Ерлік елеусіз қалмайды!

3061
Adyrna.kz Telegram

Биыл Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 75 жыл. ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде 60 миллион адам қайтыс болып, соның 28 миллионы Кеңес одағының халқы және 400 мыңнан астамы Қазақстан халқы екендігін бүгінде тарих нақтылап берді. Ал 1941-1945 жылдардағы Кеңес халқының Ұлы Отан соғысын «ІІ дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі» деп қарастыру да ғылымда оң бағасын көрсетіп отыр. Әр жыл сайын Ұлы Отан соғысы жайлы сөз болғанда менің де кеудемді мақтаныш сезімі кернейтіні рас.

1941 жылы еліміздің тәуелсіздігін ғана емес, бүкіл адамзат баласын фашизмнің құлдық қамытынан сақтап қалуға азаматтық үлесін қосу үшін әр аймақтан майдангерлер соғысқа аттанды. Осы қауіпті соғысқа аттанғандардың арасында менің атам – Рысқұлұлы Сман да бар еді. Атам 1912 жылдың 1 қаңтарында (өзінің айтуы бойынша «соғым сойған кезде») Жамбыл облысы, Қызыларық (қазіргі Көшек батыр) ауылында дүниеге келген.

Қызыларық ауылынан 1941 жылы майданға 146 адам аттанып, оның 75-і елге оралмаған. Бір отбасынан 3-4 адамнан кеткендері де болған екен. Осы  зұлмат кезде Рысқұлов әулетінен менің атам Сман және ағасы Ысқақ екеуі майданға аттанады. Өкінішке қарай Ысқақ атамыз соғыстан қайтып оралмайды.

Ал атам Сман 1941 жылдан бастап Мәскеудегі Осоавиахим, Псков, Сталинград қоршауында соғысады. 1941 жылы «СССР-ді қорғау және авиациялық-химиялық құрылысына жәрдемдесу қоғамының» мүшелігіне қабылданған. Бізге жеткен түпнұсқа құжаттың сыртында: «Барлық елдердің пролетариаты, бірігіңдер!» деген үндеу жазылған. 1944 жылы Сталинград түбіндегі шайқаста оң аяғын снаряд жарықшағы жаралап, госпиталға түседі. Екі жылдан соң маусым айында елге оралып, 1995 жылдың 20-желтоқсанында қайтыс болады.

Сан қилы ауыр сындарды – қанқұйлы дұшпанмен жан аямас шайқасты, жауынгер жақын достардан айырылудың азасын, соғыстан кейінгі де жанқиярлық еңбекті басынан кешкен Атамның ерлік істері бүгінгі ұрпақтарына үлгі, өнеге. 1985 жылдың 11 наурызында неміс фашистерімен соғыста көрсеткен ерен ерлігі үшін Жеңістің 40 жылдығына орай СССР Жоғарғы Совет Президиумының төрағасының тағайындауымен Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі ордені беріледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев жарлығымен 1995 жылы «Ұлы Отан соғысының 50 жылдығы» мерекелік медалімен және алғыс хатымен марапатталады. Осы жылы Талас ауданының әкімі атынан да майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін марапат берілді. Сонымен қатар, Талас аудандық әскери комиссарының да алғысына ие болады.

Бүгінгі таңда менің атам Рысқұлұлы Сманның есімі Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында, Жамбыл облысы, Талас ауданы, Көшек батыр ауылындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған тағзым ескерткішінде жазылған.

Ұрпағы үшін өшпес үлгі қалдырған Атаммен мақтанамын! Бізге жарқын өмір сыйлағандарыңыз үшін Сіздерге бас иеміз! Саналы ұрпақтарыңыз ешқашан Сіздерді ұмытпайды. Ер есімі – мәңгілік ел есінде!

 

Жансая Сман,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер