Жангелді Шымшықов Желтоқсан оқиғасын да еске алып, Назарбаевтың биліктен кейінгі әрекеттері де күманды деп есептейді.

«Тіпті оның сонау Желтоқсаннан бергі оқиғалар Қаңтармен аяқталды деп қорытындылауға болмайды. Өйткені туған інісі Болат Назарбаевқа арналған асқа өзінің жақтастарын жинап, жаназаның өзін саяси мақсатқа айналдырып жіберді. Оның әлі де болса қайта-қайта Мәскеу асып, Путинге барғыштауы да тегін емес», - дейді сарапшы.

Жангелді Шымшықов Қаңтар оқиғасына дейін Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесі басшылығын кейінге табыстамағанына да назар аударған.

«Ол өзін Қаңтар оқиғасынан кейін ғана «қарапайым зейнеткермін» деп жариялады. Енді қарасақ, соның бәрі өтірік болып шықты. Орыстарда «Бұрынғы деген болмайды» деген қағида бар», - деген экономист Назарбаевтың билік вертикалінде тамырын тереңге жібергенін айтты.

«ЭКС-ПРЕЗИДЕНТКЕ БАҒА БЕРУІМІЗ КЕРЕК»

Қаңтар қырғынынан кейін экс-президент жауапкершілікке тартылуы керек деген талап қоғамда жиі айтылатын болды. Нұрсұлтан Назарбаев елді жайлаған жемқорлық үшін де жауапкершілікке тартылуы керек пе? Қазыбек Бейсебаев экс-президентке Мао Цзэдун секілді ресми баға берілуі керек деп санайды.

«Экс-президенттің Қаңтар оқиғасына қатысы бар деген ресми мәлімет жоқ. Егер билік ресми түрде Қаңтар оқиғасына Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысы жоқ деп мәлімдесе, біз оған байланысты ештеңе айта алмаймыз. Ал негізі бұл кісі бізді 30 жыл басқарды, сондықтан да экс-президентке халық бағасын беру керек. Назарбаевтың билік еткен кезінде жақсы немесе керісінше жаман болды ма деген сұрақтарға нақты жауап берілуі керек», - дейді ол.

Айтуынша, Қытайды басқарған Мао Цзэдун биліктен кеткеннен кейін оған ресми билік өз бағасын берген.

«Нақтырақ айтсам, Қытай билігі «Маоның іс-әрекетінің 70 пайызы халыққа пайдалы, ал 30 пайызы зиян болды» деп ашық айтты. Біздің елде де Нұрсұлтан Назарбаевқа тиісті баға беру керек. Бұл дүние неге маңызды? Егер де біз тәуелсіздіктен кейінгі 30 жылда «Назарбаев жайлы басшы болды ма, жоқ әлде жайсыз басшы болды ма?» деген сұраққа лайықты баға бермесек, онда біз алға қарай дами алмаймыз. Сол себепті Назарбаевқа баға беру еліміздің болашағы үшін өте маңызды қадам болмақ. Кейбір адамдар үшін қанша қолайсыз болса да, экс-президентке баға берілуі керек»,- дейді ол.

НАЗАРБАЕВ ЖӘНЕ 500 МЛРД ДОЛЛАР

Ал Жангелді Шымшықов экс-президент ұрлаған, жырлаған ақшасын халыққа қайтармағанын тілге тиек етті.

«Экономист ретінде айтайын, Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтан ұрлап, шетелге асырған қаржысы кем дегенде 500 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл қаржылар қайда кетті?» - дейді экономист. Айта кету керек, ел аузында жүрген бұл сумма әлі тексеруді қажет етеді. Дегенмен оны әлі ешкім жоққа да шығарған жоқ.

Шымшықов мәселенің идеологиялық қырына да тоқталған.

«Бір өзі жалпы қазақ ұлтының бүкіл дүние танымы мен өмірге деген көзқарасын улап тастады. Отансүйгіштік, адамгершілік секілді қасиетті дүниелерді ақшаға айырбастап, халықты тобырға айналдырды. Оның қазаққа жасаған қастандығы Голощекиннен де асып түсті десек болады. Мысалы өзімізді Өзбекстанмен салыстыратын болсақ, олардың халқы екі есеге өсіп, 35 миллионнан асты. Ал қазақ халқының саны енді ғана 20 миллион адамға жетті.  Ол деген сөз – халықты демографиялық жағынан орасан зор кемітті дегенді білдіреді», - дейді Жангелді Шымшықов.

Ол Назарбаев халықты барынан айырды деп есептейді.

«Сол кездегі экономикаға келетін болсақ, гүлденген агрокәсіптік кешен болды. Ақ халатпен жүріп, сиыр сауып, мал шаруашылығымен айналысқан кешеннің бәрін жермен жексен етті. Сол себепті Назарбаев биліктен жай кетпеу керек еді. Халық алдында міндетті түрде жауап беріп барып кетуі керек еді», – дейді ол.

Еуропа елдерінің басшылары биліктен кеткен кейін салтанатты жиындарға қатысып, сұхбат беріп жатады. Экс-президент соңғы екі Тәуелсіздік күні қарсаңында халықты құттықтамады. Нұрсұлтан Назарбаев жұрт алдына неге емін еркін шықпайды? Қазыбек Бейсебаев демократиялы мемлекеттерде қандай да бір басшы қызметтен кетсе де саяси ортада жүретінін айтады.

«Мысалы Францияның президенті Франсуа Олланд немесе АҚШ президенттері сұхбат беріп, әр түрлі іс-шараларда бой көрсетіп қалады. Біздің экс-президент елді 30 жыл басқарса да қазір жым-жырт отыр. Кезінде өзін «Елбасы» деп атап, «Жоқ жерден мемлекет құрған менмін» деп айтты ғой. Солай айта тұра соңғы жылдары неге жұрт көзіне түспей кетті?» - дейді Қазыбек Бейсебаев

«Мәселен ол басқарған 30 жылда елімізді бай-қуатты етуге зор мүмкіндік болды. Сол мүмкіндікті экс-президент неге пайдаланған жоқ? Міне, осы және өзге де сұрақтарға жауап берсін», – дейді ол.

«Қазір қоғамда Нұрсұлтан Назарбаевты эмоциямен қатты сынайды. Жылдар өте келе халықтың экс-президентке деген көзқарасы өзгеруі мүмкін бе?» деген сұраққа Қазыбек Бейсебаев «Әбден мүмкін» деп жауап берді.

«Кезінде мен Брежневтің билігі кезінде өмір сүрген адаммын. Асүйде сол кездегі Совет үкіметін басқарған тұлғаны қатты сынайтын. Кейін Горбачев билікті алғаннан кейін «Ой, мынадан қарағанда Брежнев жақсы екен» деп айта бастады. Барлық нәрсе салыстыру арқылы белгілі болады ғой. Біз бүгін Назарбаевты қалай сынасақ та, ең басты мәселе халықтың жағдайының қандай болғанына байланысты болмақ. Ертең халықтың жағдайы нашарласа, онда біз өткен заманды, яғни Назарбаевты сағынышпен еске алатын боламыз. Бұл – әбден мүмкін нәрсе. Алдағы уақытта не болатыны белгісіз», – деді ол.

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Галкин и Пугачева станцевали зажигательный танец на Кипре
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Позвали Таню, и жены начали уводить мужей. Не стесняется стыдобы
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
1 чайная ложка на ночь и все - потенция сильнее, чем в 20 лет
Пікірлер