Мұң болған мың зауыттың сұрауын кімнен сұраймыз?

794

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев индустрияландыру жылдары Қазақстан экономикасының құрылымында түбегейлі өзгерістер болмағанын  ашып айтқан еді.

«Біз әлемдік конъюнктураның нашарлаған жағдайында бәсекенің артқанын, сауда қақтығыстарының шиеленіскенін, жалпы жаһандық қарама-қайшылықтарды бақылап отырмыз. Біз көріп отырғандай, әлем бір орнында тұрмайды. Сондықтан, біз уақыттан қалып қоймауымыз қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағалауы бойынша экономика құрылымында түбегейлі өзгеріс байқалмайды. 10 жылдан астам уақыт бойы жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11 пайыздың айналасында. 2015-2018 жылдар аралығында еңбек өнімділігінің өсімі жоспарланған 12 пайыздың орнына 4 пайызға ғана жетті.  Отандық өндірушілерді қолдауға бөлінген мақсатты 600 миллиард теңге бюрократиялық проблемаларға байланысты тиісті адресатына жетпеген. «Маған баяндалғандай, 16 тамыздағы жағдай бойынша жалпы құны 62,3 миллиард теңгені құрайтын 148 жоба ғана мақұлданған», – деді Президент.

Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында 8  трлн теңгенің 961 жобасы іске қосылып, 50000  мың тұрақты жұмыс орны ашылған екен. Әйтсе де 2011 жылдан бері елдегі жұмыссыздықтың ресми көрсеткіші 5 пайыздан кемімей тұр.

Естеріңізде болса, 2018 жылдың соңғы жұмыс күні  сол кездегі Премьер –министр Бақытжан Сағынтаев  та ««Мыңдаған зауытты аштық деп айтып отырмыз. Ал олар еңбек өнімділігін неге жоғарылатпайды? Сонда қандай зауыттар ашып жатырсыздар?», деп, мәселені төтесінен қойған.  Бірақ айтылған сөз айтылған күйінде қалды. «Премьер айтты» деп облыс әкімдері өздеріне қарасты аймақта ашылып-жабылған зауыттардың тағдыры туралы үкіметке есеп беруге асықпады.

Мәселенің мәнісін анықтауға Бақытжан Сағынтаев үкіметі де ниет танытпапты. Осылайшы шешілуі тиіс мәселелер дер кезінде шешілмей, айтылмай, күрмеуі күрделі мәселелердің қатарын толықтыра береді. Сарапшылар 2018 жылдың соңғы күні экс-премьер Бақытжан Сағынтаев бастап, бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қостап жоқтаған 1250 кәсіпорынның тым болмаса, 120-сы жұмыс істегенде еліміздің импорт тауарларға деген тәуелділігінің деңгейі анағұрлым төмен болатынын айтады.

Саясаттанушы-сарапшы Замир Қаражанов айтқанындай, мемлекеттің қаржысына салынып, әлдебіреулердің жемсауына түсіп кеткен инвест-жобаларды «Қайда-қайда» деп түгендеу ешкімге абырой бермейді.

«Егер, үкімет шындап кіріссе 1250 зауыттың  қайсысының жұмыс істеп, тоқтап тұрғанын анықтаудың миллион түрлі тетігі бар. «Атамекен ҰКП палатасы шындап кіріссе, скрингтік тәсілмен-ақ анықтауға болар еді. Бірақ бұл қаламға баруға ешкімнің батылы бармайды», дейді Замир Қаражанов.

Әлемдік тәжірибеде    ИИДМБ-ға ұқсайтындар баршылық. Соның ішінде бізге ең жақыны – Қытай тәжірибесі. Бірақ ол елде мемлекеттің қазынасына   қаржыландырған жобаларға жыл аралатып барып  скринг –талдама жасайды.  Қортынды бойынша топ жарып шығады деп үміттенген жобалар мемлекет тарапынан қосымша қаржыландырылады. Мұндай тәжірибе Норвегия және Финляндияда да ішінара болса да кездесіп қалады екен.  Айтпақшы, соңғы екі елдегі кейбір ірі  компаниялар скрингттік талдау бойынша іріктеліп шығыпты.  «Мұндай әдіс әлемнің талай елдерінде бар. Алпауыт компаниялар скрингтік талдама нәтижесінде осылай іріктеліп шығады. Мұндай талдамалар өзге де шағын бизнестің дамуына серпін береді.  ИИДМБ неге  тоғыз жылда бірде-бір екі аяғын тік тұрып, ішкі нарықта сұранысқа ие компанияны   елге танытпады?» деген сауалдың жауабы осы» дейді Замир Қаражанов.

Біздің ел үшін  № 1 проблема – бәсекелестікке басымдық берілмей келді

ИИДМБ шеңберінде қаржыландырылған жобалардың өзі жекелеген әкімдердің мүдделерінен әрі аса алмай қалған сәттері аз емес.

«Кезінде әкімдер халықтың басым көпшілігі жеке кәсіппен айналыссын деген тапсырма алды. Нәтижесінде қорасындағы екі сиырының сүтін сатып, нан-суын айырбастап отырғандардың бәрі жеке кәсіпкер болып танылды да жоғарыға солай есеп берілді», дейді Замир Қаражанов.

Замир Қаражанов кәсіпорындарды қаржыландырудың тетіктерінде айқындылық болмағанына жеке-дара тоқталып өтті. Мемлекет сол жобаларды қаржыландырмастан бұрын бизнестің тамырланып кетуіне қолайлы жағдайды Заңмен бекіту керек еді. Бұл фактор елдегі ішкі-ұлттық инвесторлардың қатарын азайтып жіберіпті. Әлемдік тәжірибеде елдегі инвестицияның 80 пайызы ұлттық инвесторлар,  ал 20 пайызы шетелдік инвесторлар болуы тиіс.

Ұлттық инвестор экономикаға қаржы салуға мүдделі емес,

Замир Қаражанов кез-келген бизнес жоба ең алдымен тәуекелге басымдық беретінін, басқаша болса, оның тәуекелі де жоғары болатынын түсіндіріп берді. Біздегі  ИИДМБ-нің басты кемшілігі ақша бөлінді, сонымен іс біттімен шектелді. Мұның соңы Қазақстан жетідегі бала мен жетпістегі қариясына дейін индустриялды аймақ деген ақпаратқа Президенттің сенуімен, ал халықтың жұмыс іздеп көшеге шығуымен аяқталды. Сондықтан сарапшылар үкімет бағдарламаны қабылдамастан бұрын  бірінші кезекте бизнес-жобаларды қаржыландыруға емес, бәсекелестікке қабылетті ортаның құқығын заңмен қорғауға басымдық беруі екенін айтып отыр.

« Біздің елде бизнестің құқын тек заңмен қорғау жағы кемшін. Қазақ инвестрларының ішкі нарықтағы үлесінің аздығының да себебі осы екен. Осы ретте, сарапшы шетелдік нивесторлардың қаржыландыруымен жүзеге асқан жобаларға аса сақтықпен қарау қажеттігін айтады. Себебі олар қаржысының желге ұшқанына төзбейді. «2008-2018 жылдар арасында қаржыландырылған жобаларда шетелдік инвесторлардың үлесінің қанша болғандығы туралы дерек көздер енді жарияланып жатыр. Мұнда жобалардың жабылып қалуы – Қазақстанның инвестициялық имиджіне теріс әсер етеді. Құны 1-3 млрд АҚШ долларына бағаланған жобалардағы шетелдік инвесторлардың үлесі, кем дегенде 10 пайыз болады, ал бұл аз қаржы емес»,  дейді  Замир Қаражанов.

Өндіріске тек есеп беру үшін емес, өзіміз үшін шындап мойын бұруымыз керек

Экономист-сарапшы  Тоғжан Қожалиеваның айтуынша,    мұндай жобалардың басым көпшілігі   қалталылардың макроэкономикалық жағдайларын шешу үшін қабылданатын көрінеді. Зауытты ашумен шаруа бітпейтінін білу үшін кәсіпкер болудың қажеті жоқ. Тек бизнес пен билік арасындағы «ойын ережесінің» әліппесін білсең болды. «Әлемдік тәжірибеде зауыт немесе кәсіпорындарды ашқан кезде  оның шикізат көзін және қай тарапқа өткізу және тауарлардың өтімділігі зерттеледі. Бұл үшін үкімет жанынан инвестжобалардың географиялық жағдайын зерделейтін тәуелсіз орталық жасақталуы керек.Бізде ондай орталықтың бар-жоғын білмеймін», -дейді Тоғжан Қожалиева.

Сонымен бізде инновациялық жобалар қалай қаржыландырылады емес, қалай пайдалануға беріледі деген сұраққа жауап беріп көрейік!

2015-2018 жылдары  Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпірде  Қызылорда, Түркістан облыстарында бір-біріне көрші қонған аудандарда бір өнім шығаратын зауыттардың тұсауы кесілгенін хабарланды. Қазір ол зауыттардың кейінгі тағдыры жайлы күнделікті басылым беттерінде айтыла бермейді. Мұның соңы қазақ бизнесін төбеден бақылап отырған шенеуніктердің «осының салдарынан салдарынан  шетелдік өндірушілердің өнімдерін сатып алуды жалғастырып келе жатыр» деп шыр-пыры шығып, ақталуына алып келді.

Бір-бірімен ара-қашықтығы  30 километр және тұрғындарының саны 5-10 мыңға жетпейтін ауылдарда бірдей өнім шығаратын  кәсіпорындар не үшін керек?

Сарапшы Тоғжан Қожалиева «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ИИДМБ шеңберінде қаржыландырылған инвестжобалардың  экономикаға әсерін арттырғысы келсе телекөпірлер кезінде жаңадан ашылып жатқаны емес,   нақты жұмыс істейтін жобалардың есебін сұрап, бақылауда ұстау керек» деген пайымды алға тартып отыр.  Себебі кез келген жоба тек екі немесе үш жылдан кейін ғана толық қуатында жұмыс істей бастайды.

Осы ретте сарапшы инновациялық жобаларды қаржыландырған кезде технологиялық тізбектің тиімділігін ескере жүрудің кезі келгенін, бұл  тәсіл  әлемдік технологиялар тізбегіне апарар бірден-бір жол  екенін айтып өтті. Жапонияның немесе Оңтүстік Кореяның алып кәсіпорындары Қытайда өзінің еншілес компанияларын шығаруға мүдделі. Себебі Қытайда  өндірістік технологиялық тізбек мәселесі жүйелі жолға қойылған. Тапсырыстың саны артқан сайын тауардың өзіндік құны да арзандай береді. «Сондықтан әлемнің алпауыт компаниялары бренд өнімдерінің кейбір қосалқы бөлшектерін қытайда шығаруға мүдделі. Мысалы, автокөліктің құтқару жастықшасы бір конвейерде миллион данамен шықса, оның өзіндік құны 100 АҚШ доллары, ал 500 000 мың болса 2 мың мен 3 мың АҚШ долларының айналасында болуы мүмкін.  Өзбекстан  автокөлік өндірісінде осы тәсілге басымдық берді. Қазір өзбек көліктерінің қосалқы бөлшектерінің 90 пайызы Өзбекстанда шығарылады», дейді Тоғжан Қожалиева.

«Технологиялық-өндірістік тізбекті дамытуға қол жеткізсек,   ақпаратты технологиядан хабары бар жастар ЖОО-дан кейін сол өндіріс ошағына баруға асығып тұрар еді» дегенді сарапшылар көптен айтып  тұр. Мұндай жағдайда басымдық тек бәсекеге ғана беріледі. «Біз тым болмаса машинаның доңғалағын сапалы етіп дайындауды үйренейікші. Сол кезде   дүниенің екінші жартысында  орналасқан елде көлік құрастырумен айналысатын алып концерн өзіне қажетті доңғалақты бізден келіп алады. Саған тиесілі – өндірістің бағытын олардың тапсырысына қарап бейімдеу, сол арқылы әлемдік өндірістік тізбекте қазақстандық үлесті көбейтер едік»   дейді Тоғжан Қожалиева.

«Түркия бизнесінің құпиясы не? » деген сауалдың мың түрлі жауабы бар. Түркия экономикасының жалпы сипаты қоғамның орта табысты сегментіне бағытталғанын байқау қиын емес.

Түркиялық кәсіпкер Ахмет Аляз бұл концепсияның негізі 1990 жылдардың басында Түрғыт Өзалдың кезінде қаланғанын айтады. Түрік бизнесінің күре тамырына қан жүгіртіп тұрған осы фактор Түркияны дамыған елдердің қатарына қосты.

«Көпшілік арасында мұны халықтың саудаға бейімділігімен байланыстыратындар көп. Мен мұнымен келіспеймін. 1990 жылдары, Тұрғыт Өзалдың тұсында Қазақстандағы ИИДМБ-на ұқсас    жобаларға басымдық берілді. Қазақстаннан айырмашылығы мұның бәрі өндірістік технологиялық тізбекке негізделді. Арада 10-15  жыл өткенде Түркияның үлкен қалаларының айналасы  бір-бірімен біте қайнасып жатқан кластерлік аймаққа айналды. Түркиядағы атағы әлемге танылған компаниялардың 80 пайызының ірге тасы сол кезде қаланды. Мемлекет әр жобаның басында қарауыл болып таяқ ұстап тұра алмайды. Оған халықтың қолдауы қажет» дейді Ахмет Аляз

Рауан Ілиясов,

"Адырна" ұлттық порталы

   

Пікірлер
Редакция таңдауы