Шығыстағы қос облыс әкімінің бір мезгілде ауысуы қоғам назарын аударды. Кеткендерден гөрі келгендердің әлеуеті резонанс тудырғандай. Дегенмен сарапшылар не дейді?
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып бұған дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде қызмет атқарған Нұрымбет Сақтағанов тағайындалды. Бірақ жұрттың назары аталған тағайындаудан гөрі Абай облысына әкім болып тағайындалған Берік Уәлиге ауды. Белгілі тележурналист бұған дейін президентінің кеңесшісі – президенттің паспасөз хатшысы ретінде қызмет атқарған. Оның кандидатурасына мәслихаттың 102 депутат дауыс берсе, 24 депутат екінші кандидат Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдірәлиевке дауыс бергені айтылуда.
«БОС ЖАТҚАН ЖЕР ЖАУ ШАҚЫРАДЫ» ЖӘНЕ САҚТАҒАНОВТЫҢ СИПАТЫ
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Шығыс Қазақстан облысы әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тәжірибелі азамат екенін айтады. Сондай-ақ ол қос тағайындауға да алабөтен қарамайтынын ескертті.
«Ежелгі гректерде «Қыш құмыраны құдайлар күйдіріп жасамайды. Оны адамдар жасайды» деген тәмсіл бар. Осы көзқараспен қарасам, екі тағайындауға да алабөтен қарамаймын. Қалыпты дәстүрдегі тағайындаулар. Әдетте әкім қызметтен жоғарылайтын кезде «Орныңызға кімді ұсынасыз?» деп сұрайды. Ермек Көшербаевтың орнына келген өзінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов деген азамат өте тәжірибелі маман. Бердібек Сапарбаевтың шәкірті ретінде облыс әкімінің орынбасары мен аудан әкімі қызметін атқарған азамат. Бір сөзбен айтқанда мемлекеттік басқару аппаратынан өткен әрі Шығыс Қазақстан облысының қыр-сырын соңғы 10 жылдың көлемінде білетін азамат ретінде тағайындаған шығар деп ойлаймын. Шынымды айтсам ешқандай алабөтен айтатындай теріс көзқарасым жоқ», - дейді депутат журналист.
Айтуынша, жаңадан тағайындалған әкім енді шекаралық аудандарға көңіл бөлу керек. Өйткені президенттің жарлығымен жаңа аудандар құрылғанымен ол аудандарға жасалып жатқан көмек жоқ.
«Халық үдере көшкен Марқакөл ауданында 9 мыңға жетер-жетпес халық қалды. Жаңа әкім шекаралық аудандарды көркейтіп, онда халық тұрақтауына байланысты жұмыс істеуі керек. Себебі «Бос жатқан жер жау шақырады» деген тәмсіл бар. Сақтағанов су жаңа әкім ретінде осы бағытта жүйелі жұмыс жасайды деген үмітім бар», - дейді Ермұрат Бапи.
Ол Шығыс Қазақстан облысының тау-кен металлургия саласының ошағы екеніне де назар аударған.
«Аталған аймақтағы тау-кен металлургия өнеркәсібінің пайдасы мемлекет пен халыққа қандай пайда беріп жатыр? Өңірдегі зауыттар мен өнеркәсіп кімнің қолында кетті деген дүниеге ревизия жасап, соның есебін беретін уақыт болды. Қазіргі бюджет тапшылығы кезінде өңірдегі тау-кен металлургия өнеркәсібінің халыққа пайдасы болуы керек. Осы және өзге де істерге Сақтағанов жете назар аударуы керек», - дейді депутат Ермұрат Бапи.
«КРЕАТИВТІ ШЕШІМ» ЖӘНЕ БЕРІК УӘЛИГЕ НЕ ЖЕТПЕЙДІ?
Мәжіліс депутаты Абай облысы Берік Уәлиді тағайындау Қасым-Жомарт Тоқаевтың креативті тағайындауы болды деп есептейді.
«Менің білуімше, бұл – әкім болып тағайындалған үшінші журналист. Бірінші әкім Мұхтар Құл-Мұхаммед болса, екіншісі Бейбіт Исабаев және үшінші журналист ретінде Берік Уәли тағайындалып тұр. Бизнес қауымдастықпен ешқандай байланысы жоқ, керісінше ұлттық және туған жерге патриоттық мүддеден басқа бұл азаматта басқа мүдде болмайды деп ойлаймын. Президентпен соңғы 3-4 жылдан бері қатар жүргендіктен мемлекет басшысы Абай облысына төл түлегін тағайындаған сияқты», - деген депутат Берік Уәлидің кемшілігін де атап өткен.
«Кезінде жетім қыздай өгей болып қалған Семей өңірін түлетуге осындай ұлттық мүддеге жұмыс істейтін парасатты азамат лайық деп тапса керек. Әрине, Берік Уәлидің мемлекеттік және өндірістік басқару тәжірибесі кемшін. Бірақ ол әр сала бойынша мықты-мықты орынбасарлар таңдап алатын болса, ал өзі жергілікті жердің жағдайына байланысты ұйымдастыра білсе болды. Берік Уәли «Туған жерге туыңды тік» дегендей Абай облысының төл перзенті. Оған енді азаматтық қана міндет емес, перзенттік міндет жүктеліп отыр. Бойында қуаты бар, күш-жігері бар, өзінің туған өлкесін дамытуға барлық күш-жігерімен кіріседі деген сенімдемін»,- деді ол.
Әлеуметтік желіде «Берік Уәли Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын атап өту үшін тағайындалды» деп жазып жатқан азаматтар бар. Әйтсе де Ермұрат Бапи жұрттың бұл пікірімен келіспейді.
«Бұл енді қоғамдық ортадағы конспирологиялық пікір ғой. Жеке өз басым Берік Уәлиді Абайдың 180 жылдығына байланысты тағайындады деп ойламаймын. Бұл енді өте ұсақ пікір болады. Тұтас өңірдің басқару мәселесін бір мерейтоймен байланыстырып қоюға болмайды деп ойлаймын. Әрине, Абай мерейтойын өткізу қазақ үшін ғана емес, әлемдік руханиятқа қажетті мәселе. Себебі Абай әлемдік тұлға ғой. Мерейтой өтеді де, кетеді. Облысты басқарып, оны одан әрі жетілдіру мәселесі күнделікті қажыр-қайратты қажет етеді», - дейді Ермұрат Бапи.
«МӘСЕЛЕ АДАМЫНДА ЕМЕС»
Мәжіліс депутатының пікірімен саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев мүлде келіспейді. Сарапшы әкімді президент әкімшілігі емес, жергілікті мәслихат өзі президентке ұсынып, тағайындалуы керек екенін ескертті.
«Шығыс Қазақстан облысын басқарған Ермек Көшербаев – 1,5 жыл, ал Абай облысын Нұрлан Ұранхаев 3,5 жыл басқарды. Аталған азаматтар өңірді жақсы басқарды ма, жоқ әлде нашар басқарды ма, ол туралы нақты ақпаратты білмейміз. Бірақ облыс басқарған адам 3 жылда мардымды шаруа істей ала ма? Қандайда бір жоба немесе зауыт салып үлгере ме? Қысқа мерзімде ауқымды жұмысты істеп үлгермейді ғой. Әкімдер тағайындалады да, арада 2 жыл өтпей ауыстырып тастайды. Аз ғана уақыттың ішінде қалай кешенді жұмыстарды істеуге болады?» - дейді Қазыбек Бейсебаев.
Ол әкімдерді тағайындауға ескеру керек жайт ретінде мынаны айтты.
«Бізде Конституция бойынша облыс әкімдерін президент тағайындайды. Астанадағы Президент әкімшілігінде отырған адам өзі білмейтін өңірдегі екі үміткерді қалай ұсынады? Егер Абай мен Шығыс Қазақстан облысының мәслихаты екі үміткерді өздері таңдап, президентке ұсынса әңгіме басқаша болар еді. Бұл адамдар облыс әкімі болып қанша уақыт отырады? Шамалы уақыт өткеннен кейін жоғары жақтан ештеңе түсіндірместен алып тастай салады. Шынын айтқанда халықтың облыс әкімінің тағайындауға ешқандай ықпалы жоқ. Бұл мүлде дұрыс емес», - дейді саясаттанушы.
Ол әкімдер ісіне сын болған жайды да атап өтті.
«Мысалы, былтыр екі облыстың сағат белдеуі өзгерді. Сонда 2 облыстың әкімі да халыққа ыңғайсыз сағат белдеуіне байланысты бір сөз айтпай, үндемей отырды. Сағат белдеуін ауыстыру Шығыс Қазақстан облысының халқына қатты кедергі келтірді. Бірақ Ермек Көшербаев пен Нұрлан Ұранхаев бір де бір пікір білдірген жоқ», - дейді Қазыбек Бейсебаев.
Ол облыс әкімдерін бұрыннан жалғасып келе жатқан қазіргідей тағайындау жүйесі мүлде дұрыс емес деген сенімде.
«Берік Уәли бола ма, жоқ әлде Нұрымбет Сақтағанов бола ма, мәселе адамда емес. Біздің елдегі облыс әкімдерін тағайындау жүйесі дұрыс емес. Себебі халықтың талап-тілегімен санаспайды. Біз билік Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдерін қандай критерий бойынша таңдағанын білмейміз»,- дейді саясаттанушы.