Маңғыстау тұрғындары сусыз қалуы мүмкін. Өйткені Каспий теңізі қатты зардап шегіп жатыр. Ғалымдар алдын алмаса, ХХІ ғасыр соңына қарай теңіздің Қазақстандағы бөлігі шөлге айналу қаупі барын айтады. Бес елдің шекарасында жатқан алып көл тартыла берсе, үлкен экологиялық апат ондағы тіршілік пен экономикаға зиянын тигізеді.
Каспий теңізі – Қазақстаннан бөлек, Ресей, Әзірбайжан, Иран және Түркіменстанмен шектесіп жатқан, аумағы шамамен Германияның жер көлемімен тең, әлемдік мұхитпен байланысы жоқ ең ірі тұщы су айдыны. Алайда соңғы 18 жылда теңіз деңгейі 2 метрге төмендеп, жағалау сызығы ондаған мың шаршы метрге қысқарған.
Дереккөз: gobaku.ru. Инфографика: Арай Еділбай
«Қазгидромет» РМК Каспий теңізінің гидрометеорологиялық зерттеулер басқармасының басшысы Айзат Елтайдың мәліметінше, жыл сайын теңіз деңгейінің төмендеуі айқын байқалады.
«2006 жылдан 2024 жылға дейін Каспий теңізі 2 метрге дейін төмендеді. Ал теңіз деңгейіне әсер етуші фактор – жаһандық климаттың өзгеруі. Каспий теңізінің үстіндегі ауа температурасының өзгерісі 10 жылда 0,51 градусты құрайды. Ал оның әлемде мағынасы 0,19 градус болса, Қазақстан бойынша 10 жылда 0,36 градус. Бұл Каспий теңізінің үстіндегі ауа температурасының өзгеру үрдісі әлемге қарағанда үш есе қарқынды жүріп жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ ол Каспий теңізінің су деңгейінің өзгеруіне ықпал етеді», – дейді Айзат Елтай.
Айзат Елтай. Фото: спикердің жеке мұрағатынан алынды
400 ЖЫЛ = 45 ЖЫЛ
Маңғыстаулық эколог Орынбасар Тоғжанов Каспий теңізінің төмендеу үрдісі жиілеп, рекорд деңгейіне жеткенін айтады.
«Каспий теңізінің ең төмен деңгейге түсуі 1977 жылы байқалды. Әлемдік мұхит деңгейінен 29 метрге, яғни өзінің ұзақ жылдардағы деңгейінен 2 метрге төмен түсті. Осыдан 1994 жылға дейін бір түсіп, бір көтеріліп, 2023 жылға қарай қайтадан ең төменгі деңгейіне келді. Қазір Каспий теңізі 1977 жылдан да төмен деңгейде. Сонда алғашқы Каспий теңізінің 29 метрге төмендеуіне 400 жыл қажет болған болса, енді сол деңгейден қайта түсуіне 45 жылдай ғана уақыт кетті», – дейді эколог.
Орынбасар Тоғжанов. Фото: Заманбек Тоқмұратов
Теңіз деңгейінің төмендеуіне бірнеше себеп бар.
«Каспийге 130-дай өзеннен жылына 300 текше/км су құйылады. Оның ішінде Еділ өзенінен барлық судың 80 %-ы, Жайықтан 5 %-ы келсе, қалғаны Самур, Сулак, Терек, Кура және т.б. үлкенді-кішілі өзендерден келеді. Теңіз суының деңгейі осы өзендерден келіп құйылатын су мөлшеріне тікелей байланысты. Өзен сулары көп құйылған жылдары теңіз көтерілсе, аз құйылған жылдары азаяды. Дегенмен соңғы 150 жылдың ішінде өнеркәсіптің өркендеуіне байланысты барлық жердегі климат қатты өзгеріске ұшырады. Біріншіден, бүкіл ғаламдық жылыну процесі байқалады. Осының әсерінен Каспийге келіп құятын 300-дей өзеннің бассейніне жауын-шашынның мөлшері азайып барады. Екіншіден, жылдың ыстық және желді күндері көбейді. Бұл күндері булану процесі артады», - дейді О.Тоғжанов.
Сонымен қатар, экологтың айтуынша, теңіздің тартылуына өзендер бойында тұратын халықтың жыл сайын көбеюі де әсер етеді. Адам бар жерде өнеркәсіп орындары көбейеді. Ауыл, егін, мал шаруашылығы да дамып, суды көп тұтынады.
«Еділ мен Жайықтың бойында 12 су электр станциясы бар. Барлығында да су қоймалары кішігірім жасанды теңізге айналған. Мұнда су алқабының аумағы ұлғаяды да, булану процесі одан да күштірек жүреді. Салдарынан Каспийге келетін су мөлшері азая бермек. Одан бөлек, өзен бойында тұрған халық суды тікелей тартып, тұрмысқа пайдаланады. Тіпті, өзен бойынан кішігірм бөгет салып, жануарлар өсіреді. Келесі бір себебі, бұл әлі зерттелмеген, бірақ назар аударуға тұрады: жер жаралу процесі әлі жалғасып келеді. Жер көтерілген сайын жағалау кейін кете береді. Каспий теңізінің солтүстік жағы баяу, бірте-бірте көтеріліп келеді. Теңіз түбінде екі үлкен және кішігірім тау жотасы бар. Бұл жерде жер сілкінісі болып тұрады. Жер сілкінісі болса, жер құралу процесі де жүреді», - дейді маман.
Каспийдің тартылуына тағы бір себеп – теңіздің ластануы. Иран ғалымдарының 2021 жылғы зерттеуіне сүйенсек, Каспий теңізі жағалауының 60%-ы лас екені белгілі болған. Ғалымдар жағажайдың ластану деңгейін халықаралық Clean Coast Index (CCI) және Clean Environmental Index (CEI) құралдарымен өлшеген.
Ал ластануға бірден-бір себеп – мұнай өндірісі. Экологтар дерегінше, өткен жылдың өзінде теңізге 100 мың тоннадан астам мұнай өнімдері төгілген.
ИТБАЛЫҚ ПОПУЛЯЦИЯСЫ ЖОЙЫЛАДЫ
Теңіз деңгейінің төмендеуі бірегей экожүйелерге және қоныс аударатын құстарға, соның ішінде Каспий теңізінің солтүстігіндегі мұзда төлін өсіретін итбалыққа әсер етеді. Бассейннің ең таяз солтүстік бөлігін құрғату итбалық популяциясының жойылуына әкеледі.
2024 жылы 24 қазан мен 18 қараша аралығында Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында ғана Каспий жағалауынан 1155 итбалық өлексесі табылған. Бұл туралы «Жайық-Каспий» өңіраралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы қызметкерлері мәлімдеген еді. Гидробиология және экология институтының маманы Әсел Баймұқанова теңіз жануарларының қырылуының ықтимал себебі теңіз ортасының ластануы болуы мүмкін деп есептейді.
Ресми деректерге сүйенсек, Каспий теңізінде 2000 жылдан бері итбалықтардың жаппай қырылуы тіркеле бастаған. 24 жыл бұрын 10 мыңға жуық өлі итбалық анықталып, олардың өлімінің себебі созылмалы токсикозға байланысты делінген еді.
Фото: “Ақ Жайық” басылымына Гидробиология және экология институты ұсынған
«ЖАЙЫН МЕН ҚАРАКӨЗ БАЛЫҒЫ ЖОҒАЛДЫ»
Маңғыстау облыстық Балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының басшысы Данияр Әкімжанов теңіздің тартылуы балық түрлерінің жойылуына да әсер еткенін жеткізді.
«Каспий теңізінің тартылуы балық шаруашылығына кері әсерін тигізіп отыр. Балықшылардың бұрын балық аулайтын жерінде қазіргі күні су жоқ, құрғап кеткен. Маңғыстау облысында бекітілген балық шаруашылығының 33 учаскесі бар. Соның солтүстік бетінде орналасқанының көбі құрлықта қалып қойған. Бұрынғы кейбір балық түрлері Маңғыстау аймақтарында мүлде кездеспейді. Жайын мен қаракөз балығы жоғалды. Ал көксерке балығы азайып кетті. Маңғыстаудың батпақай мен майшабақ балығы таусылмасын. Олардың жеткілікті қоры бар. Балықшылар сол балық түрлерін аулаумен өз жұмысын жүргізіп жатыр», - дейді Данияр Әкімжанов.
Оның айтуынша, кейінгі жылдары судың төмендеу қарқыны қатты. Кезінде итбалықтар мекендейтін аралдарда балықшылар балық аулап, кәсібін жүргізетін. Сол жер 5-6 жыл бұрын 2 метрге дейін терең еді, ал қазір моторлы қайық жүре алмайды, құрғап қалған. Итбалықтар да мүлде кездеспейді.
Данияр Әкімжанов. Фото: Заманбек Тоқмұратов
Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) мәліметі бойынша, Каспий теңізінде кездесетін бекіре тұқымдас балықтың алты түрінің бесеуі жойылып жатыр. Бүгінде бекіре тек арнайы фермерлік шаруашылықтарда өсіріледі.
АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ
2023 жылдың 7 маусымында Ақтау әкімдігі теңіз тартылып, су деңгейі қатты төмендеп, жағалаудан алыстап жатқанын айтып, төтенше жағдай жариялаған. Бұл 300 мыңан астам Ақтау халқын ауыз сумен қоса, техниалық су, жылу, электр қуатымен қамтамасыз ететін Маңғыстау атом энергия комбинатының (МАЭК) жұмысына кедергі келтірмейді деген. Дегенмен, сол жылдың 3 шілдесінде МАЭК-тің №1 энергия блогы істен шықты. Салдарынан Маңғыстау мен Атырау облысында жарық өшіп, халық ауыз сусыз қалды.
Маңғыстау халқы жаз болса, суды сағатпен алатынын, кейде су тапшы болатынын да айтады. Мамандар Каспий теңізінің тартылуы МАЭК жұмысына кедергі келтіреді дейді. Яғни теңіз суы алыстаса, канал сусыз қалып, комбинаттың жұмысы тоқтап қалмақ. Бұл жөнінде анық-қанығын білмек болып, МАЭК басшылығына хабарластық, алайда, мекеме жауап беруден бас тартып, әкімдікке сілтеді.
«КАСПИДІҢ ТАҒДЫРЫ ЖАЙЫҚПЕН ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ»
Каспийдің ең тайыз бөлігі теңіздің солтүстігі Атырау облысында орналасқан. Мұнда Жайықтың теңізге құяр сағасы бар. Бұл – экологиялық тұрғыда зардап шегіп, көп ластанатын аймақ.
Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының жетекшісі Лаура Мәлікованың айтуынша, Каспийдің тағдыры Жайықпен тікелей байланысты.
«Каспий теңізі Жайық өзені арқылы су толтырып отыратын болғандықтан, оның тағдыры Жайық өзенімен тікелей байланысты. Өзен бастауын Ресей тарапынан алады. Ресейде тәуелсіздік жылдарында қаншама су қоймалары салынды. Олар суды өзінде молырақ алып қалуға тырысады. 2017 жылдардан бері соның кері салдары бізге де айқын сезіле бастады. Мәселен, 2018 жылы Жайық өзенінде 100 тоннадан астам балық қырылып қалды. Себебі, ол жерде Жайық өзеніндегі судың көлемі азайған және өзенге төгінді тастап отырған Атырау су арнасы хлоридтер концентрациясын 2-3 есе асырып жіберген. Салдарынан осындай экологиялық апат болды. Атырау су арнасының басшысы сотта жауап бергенімен, бұл өзен тіршілігіне айтарлықтай зиянын тигізді», - дейді эколог.
Лаура Маликова. Фото: Спикердің жеке мұрағатынан
Теңіз тартылса, ғалымдар жағдай жергілікті тұрғындарға да кері әсер етеді деп есептейді. Ғалымдар сонымен қатар саяси шиеленістің болу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Теңіз жағалауындағы мемлекеттер шекара және балық аулау құқығы туралы келісімдерді қайта қарауға мәжбүр болады.
Ғалымдар проблеманы шешу жолдарын үйлестіру үшін Біріккен ұлттар ұйымының Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының (ЮНЕП) қамқорлығымен жойылып кету қаупі төнген көлдер бойынша халықаралық жұмыс тобын құруға шақырады.
«ЭКОНОМИКА ДА ЗЕРДАП ШЕГЕДІ»
Орынбасар Тоғжанов теңіз тартылса, экономика да зардап шегетінін айтады.
«Каспий теңізі төмендесе, су жолы қатынасы тарыла береді. Каспийдің теріскейі мен құбыласының ара қашықтығы – 1200 км. Теңіз арқылы Ресей, Әзербайжан, Иран және Түркіменстанның жүктері тасымалданады. Қазір Ақтау портында миллиардтаған қаржы жұмсап, теңіз астын тереңдетіп жатыр. Кеме баратын жолдар таяздана берген соң, жыл сайын тереңдету жұмысын жүргізу керек. Бұл – тиімсіз. 1930 жылмен салыстырғанда теңіз аймағы 70 мың шаршы шақырымға азайып кетті. Салдарынан теңіз астындағы тұздар жан-жаққа шаң болып таралады», - деп дабыл қағады эколог.
Таязданған теңіз жағалаудағы аймақтардың құрғауы мен құмды дауылдардың жиілеуіне cебеп болады. Бұл тұрғындар мен жануарлардың денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайды.
Коммерциялық емес экологиялық және адам құқықтарын қорғайтын Crude Accountability ұйымының атқарушы директоры Кейт Уоттерс Каспий теңізінің тартылуы Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемдік экологиялық апатқа әкелетінін айтады.
«Каспий теңізі климаттық реттегіш қызметін атқарады. Климат өзгерген кезде, экожүйенің бір бөлігі де өзгереді. Ал ол Каспий теңізінің тартылуына себеп болады. Бұл бүкіл әлем экологиясына әсер етеді. Арал теңізі тартылғанда не болды? Айналасында шөлейттену артты. Токсинді құмдар мыңдаған мильге ұшып, адамдар мен жануарлардың өміріне әсер етіп, егін жинауды қиындатты. Балық та болмады. Бұл экономиканы да, экологияны да өзгертіп жіберді. Мысалы, жел кез келген шаңды өте ұзақ қашықтыққа алып кететінін білеміз. Мәселен, Еуропада Сахарадан ұшқан құм Австрия мен Германияға жетіп жатады. Екі апта бұрын, мен тұратын Вирджиния штатына ауыр жел соғып, Техас шаңы жерге түсті. Осылайша, теңіз тартылса, адам денсаулығына да зиянын тигізіп, әлемге қауіп әкеледі. Сондықтан бәріміз бір-бірімізбен байланыстымыз», - дейді Кейт Уоттерс.
Кейт Уоттерс. Фото: спикердің жеке мұрағатынан алынды
КАСПИЙДІ САҚТАУ ҮШІН ҚАЗАҚСТАН НЕ ІСТЕП ЖАТЫР?
2023 жылы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 78 сессиясындағы жалпы дебат барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізі қазіргі таңда экологиялық проблемалармен, соның ішінде таяздану, су ағысының азаюы және флора мен фаунаның ластануы сияқты мәселелермен бетпе-бет келіп отырғанын айтқан болатын. Одан бөлек, Каспий теңізін құтқару мәселесі ұзақ мерзімді халықаралық ынтымақтастықты қажет ететін ортақ басымдыққа айналуы керек деді.
Сол жылдың басында Дүниежүзілік банк те Каспий теңізінің су деңгейінің төмендеуін зерттейтінін хабарлады. Зерттеу нәтижелері биыл – 2025 жылы белгілі болмақ. HR Wallingford компаниясының мамандары Каспий теңізі бойынша алдыңғы зерттеулердің дерегін, аймақтық климаттық модельдердің (RCM) нәтижесін кезең-кезеңімен зерттеп, рельефтің цифрлық және гидрологиялық су алаптары моделін жасайды.
Маңғыстау облысы экология департаментінің басшысы Армат Жалғасбайұлы Каспий теңізінде алаңдайтын қауіп жоқ екенін мәлімдеді.
«Каспийдегі жануарларды, итбалық, құстарды және теңізден шығатын кемелерді де бақылап отырамыз. 5 мемлекет бірігіп құрған бағдарламалар іске асып жатыр. 2024 жылы тамыз айында 5 мемлекеттің қатысуымен үлкен конференция болды. Мұнай тасымалдайтын танкерлер апат болған жағдайда, қалай әрекет ету керегі туралы талқыланды. Былтыр Ресей тарапынан су мол келіп, Батыс Қазақстанда жойылып кеткен 28 көл толып, өзінің табиғи нормасына келді. Осындай сулардың келуі Каспий теңізіне көтерілу ықималдығын береді. Қазіргі таңда Каспий теңізінің жағдайы жақсы. Біз күнделікті мониторинг жүргізіп отырамыз. Түпқараған ауданынан бастап, Кендірліге дейін жағажайдағы мәселені «Қазгидромет» анықтап отырады», -деді Армат Жалғасбайұлы.
Армат Жалғасбайұлы.
Фото: Заманбек Тоқмұратов
Ал «Қазгидромет» РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Нұрлан Сәрсенбаев болжам бойынша, 2050 жылға қарай теңіз деңгейі 4,5 метрге дейін түсетінін айтады.
«Маңғыстау облысында теңізден басқа су объектісі жоқ. Жалғыз Каспий теңізі бар. Сондықтан біз үнемі гидрологиялық бақылауды тұрақты жүргізіп отырамыз. Күнделікті 4 мезгіл, 365 күн үздіксіз барлық бақылау бекетінде бір уақытта жүргізіледі. Барлық мәліметтер бір уақытта алынғандықтан теңіз деңгейі туралы нақты мәлімет түзуге болады. Соңғы бес жылда теңіз деңгейі фондық режимі 94 сантиметрге төмендеген. Екі түрлі сценарий бойынша 2050 жылға дейін болжам жасалды. Біріншісі – оптимистік сценарий – 2050 жылға дейін теңіз қазіргі деңгейінен 3 метрге дейін төмендейді деген болжам. Екіншісі, пессимистік сценарий бойынша 4,5 метрге дейін түсетінін болжап отырмыз», - деді Нұрлан Сәрсенбаев.
Нұрлан Сәрсенбаев.
Фото: Заманбек Тоқмұратов
ТЕҢІЗДІҢ ТӨМЕНДЕУІНЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ҮШІН ҚАРЖЫ БӨЛІНБЕГЕН
Экология және табиғи ресурстар министрлігіне хат жолдап, теңіз деңгейінің төмендеуіне қарсы қандай шара қолданып жатқанын сұрадық.
«Министрлік өз құзыреті шегінде Тегеран Конвенциясы шеңберінде Каспий маңы елдерімен жұмыс топтарына қатысады. Бұдан басқа, Баку қаласындағы СОР29-да министрлік Каспий маңы елдерін Каспий теңізі деңгейінің төмендеу себептерін зерттеуге шақырды. Сонымен қатар, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі шекаралас мемлекеттермен трансшекаралық өзендер бойынша су бөлу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқанын атап өткен жөн. Ал теңіз деңгейінің төмендеуіне қарсы күрес бойынша бюджеттік бағдарлама көзделмеген», –деп жауап берді министрлік.
2022 жылдың қараша айында Мемлекет басшысы Қазақстанда Каспий теңізін зерттейтін ғылыми институт құруды ұсынды. Үкімет 2024 жылдың қаңтарында осы жобаны ресми түрде мақұлдады, бірақ институт әлі жұмысын бастаған жоқ. Су ресурстары және ирригация министрлігі институттың құрылып қойғанын айтты. Ал Маңғыстау облысының экология департаменті 2024 жылы институтқа арнап, қаладан ғимарат берілгенін, алайда оған білікті ғалым-мамандар жоқтығын мәлімдеді.
«ЕУРАЗИЯ» КАНАЛЫН САЛУ КЕРЕК»
Эколог Орынбасар Тоғжанов Каспий мәселесін шешудің бір жолы ретінде Каспий мен Азов теңізін қосатын канал салуды ұсынады.
«1977 жылға дейін Каспий қатты төмендей бастағанда кеңестік ғалымдар Сібірдегі Обь өзенінің 3000 км-лік канал қазып, Торғай ойпаты арқылы Каспийге бұру жобасын ұсынған еді. Алайда үш мың шақырымға созылатын, жолында бірнеше рет биікке көтерілетін алып жобаны салуға аса көп қаражат керек болғандықтан іске аспай қалды. Одан алдын екінші әдісі ретінде 1952 жылы Сталиннің талап етуімен Каспий мен Азов теңізінің арасында «Еуразия» каналын қазудың барлық жобасы жасалды. Ол «Қума-Манаш» каналы деп те аталды. Алайда бұл да қымбат бағаланды. Бірақ ол каналдың қажеттілігі сол, Каспий теңізіне мұхит кемелері келе алады. Ал қазіргі Волга, Дон каналдары арқылы мұхит кемелері мүлде келе алмайды. Міне, сонда Каспий теңізіне әлемдік мұхит деңгейінен төмен жатқан Қара теңіздің суы келген болар еді. Ең тиімдісі – осы. «Еуразия» каналы қазылмаса, Каспий теңізін қалпына келтіру өте қиын. Сонымен қатар Иран президенті соңғы екі саммитте де Каспий теңізі мен Парсы шығанағы арасын каналмен қосу жөнінде ұсыныстар тастады. Егер бұл жобалар жүзеге асса, теңіз толығумен қатар, Каспий маңы мемлекеттері түгелдей Ақ теңіз – Балтық каналы арқылы Солтүстік мұзды мұхитқа, Жерорта теңізі арқылы Атлант мұхитына, Парсы шығанағы арқылы Үнді мұхитына шыға алар еді», - дейді эколог.
Азов теңізі мен Каспий теңізін қосатын “Еуразия” каналы. Дереккөз: ewnc.org Инфографика: Арай Еділбай
«РЕСЕЙМЕН КЕЛІСІМДІ ЖАҚСАРТУ КЕРЕК»
Эколог Лаура Маликова Каспий теңізіне суды молырақ жіберу үшін Ресеймен тығыз келісім орнату керек деп санайды.
«Каспий теңізіне суды молырақ жіберу үшін Ресей тарапымен келісімді жақсарту керек. Одан кейін теңіздегі мұнай-газ операцияларын және кемелердің іс-әрекетін мемлекет тарапынан жіті қадағалау қажет. ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес, Каспий теңізінің солтүстік бөлігі ерекше қорғалатын аймаққа жатады. Себебі, бұл жерде балықтар көбейеді, итбалықтар мекендейді. Сондықтан мұндай жерден кемелер, кем дегенде, 1000 метр алыс қашықта жүзу керек. Егер бұл арақашықтық сақталмаса, теңіздегі тіршілікке зиянын тигізеді. Сондықтан Маңғыстау, Атырау облыстарындағы экология департаментінің жұмысын күшейту маңызды. Олар кемемен теңізде патрульдік жұмыс жүргізсе жақсы болар еді. Сондай-ақ, шетелде қолдануға жарамсыз кемелерді пайдаланатын қазақстандық компанияларға тоқтам болуы керек. Ескірген, техникалық жағдайы нашар кемелерге теңізде жүзуге шектеу қою керек. Кеменің төгінді суын, қалдықтарын порттарға тапсыруды міндеттеп, заңмен қадағалау қажет. Әйтпесе, кей кемелер теңізге төге салады. Ал бұл тағы да экологиялық апатқа алып келеді», - дейді Лаура Маликова.
Сонымен қатар, эколог суды үнемдеу үшін өндіріс орындарына кәріз суын тазарту жүйесін қолдануды ұсынады. Ол заңнамалық талаптардың жіті орындалуын бассейндік инспекциялар қадағалап, заң бұзғандарға айыппұл салу қажет деген пікірде.
«Үлкен алпауыт мекемелерге жерасты суын, өзен-көлдердің суын пайдалануға рұқсат қағаз беруді шектеу қажет. Егер оларға су қажет болса, сол жердегі елді мекендерге кәріз суын тазалау жүйесін салу арқылы, тазаланған суды өндірісте пайдалануды ынталандыру керек. Қазақстан алдағы жылдары су дефицитіне ұшырау қауіпі бар елдер қатарында тұр. 2030 жылға қарай су дефициті өршуі мүмкін. Сондықтан осы тұста мемлекеттік деңгейде жүйелі шешімдер қабылдануы үлкен маңызға ие», – дейді эколог.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, мұнай өндірісі Каспий теңізінің экологиясына қауіп төндіреді. Биыл қаңтарда «Теңізшевройл» ЖШС «Теңіз» кен орнында мұнай өндіруді кеңейту жоспарын хабарлады. Қазақстан 2024 жылы 68,6 млн тонна мұнай экспорттаса, 2025 жылы 70,5 млн тонна экспорттамақ.
Crude Accountability ұйымының атқарушы директоры Кейт Уоттерс Каспий теңізінің тартылуының алдын алуға мұнай мен газ компаниялары салғырт қарамау керегін айтады.
«Ең бастысы – қолда барды қорғау керек. Теңізді әрі қарай ластанудан сақтау қажет. Мұнай мен газ компанияларының қоршаған ортаға, сондай-ақ оның нәзік экожүйесіне деген салғырт көзқарасын өзгерту маңызды. Әсіресе, Қазақстандағы Каспийдің солтүстігіндегі және Түркіменстан мен Әзербайжан жағалауларында жүргізіліп жатқан теңізасты қазба жұмыстары теңіз үшін де, онда тіршілік ететін жануарлар үшін де, Каспийден күнкөріс табатын адамдар үшін де өте қауіпті. Сондықтан мұнай мен газ игерудің салдарына жауапкершілікпен қарау керек», - дейді сарапшы.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ НЕ ДЕЙДІ?
Әлемде тартылып қалған өзен-көлдерін толықтай қалпына келтірген ел жоқ. Дегенмен су ресурстарын жүйелі пайдалану арқылы құрғақшылықты болдырмай, су деңгейін бір қалыпта ұстап тұрған елдер кездеседі. Мәселен, су ресурстарын басқаруда озық әдістермен танымал ел – Израиль. Суды тұщыландыру, тиімді суаруды және ағынды суларды қайта пайдалану технологияларын қолданады. Ағынды және кәріз суларын ауыл шаруашылығы үшін қайта пайдалану жүйесін енгізген, бұл су қоймаларына түсетін салмақты азайтады және су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Елдің 80%-ы өзендер мен су қоймаларынан алынған суды қайта өңдеп, ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте және тұрмыстық қажеттілікке пайдаланады. Бұл су тапшылығы бар аймақтарда өте маңызды.
Израиль шөлді де суарып отыр. Тазарту қондырғыларынан өткізілген, яғни «Шафдан» зауытынан алынған су арнайы құбырлар арқылы Негевке, жылыжайларды суаруға жеткізіледі. Негев шөлінің техникалық суының 70%-ы «Шафданнан» алынады. Судан органикалық заттар сұрыпталып, тыңайтқыш ретінде пайдаланылады.
Израиль тұщы суға қатысты мәселелерді де тиімді шешіп, су ресурстарын басқаруда инновациялық әдістерді қолдана отырып, су қоймаларының таяздануының алдын алуда үлкен жетістікке жеткен. Израильде әлемдегі ең үлкен Сорек тұщыландыру зауыты бар.
Израилдегі ағынды суды тазарту құрылғысы. Фото: NIPhoto
20 ғасырдың 70-ші жылдарында АҚШ-та Үлкен көлдер, яғни Гурон мен Мичиган көлдерінің су деңгейі төмендеді. Билік табиғат өздігінен ауыл шаруашылығы жұмыстарынан және өнеркәсіптік өндірістен туындаған жүктемені көтереді деп ойлады. Алайда табиғат мұны көтере алмады, көлдер бірнеше метр тереңдіктегі мөлдір суынан тұнбаға айналды.
Негізінен, бұл мәселе ауылшаруашылық алқаптарынан ағып келген фосфор мен азоттың мөлшерінен болды. Содан кейін АҚШ көлдерді қалпына келтіру үшін арнайы бағдарлама қабылдап, оны 15 жыл бойы жүзеге асырғаннан кейін ғана жағдай қалыпқа келді.
Әйтпесе, Гурон мен Мичиганның жағасында тұру мүмкін болмаған. Өйткені, цианобактериялар жарылысы тәрізді жағымсыз иіс тараған.
Гурон мен Мичиган көлдерінің экологиялық жағдайын қалпына келтіру үшін АҚШ бірнеше маңызды шара қабылдады. Бұл шаралардың негізгі бөлігі «Үлкен көлдерді экологиялық сауықтыру бағдарламасы» (Great Lakes Water Quality Agreement) аясында жүзеге асырылды. Бағдарлама 1972 жылы Канада мен АҚШ үкіметтері арасындағы келісім негізінде басталған болатын.
Бағдарлама аясында, су көздерінің ластануын азайту мақсатында фосфор мен азот деңгейін бақылау үшін әртүрлі шаралар енгізілді. Ауылшаруашылығы мен өнеркәсіптен шығатын ластаушы заттар, әсіресе тыңайтқыштар мен пестицидтер, көлдерге тікелей ағып кететін, олардың көлемін азайту үшін арнайы тазарту қондырғылары мен жаңа технологиялар енгізілді.
Сонымен қатар, цианобактериялардың көбеюін тоқтату үшін экожүйені қалпына келтіру жобасы жүзеге асырылды. Жергілікті флора мен фаунаға, сондай-ақ су жануарларына зиян келтіретін химиялық заттарды жою жұмысы жүргізілді.
Одан бөлек, су тазарту жүйелері жаңартылып, ауылшаруашылық және тұрмыстық ағынды суларды тиімді түрде тазарту үшін жаңа әдістер енгізілді.
ШЕШІМ ҚАНДАЙ?
- Каспий мен Азов теңізін қосатын «Еуразия» каналын салу. Бұл арқылы Каспий теңізінің су деңгейін ұлғайтуға болады. Сондай-ақ, Қазақстанмен қоса, бес мемлекет үшін Атлант мұхитына шығатын мүмкіндік туады. Теңіз порттары арқылы жүк тасымалдау екі есеге артады.
- Шекаралас бес елге ортақ, залалды азайтудың ықтимал шараларын қабылдайтын мемлекетаралық мониторинг орталығын құру. Бес мемлекетке ортақ Каспий теңізінің таяз тарту себебін, оның салдарын зерттеп, залалды азайтудың ықтимал шараларын ортақ түрде құрып, мемлекеттер тығыз байланыста отыру қажет. Аталған орталық теңізді пайдаланатын әрбір елдің суды қалай ластап жатқанын хабарлап, теңізде болып жатқан процестермен бөлісіп отырады.
- Жаңартылған энергия көздерін пайдалану. Жел, күн энергия көздерін пайдалану арқылы парниктік газдардың шығарылуын азайтып, климаттық өзгерістерді баяулатуға болады. Бұл теңіз деңгейінің тұрақтылығына әсер етеді. Мәселен, Дания 2020 жылы жел энергетикасынан 15,7 ТВт·сағ электр қуатын өндірді. Бұл елдегі жалпы электр энергиясының 50%-дан астамы жел энергиясынан алынған. Дания 2030 жылға дейін 100% жаңартылатын энергияға көшу жоспарларын белгілеген. Сондай-ақ, елде теңіздегі жел энергетикасы жобалары жағалауды қорғауға көмектеседі. Бұл жобалар көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға, климаттың өзгеруін баяулатуға және су ресурстарын тиімді пайдалануға ықпал етеді. Ал Нидерланды теңіз деңгейін бақылауға арналған жобаларды жүзеге асыруда. Солардың бірі — тұзды сумен жұмыс істейтін жел турбиналары, бұл экосистеманы қорғайды әрі энергия өндіреді.
- Каспий суын өнеркәсіптік кәсіпорындармен ластау жөніндегі шараларды қатаңдату қажет. Теңізге мұнай өндірісінен ағындылардың төгілмеуін қадағалап, кемелердің балық көбейіп, итбалық мекендейтін жерлерден жүрмеуін бақылау керек. Егер талап орындалмаса, қатаң шара қолдану маңызды.
- Каспий теңізін зерттейтін ғылыми-зерттеу институтын құруды аяқтап, білікті мамандарды тарту қажет. Каспийдің шекарасында жатқан бес мемлекеттің төртеуінде теңізді зерттейтін ғылыми-зерттеу институты бар. Тек Қазақстан құруды 2022 жылы президенттің тапсырмасымен ғана қолға алды. Жоғарыда аталғандай, ғылыми-институт құрылды, дегенмен білікті мамандар тапшы. Осы тұрғыда еліміздің үздік түлектерін, мамандарын шетелмен тәжірибе алмасуға жіберіп, институт жұмысын қолға алу қажет.
- Ағынды суды қайта пайдалану технологиясын енгізу. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Израиль елінің ағынды суды тазарту және оны тұрмыста қолдану тәжірибесі арқылы елдегі өзен-көлдер суы мен жер асты суларын үнемдеуге болады. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) мәліметтеріне сәйкес, 2022 жылы Қазақстандағы су ресурстарына түсетін жүктеме деңгейі 34,6%-ға жетті, бұл – су тапшылығының айқын көрсеткіші.
Сарапшылар суды тиімсіз пайдалану, ирригациялық жүйелердегі жоғалтулардың жоғары болуы және трансшекаралық су ағындарына тәуелділік мәселелерін негізгі қауіп ретінде атады. Сондықтан ағынды суды тазартып қолдану – тиімді шешім.
Дана Нұрмұханбет
”Адырна” ұлттық порталы
Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab ІІ жобасы аясында дайындалғанжәне спикерлер мен автордың жеке көзқарасын білдіреді.