12 тамызда Сенатқа сайланатын 17 сенатор кім?

2792
Adyrna.kz Telegram

Сонымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы 2020 жылғы 12 тамызда өтетін болды. Бұған дейін де талай сайлауды өткізіп, көзі үйренген халық бұл дүбірге соншалықты маңыз беріп отырған жоқ. Неге? Мұның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, келешекте Елордаға келетін 17 сенаторды халық сайламайды, олардың кандидатурасына аймақта мәслихат депутаттары дауыс береді. Бірақ заңдылыққа сәйкес, мәслихат депутаттарына кезінде халықтың өзі таңдау жасаған. Сондықтан дауыс беретін мәслихат депутаттары халықтың адамы болып есептеледі. Заңдық қисыны да солай.

Екіншіден, өкілеттік мерзімі біткен сенаторлардың барлығы да 2014 жылдан бері, 6 жыл бойы парламент қабырғасында отырды. Заң қабылдады. Халықпен кездесті. Енді өкілеттілік мерзімі бітті.

Үшіншіден, алты жыл бойы жалақысы жоғары болып, мемлекеттік жеңілдікті пайдаланған сенаторлардың барлығы жыл құсындай жылы орнына қайтып келе ме? Бұл ең шешуші мәселе және көпшілікті де толғандырып отырған басты  сауал.  

Төртіншіден, нақты таңдау 12 тамызда  жасалады. Бірақ 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 69 бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары өкілеттіктерінің конституциялық мерзімі 2020 жылғы қазан айында аяқталады. Сондықтан бүгінгі 17 сенатор әлі де алдағы бір-екі айда

мемлекеттің тиісті жеңілдігін пайдалана алады. Ең бір қызығы, 17 депутаттың ішінде парламент қабырғасында бір-ақ жыл отырған сенатор бар. Ол  – 2019 жылы Шымкент қаласынан Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаттығына сайланған Айгүл Жарылқасынқызы Қапбарова. Мамандығы –журналист. Депутаттық мандатты ұстап, төсбелгіні бір-ақ жыл омырауына таққан Айгүл Жарылқасынқызы байырғы мамандығына қайта бара ма, әлде халықтың жоғын іздеп, қайтадан парламент қабырғасына келе  ме? Ол жағы әлі мәлімсіз. Десек те, өкілеттілігі аяқталған 17-нің ішінде қайтадан «жылы орнына» келгісі келетіндері  байқалып қалды. Қарағанды облысынан сайланған Сергей Ершов алдағы Сенат сайлауына қайтадан түсетінін мәлімдеді.

Бірақ ең басты сауал мынаған келіп тіреледі: 12 тамыз күні кімдер басым дауыс алуы мүмкін?

Пікірлер әртүрлі. Десек те, мәселе мынада: Президент әкімшілігі мен аймақтық әкімшілік кімдерге сенім артып, таңдау жасайды, соларға мәслихат депутаттары дауыс береді. Кейбіреулерді көпшілікке көз етіп көрсету үшін әкімдік әдейі негізгі кандидатқа бәсекелес ретінде қоюы мүмкін.

Бірақ сенаторлықтан кетіп бара жатқан 17 сенатордың көпшілігі зейнеткер жасындағы азаматтар. Ең жасы 45-те. Ол – Шымкенттен сайланған Айгүл Жарылқасынқызы Қапбарова. Ең үлкені -қызылордалық Бекмырза Еламанов пен алматылық Төлеубек Мұқашев, екеуінің де жасы - 70-те. Ал қалғандары – 57 мен 70 жастың аралығында. Демек, мұнан шығатын тұжырым: қарттыққа бет алған зейнеткер-депутаттардың басым бөлігі қайтадан сенатор бола алмайды. Өйткені қалай  айтқанда да, жоғары билік кейінгі кезде көп талқыланған қоғамдық пікірді ескеруі тиіс. Ол –шал-шауқандарды парламентке жолатпау мәселесі. Егер көп  талқысын билік ескерер болса, бұрын  қызметтен түсіп қалған атқамінерлерге емес, бүгінгі Тоқаев командасы орта жастағы азаматтарға сенім артуы тиіс. Оның үстіне кейінгі кезде аймақта облыс әкімінің әлеуметтік, экономикалық және идеологиялық саласын басқаруға жастар келіп жатыр. Демек, сенаторлар да осы сайлауда «жасаруы» тиіс. Сонымен...

Сенатқа келетін 17 сенатор кімдер болуы мүмкін?

  1. Тікелей Президент тағайындағандықтан облыс әкімдері сенатор бола алмайды. Оларға әкімдік кресло артық.
  2. Демек, таңдау облыс әкімдіктерінің орынбасарларына түседі. Қазірдің өзінде оңтүстіктегі екі аймақта орынбасар болып қызмет істеген екі азамат сенаторлыққа ұсынылды деген ақпарат бар.
  3. Облыстық әкімдіктің аппарат басшылары мен мәслихат хатшылары да сенаторлықтан дәмелі. Өйткені бұған дейінгі басқару және сайлау тәжірибесіне қарасақ, мұндай лауазымында болған депутаттар баршылық.
  4. Аймаққа есімі белгілі және жергілікті билікте абыройлы қызмет атқарған атқамінерлер де сенаторлыққа ұсынылуы ықтимал.
  5. Өңір экономикасына орасан зор инвестиция құйып, қазынаға үлкен мөлшерде салық төлеп, жергілікті жұртты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған белгілі кәсіпкерлердің кандидатурасы да бұған лайықты.
  6. Сондай-ақ өкілеттілгі аяқталып жатқан 17 сенатордың бірнешеуі қайтадан сенатқа келеді деген болжам бар.
  7. Ал республикалық маңызы бар үш қалада танымал фигуралар жетерлік. Тіпті жоғары оқу орындарының ректорлардың бірі ұсынылып жатса, бұл артық емес. Бұл үш мегаполисте таңдау көп.

Дегенмен бәрін де уақыт көрсетер. Бірақ ақиқаты, Мәжілістің жіберген заң жобаларын қайта-қайта сүзгіден өткізіп отыратын Сенатқа енді жаңаша  ойлайтын, ұлтжанды тұлғалар керек боп тұр...

Еркін ҚАЛДАН

 

 

 

Пікірлер