АҚШ Президенті Дональд Трамптың Қытай мен Еуропа Одағының өнімдері үшін шектеу тарифтерін енгізуі Брюссель мен Бейжің үшін ғана емес, бүкіл әлем экономикасы үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Орталық Азия да осы әсерден сырт қалмайды. Себебі бұл аймақ сауда соғысының қақтығысында оңай тұтқынға айналуы ықтимал. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі».
Орталық Азияның ешбір елі АҚШ-ты негізгі экономикалық серіктес ретінде қарастырмайды. Бірақ Трамптың Еуропа Одағы (ЕО) мен Қытайға қарсы сауда соғысы барлық Орталық Азия елдеріне әсер етеді деп күтілуде. Олардың Қытаймен нығайған экономикалық байланыстары мен аймақтағы ЕО-ның өсіп келе жатқан ықпалы бір кездері стратегиялық артықшылық ретінде қарастырылған. Алайда, қазір бұл семсердің жүзінде отырғандай әсер береді.
Украинаға Ресейдің басып кіруіне байланысты барлық Орталық Азия мемлекеттері Бейжіңмен және Брюссельмен экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға ұмтылды. Қытайдың ЕО-мен әріптестіктері сауда мен инвестициялар арқылы өскен болса да, Вашингтонның Қытай мен Еуропа тауарларына салған тарифтері Орталық Азияда әртүрлі тауарларға сұраныстың азаюына әкелуде.
Трамптың тариф саясаты Бейжіңге стратегиялық маңызды аймақта Вашингтонға әсер етудің белгілі бір тетіктерін бере алады. Атлантикалық кеңестің Еуразия орталығының ғылыми қызметкері Марк Темницкийдің айтуынша, АҚШ тарифтерінің әсерін бәсеңдету үшін Қытай Орталық Азия елдерімен сауда және энергетика қатынастарын арттыруы мүмкін.
"Бұл Қытайдың Орталық Азиямен қарым-қатынасын одан әрі жеделдетіп, аймақтағы мемлекеттердің сауда саласында Қытайға көбірек тәуелді болуына әкелуі мүмкін. Қытайдың Орталық Азияға жақындығын ескерсек, бұл аймақ елдерінің Еуропа Одағымен, сондай-ақ Америка Құрама Штаттарымен сауда қатынастарының төмендеуіне әкеледі. Өйткені олар Қытайдың бағасын қолдайды", - деді Темницкий Times Of Central Asia-ға берген сұхбатында.
АҚШ-тың аймақтағы екіжақты саудасы ешқашан айтарлықтай күшті болған емес. Дегенмен Қазақстанды ерекше атап өту керек. Өйткені бұл – Орталық Азияның ең ірі экономикасы және АҚШ-пен сауда айналымы миллиард доллардан асатын жалғыз ел. Ресми статистика бойынша, 2024 жылы АҚШ-тың Қазақстанмен жалпы саудасы 3,4 миллиард доллар деп бағаланған. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінің АҚШ-пен сауда көлемі Қазақстаннан төмен. Бірақ бұның бәрі 2023 жылы Қытайдың Орталық Азиямен 89,4 миллиард доллар көлеміндегі саудасымен салыстырғанда теңіздегі тамшыдай ғана.
«Трамптың тариф саясаты Орталық Азия мемлекеттерінің Қытайға тәуелділігін одан әрі арттыруы мүмкін. Бұл Қытайдың Орталық Азиядағы сауда және энергетика саласындағы монополиясын қалыптастыруы ықтимал. Басқаша айтқанда, аймақтағы елдер экономикасы мен нарығын әртараптандыра алмайды. Осылайша Қытайдың бұл аймақтағы бақылауы күшейеді»,- деп атап өтті Темницкий.
Дегенмен, бұл Қытай болашақта Вашингтонның тариф саясатынан пайда көреді дегенді білдірмейді. Сент-Томас университетінің экономика профессоры Тайлер Шиппердің айтуынша, Қытай соңғы бірнеше онжылдықтағы экономикалық тұрғыдан ең қауқарсыз кезеңді өткеріп жатыр. Сондықтан АҚШ-пен кез келген сауда соғысы Қытай экономикасын одан әрі әлсіретіп, Орталық Азиядан келетін энергетика мен минералдық экспорттарға деген сұранысты азайтады.
«Байден әкімшілігі де, Трамп әкімшілігі де сирек кездесетін пайдалы қазбаларға қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін қарым-қатынас орнатуға назар аударуда. Қазіргі әкімшіліктің сыртқы саясаттағы тәсіліне қарағанда, АҚШ пен Орталық Азия экономикалары арасында жаңа сауда қатынастарын қалыптастыру үшін мүмкіндіктер пайда болуы мүмкін», - деді Шиппер Central Asia Times басылымына берген сұхбатында.
Сирек кездесетін 15 кен орны мен маңызды шикізат базасы бар Қазақстан АҚШ пен Ресей арасындағы бейбіт келіссөздердің тақырыбы болған Украинамен салыстырғанда айтарлықтай үлкен қорға ие. Тіпті, ол Қытайдан да асып түсуі мүмкін. Өзбекстан да маңызды сирек минералдардың жеткізушісіне айналып, Еуропа Одағымен жасыл энергетика және технологиялар үшін маңызды материалдар өндірісін кеңейту бойынша серіктестік орнатуда.
Орталық Азия сирек кездесетін минералдар және энергия көздерін экспорттарымен танымал болғандықтан, АҚШ байланысты нығайтуға белсене қатысуда. Бұл маңызды минералдар жеткізілімін әртараптандыру және Пекинге тәуелділікті азайту мақсатында жасалуда деп болжауға болады. Сондықтан Kaz Resources компаниясының бас директоры Пини Алтаустың айтуынша, бұл аймақ Вашингтон үшін геосаяси тұрғыдан маңызды.
«Трамп әкімшілігі алғашқы күндерінде-ақ минералды бай елдерден маңызды минералдарды алу туралы бұйрықтар шығарды. C5 елдері (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан) АҚШ үшін ең қолайлы елдер. Себебі оларда минералды қазбалар, дамыған өндіріс, ұлттық қауіпсіздік және жаңартылатын энергия үшін маңызды түрлі минералдардың кең спектрі бар», - деп түсіндірді Алтаус Central Asia Times басылымына берген сұхбатында.
Оның пікірінше, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Өзбекстанның сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовтың телефон арқылы сөйлесіп, маңызды минералдар мен C5 мәселелерін талқылауы аймақтың АҚШ үшін стратегиялық маңыздылығын тағы да дәлелдейді.
«Қазіргі тарифтер – Вашингтондағы кең ауқымды оқшаулану көңіл-күйінің бір бөлігі. Мұндай жағдайда АҚШ-тың Орталық Азиядағы инвестицияларының артуы екіталай»,- деді Шиппер.
Оның пайымдауынша, АҚШ-тың сауда серіктестеріне қатысты қосымша тарифтер енгізуі Орталық Азия сияқты ықпалы аз нарықтарға жаңа инвестицияларды одан әрі тежейді.
«Бұл Қытайды, егер Украинадағы соғысын аяқтаса мүмкін Ресейді де аймақтағы шетелдік тікелей инвестициялар үшін ең ықтимал көздерге айналдырады», – деп қосты Шиппер.
АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық алшақтық Орталық Азияға әсер ететініне күмән жоқ. Бұл өзгерістен негізгі пайда табатын кім – әлі де белгісіз болып қалып отыр. Вашингтон, Пекин, Ресей немесе аймақтағы басқа жаңа күштердің қайсысы басым түседі – жауап беруге әлі ерте.