Өткен наурыз айында Қазақстандағы ықпалды кәсіпкерлердің бірі Александр Машкевич 72 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Израиль мен Канада азаматтығына ие екені айтылатын Машкевичтің Қазақстандағы байлығы туралы не белгілі?
2011 жылы америкалық Forbes журналы Машкевичтің байлығын 3,6 миллиард АҚШ доллары деп бағалап, оны ең бай израильдіктер тізімінде 6 орынға қойған. Ол бұл рейтингте соңғы рет 2019 жылы 2,4 миллиард доллармен аталды. Ұзақ уақыт бойы Александр Машкевич «еуразиялық үштіктің» негізгі жобасы – Eurasian Resources Group (ERG) директорлар кеңесін басқарды. Тек өткен жылдың шілде айында бұл қызметке марқұм Әлиджан Ибрагимовтың ұлы Шухрат Ибрагимов келді. Журналист Дмитрий Шишкин әлеуметтік желідегі өз парақшаларында кәсіпкер Машкевичтің мұрасы туралы тоқталған.
ТОПТАҒЫ ЫҚПАЛЫ
Nege.kz сайтына берген жауабында Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Александр Машкевичтің қайтыс болуы компанияның ішкі және сыртқы саясатына әсер етпейтінін хабарлаған. Себебі ол біраз уақыттан бері директорлар кеңесінің құрамында болмаған.
Айта кетейік, ERG компаниясының тағы бір негізін қалаушы – Патох Шодиев те Машкевичпен бірге директорлар кеңесінен кеткен. Оның орнына ұлы Сабир Шодиев келді. Директорлар кеңесінен кетер алдында Александр Машкевич өз орнына Эдуард Сурлевичті ұсынған. Күні бүгін Сурлевич компанияда Машкевичтің мұрагерлерінің мүддесін білдіреді деген болжам бар.
Еске сала кетсек, ERG директорлар кеңесінің мүшелері қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі – Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен Қаржы министрі Мәди Такиев те бар. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы үкіметінің атынан компанияның 40 пайызы мемлекет меншігінде.
Александр Машкевичтің Eurasian Resources Group-тағы үлесі 20,7 пайызды құрайды. Бұл үлестің тікелей мұрагерлері – жұбайы Лариса Васильевна және екі қызы – Алла мен Анна.
Қазіргі таңда Шухрат Ибрагимов ықпалды тұлғалардың бірі саналуда. Себебі ол тек директорлар кеңесін басқарып қана қоймай, жақында Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының бас атқарушы директоры қызметіне тағайындалды. Сонымен қатар, ол «Еуразия» сақтандыру компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы қызметін де атқарады.
Ал «Еуразиялық банкке» келетін болсақ, Александр Машкевичтен кейін директорлар кеңесінің жаңа төрағасы кім болғаны туралы ақпарат банк сайтында әлі жарияланбаған. Бұған дейін Патох Шодиевтің қызы Муниса өз еркімен директорлар кеңесінен шыққан еді. Аталған екі қаржы институтының бас компаниясы – «Еуразиялық қаржы компаниясының» сайтында бұл жөнінде де мәлімет жоқ.
МҰРАГЕРЛЕР КІМ?
ERG компаниясының директорлар кеңесінде Александр Машкевичтің орнына келген Эдуард Сурлевич туралы көп ақпарат жоқ. Алайда Ұлыбританияның компаниялар тізіміндегі деректерге қарағанда, ол да Машкевичтің қыздары — 1977 жылы туған Алла мен 1982 жылы туған Анна сияқты Бельгия азаматтығына ие.
Кем дегенде 2013 жылдан бері ол Машкевичтің мұрагерлерімен байланысты бизнестерге қатысып келеді. Мысалы, 2013 жылдан 2015 жылға дейін Сурлевич интернет-саудамен айналысқан. Қазір таратылған Motilo Limited атты лондондық компанияда жұмыс істеген. Әр жылдары бұл компанияны Алла мен Анна Машкевич басқарған немесе басшылық құрамында болған.
ERG құрылымына кіретін компаниялардың бірінің ең өзекті тұлғалар тізіміне сәйкес, марқұм олигарх Александр Машкевичтің тікелей мұрагерлері — жұбайы Лариса Васильевна мен екі қызы. Сондай-ақ, оның Бельгияда тұратын дирижёр және композитор Ілия Антонович есімді інісі де мұраға еншілес аталады.
Алла Машкевич заңгер мамандығын алған. Бельгия азаматтығымен қатар Израиль азаматтығына да ие. 2012 жылы ол Тунистен шыққан діни еврей азаматқа тұрмысқа шыққаны туралы ақпарат тараған.
Айта кетерлігі, Ұлыбританияда құрылған және кейін таратылған The Machkevitch Foundation қорын 45 жастағы Якуб-Фраем Бухрис басқарған. Ол — Тунис тумасы, Франция азаматы. Кейбір деректерге сәйкес, 2016 жылы Лондондағы Грин-стрит көшесіндегі №1 пәтерде тұрған. Telegram-арналардың бірінің мәліметінше, дәл осы үйдің бірінші қабатындағы екі пәтерді Алла Машкевич 2003 жылдың желтоқсанында сатып алған.
Эдуард Сурлевич пен Якуб-Фраем Бухрис 2014 жылы бір уақытта Ұлыбританияда тіркелген Uzone Properties Limited компаниясында жұмысын бастаған. Компания құрылғаннан бір жыл өткен соң, 2015 жылы, таратылған.
Францияның бизнес-реестріндегі ақпаратқа сүйенсек, Бухрис әртүрлі қалаларда тіркелген 9 компанияда тікелей басқарушы, серіктес және таратушы (ликвидатор) ретінде көрсетілген. Бұл кәсіпорындар көтерме саудамен, жылжымайтын мүлік операцияларымен, сондай-ақ қаржы және сақтандыру қызметтерін көрсетудің қосалқы қызмет түрлерімен айналысады.
ОТБАСЫ
Анна Машкевич графикалық дизайнер мамандығын алған. Ол 2020 жылы Eurasian Natural Resources Corporation (ENRC, кейін ERG) компаниясына қатысты даулы іс бойынша сотқа тартылды. Британияның Қатал қылмыстық алаяқтықпен күрес бюросы (SFO) бұл компанияны 10 жыл бойы тергеп келген. Анна Машкевич сотта тергеуге толық көмек көрсетуден бас тартты деп айыпталды. Оған кейбір құжаттарды ұсынбағаны үшін айып тағылды. Бұл үшін ол 800 фунт стерлинг айыппұл төлеп, 181 фунт «зардап шеккен тарапқа» және SFO шығындарын өтеуге міндеттелді. Алайда, 2021 жылы апелляциялық сот барлық айыптарды алып тастап, оны ақтады.
Бұған дейін, 2020 жылы SFO ENRC ісі бойынша тергеуді дәлелдердің жоқтығына байланысты тоқтатқан болатын. Бұл іс пара алу оқиғасына қатысты болды, мұнда 35 миллион доллар көлемінде пара алғаны туралы дәлелдер ізделген еді.
Александр Машкевич пен Ибрагимовтар отбасының ERG-дегі үлесі 20,7 пайызды құрайды. Патох Шодиевтің үлесі – 18,6 пайыз. 2013 жылы жоғарыда аталған тергеу басталғаннан кейін және көрсеткіштер айтарлықтай нашарлағаннан (акциялар құны 2010 жылмен салыстырғанда 80 пайызға төмендеген) кейін ENRC Лондон және Қазақстан қор биржаларынан бас тартты және мемлекет көмегінің арқасында ERG құрамына енді.
Ratel басылымының жазуынша, 2011 жылдан бастап еуразиялықтардың құрылымдары Қазақстан Республикасынан 2,4 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаражат алған. Бұл – ENRC-ны Лондон биржасынан шығаруға жұмсалған қаражат пен 2016 жылы ERG қарызын қайта құрылымдау кезінде мемлекет тарапынан берілген болуы мүмкін мемлекеттік кепілдіктерді есептемегендегі сома.
ДИАПАЗОН
90 жылдары жасалған жер қойнауын пайдалану келісімшарттарына сүйенсек, еуразиялықтар Қазақстанда кем дегенде тағы 50 жыл жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Хром рудасын өндіруге қатысты негізгі жер қойнауын пайдалану келісімшарты 2041 жылы аяқталады. Алайда, топ басшылығы бұл келісімшарттың пайдалы қызмет ету мерзімі аяқталғанға дейін, яғни 2074 жылға дейін номиналды құны бойынша ұзартылатынын күтуде.
ERG тобы Люксембургте тіркелген және әлемнің төрт құрлығындағы 20 елде қызмет атқарады. Бірақ оның ең ірі өндірістік активтері Қазақстанда орналасқан. Бұл жерде компания феррохром, көмір, темір рудасы және глинозём өндіреді. Ал ERG құрамындағы кәсіпорындар электр энергиясын өндіреді, өнеркәсіптік жабдық шығарса, «Транском» ЖШС Қазақстандағы ең ірі жүк вагондары операторы саналады.
Жылдық есепке сәйкес, 2023 жылы топтың кірісі 6,5 миллиард АҚШ долларын (2022 жылы – 7,9 миллиард доллар) құраған. Акционерлер мен кредит берушілерге төлемдер 525 миллион доллар болса, салықтық төлемдер мен басқа да міндетті аударымдар 1,3 миллиард долларды құраған. оның ішінде Қазақстанға 830 миллион доллар тиесілі.
Топтың Қазақстандағы негізгі кәсіпорындары кеңестік кезеңнен қалған. Мысалы, Донской тау-кен байыту комбинаты 1938 жылдан бері жұмыс істейді, ал Ақтөбе ферроқорытпа зауыты 1943 жылдан бері жұмыс атқарады. Бұл кәсіпорындардың барлығы 90 жылдардың ортасында жекешелендірілген. Жалпы алғанда, ERG активтері елдің металлургия және тау-кен өнеркәсібінің шамамен үштен бір бөлігін құрайды. Қазақстандағы кәсіпорындарының арқасында ERG әлемдегі хром мөлшері бойынша ең жоғары саналатын жоғары көміртекті феррохромның ең ірі өндірушісі. Сонымен қатар, компания еліміздегі жалғыз алюминий өндіруші және электр энергиясын өндіру нарығының 17 пайызына иелік етеді.
КӘСІПОРЫНДАР
Топ құрамында 20-дан астам негізгі кәсіпорын бар. Олардың қызмет ауқымы кең, электр энергиясын өндіру мен жеткізуден бастап IT және несиелеуге дейін атқарады.
Құрамына кен өндіру, байыту және металлургиялық кәсіпорындар кіретін - «ТНК «Қазхром» АҚ. Оның құрамында Хромтаудағы Донской тау-кен байыту комбинаты мен ГОК-тың ескі шламдарын қайта өңдейтін ERG Green фабрикасы, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Ақсу ферроқорытпа зауыты, Қарағандыдағы «Қазмарганец» кен басқармасы бар.
«Қазхром» феррохром, ферросиликомарганец, ферросилиций және хром кені концентратын өндіреді. Өнімдерін Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ және Еуропа елдері сатып алады. Компанияның әлемдік феррохром нарығындағы үлесі (хром эквивалентімен есептегенде) 13 пайызды құрайды. 2023 жылы компанияның таза пайдасы 197 млрд теңгені, ал жалпы кірісі 1 трлн теңгеден астам қаржыны құраған.
Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі (ССКӨБ) – Қазақстандағы темір рудасы, шағылтас және доломит өндіретін ірі кәсіпорын. Компания домна өндірісіне арналған шикізатты шығарады. Оның құрамына Соколов, Сарыбай, Қашар және Құржынкөл кеніштері, сондай-ақ Алексеев доломит кеніші кіреді. Сонымен қатар, ССКӨБ-ке байыту фабрикалары мен Рудныйдағы метал зауыты және Рудный ЖЭО (жылу электр орталығы) тиесілі.
Украинадағы соғысқа дейін шикізаттың басым бөлігі (шамамен 60-65 пайызы) Магнитогорск металлургия комбинатына (ММК) жөнелтілетін. Алайда ММК иесі санкцияларға іліккеннен кейін бұл жеткізілімдер тоқтатылды.
Inbusiness.kz мәліметінше, 2023 жылы темір кенінің концентратын сату көлемі 2021 жылмен салыстырғанда екі есе азайған. Сонымен бірге, ССКӨБ Қытайға дайын өнім жеткізілімін арттырған. Kursivтің жазуынша, Ресейге жалпы жеткізілім көлемі төмендегенімен, ССКӨБ Челябі және Батыс Сібір металлургия комбинаттарына өнім жеткізуді қайта жандандырған.
2023 жылы жалпы табыс 386 миллиард теңгені құрағанымен, ССКӨБ 56 миллиард теңге көлемінде шығынға ұшыраған.
АҚ-ның құрамында жеті еншілес кәсіпорын бар. Олардың қатарына емдеу-сауықтыру орталығы, мейрамхана кешені, көлік компаниясы, жобалау және құрылыс-монтаж жұмыстарымен айналысатын кәсіпорын, электр желілерін пайдалану және техникалық қызмет көрсету компаниясы, ғылыми-зерттеу орталығы, сондай-ақ электр желілері мен қосалқы станцияларға техникалық қызмет көрсететін және жөндейтін кәсіпорын және темір рудасын өндіретін компания кіреді.
«Қазақстан Алюминийі» АҚ – Қазақстандағы глинозём (алюминий өндіруге арналған шикізат) өндіретін жалғыз кәсіпорын. Оның жылдық өндірістік көлемі – 1,4 млн тонна. Құрамына Павлодар алюминий зауыты, Қостанай облысындағы Қызыл Октябрь боксит кен басқармасы және Павлодар облысындағы «Керегетас» әктасты кеніші кіреді. Павлодар ЖЭО-1 –компанияның құрылымдық бөлімшесі.
АҚ-ның 2023 жылғы табысы шамамен 246 млрд теңгені, ал пайдасы 2,5 млрд теңгені құраған (бұрынғы жылы бұл көрсеткіш 57 млрд теңге болған). Айта кету керек, шикізаттың басым бөлігі экспортталады. Қазақстандық глинозёмді Тәжікстандағы мемлекеттік компания «ТАЛКО»-ға тиесілі алюминий зауыты мен Ресейдің «РУСАЛ» компаниясы сатып алады. Шикізаттың бір бөлігі ERG құрамындағы Қазақстан электролиз зауытында өңделеді.
Электролиз зауытының 2023 жылғы табысы шамамен 278 млрд теңгені, ал таза пайдасы шамамен 17 млрд теңгені құраған (алдыңғы жылы – 33 млрд теңге).
«Шұбаркөл Көмір» компаниясы Қарағанды облысындағы Шұбаркөл кен орнында «Орталық» және «Батыс» көмір разрездерін игеріп жатыр. Бұл компания Қазақстанның коммуналдық-тұрмыстық секторындағы отынға деген сұраныстың 25 пайызын қамтамсыз етеді. 2023 жылы компанияның табысы 128,5 млрд теңгені, ал таза пайдасы 26,4 млрд теңгені құраған (2022 жылы – 7,5 млрд теңге).
«Жайрем марганеці» АҚ Қарағанды облысында марганец рудасын қазып алып, одан концентрат өндіреді. 2023 жылы компанияның табысы 2,5 миллиард теңге болса, шығыны 9,5 миллиард теңгені көрсеткен (2022 жылы кәсіпорын 272 миллион теңге пайда тапқан). Залалдың басты себебі – өнімнің өзіндік құны, ол шамамен 6 миллиард теңгені құрайды.