Қазақ мұнайдың қызығын қашан көреді?

3968
Adyrna.kz Telegram

Біз мұнай қорымыздың молдығы жағынан әлемдегі мұнайлы деген 15 мемлекеттің қатарына енеміз. Елдегі мұнай қорының көптігіне байланысты осы уақытқа дейін кеудемізді кере мақтандық, масаттандық. Бірақ соңғы кездері «осынша мол мұнай қорымыз бола тұра неліктен үнемі мұнай өнімдерінің тапшылығына ұшыраймыз. Жыл сайын жанармай қымбаттайды. Тапшылық туындайды. Сонда қазақтың мұнайы қайда кетіп жатыр» деген сауал бұқараны жиі-жиі толғантып-ақ жүр. Жаңа 2020 жыл басталғалы бензин тағы қымбаттады. Жыл сайын қайталанатын бұл жайттың бір шешімі болар-болмасына ешбір инстанцияның кепілдік берер түрі көрінбейді. Ал енді қарапайым халыққа, расымен де, қайтпек керек? Болашақта мемлекеттік тұрғыда не істелінуі керек?
Ойлап қарасақ, қазір әлем елдерінің басым бөлігінде мұнайдан кір жуғыш заттары, әртүрлі пластикалық заттар, кеңсе заттары, үй жиһаздарына дейін алынады. Мұнай химиясын жетік меңгерген елдер шикі мұнайды терең деңгейде ұқсатып отыр. Ал біз шикі мұнайды сыртқа сатқанымызға ғана мақтана аламыз. Бүкіл әлем қазірде мұнай шикізатынан алынатын өнім көрсеткішін 92-94 пайызға дейін жеткізуге талпынып жатыр. Біз, керісінше, өндіретін мұнайдың 90 пайызын шикі күйінше экспорттаудамыз. Ал мамандар бұл әрекеттің кері әсері бұдан әрі де тереңдей түсетінін айтуда.

Бұған қатысты химия ғылымының докторы, профессор, Хакім Суербаев:
«Бүгінде біз мұнай шикізатының аз ғана бөлігін мотор отындары мен дизельді отын ретінде қолданамыз. Оның өзінде отандық тұтынушыларды аталмыш өнімдермен толықтай қамтамасыз етуге қабілетіміз жеткіліксіз. Қазір бірқатар әлем елдері моторлы отындарға қатысты Еуро-5 стандартына еніп кетті. Өкінішке қарай, Қазақстан бұл межеде әлі Еуро-2 стандартына иек артып отыр. Мұның өзі біздің мұнай өңдеу саласының кенжелеп қалғандығын айғақтап тұр. Негізінен, дамушы және дамыған елдерде мұнай өңдеу зауыттарының қасында міндетті түрде мұнай химия өндірісі болады. Осы өндіріс орындары арқылы олар мұнайдан қосалқы өнім алады. Ал біздегі Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттары тек қана мотор отындарын шығарып отырғанның өзінде халықты сапалы жанар-жағармаймен, дизельді отынмен қамтамасыз ете алмай отыр. Талдап айтатын болсақ, жалпы мұнай өңдеудің бірнеше әдіс-тәсілдері бар: біріншіден, айдау, крекинг, риформинг, гидрокрекинг, гидротазалау және басқалар. Мұнайдан бізде, негізінен, бензин, керосин, дизель отыны, мазут алынады. Біз осы мазутқа дейін өнім аламыз да әрі қарай қазбаламаймыз. Ең өкініштісі, бізде мұнай қоры көп бола тұра біз бензинді, дизель отынын, ұшақтарға қажетті отынды, жағармайларды көршілес Ресей елінен импорттаймыз. Қанша байлығымыз бола тұра өзгенің өніміне көз сүзіп жалтақтаймыз. Міне, осы мәселелерді шешу үшін тез арада мұнай химиясын жетілдіруді қолға алғанымыз жөн. Әрине, бұл үшін біраз уақыт кетер, десек те, химия кірмейді менің миыма деген енжарлықтан арылатын уақыт жетті. Өзгелер химиялық жолмен мұнайдан неше түрлі өнім алып жатқанда, біздің бір ғана жанар-жағармай ала алмауымыз өте қынжыларлық нәрсе. Мұнай химиясына бойлап ену үшін бұл үрдісті үйренетін кезең әлдеқашан жетті»,-дейді.
Жалпы, мамандардың пайымдауынша, біздің мұнайымыздың бір ерекшелігі, мұнайымыздың құрамында күкірт қосылыстары көп. Осы жағынан алғанда мұндай мұнайды өңдеп одан өнім алу күрделілек. Бұған қоса, біз табиғи газға бай елміз. Біздің газымыздың басым көпшілігі мұнайымызға ілесіп шығады. Өкініштісі, қазірде осы мұнаймен ілесіп шығатын ілеспе газды ұқсату жағы да бізде өте төмен. Бұған қатысты мамандар «тек қана пайда табуды көздейтін шетелдік алпауыттар бұл жерде қазақтың мұнайын ғана емес, газын да ысырап етіп отыр» дейді.
Бұл рете экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов:
« Біз кезде, тәуелсіздік алған жылдары мұнай өндіру, мұнай өңдеу салаларын өзіміз игеріп кете алмадық. Бұл түсінікті де еді. Ол кездері халықты жаппай кедейшілік жабырқатты. Білікті мамандар мен технологиялық базамыз мүлде жоқ болды. Осыдан барып біздің мұнай-газ саласына шетелдіктер дендеп ене бастады. Басында олар табалдырығымыздан имене аттаса, қазір тіптен билеп-төстеуге айналды. Бұған дәлел, қазірде сол шетелдік мұнай өңдеуші компаниялар еліміздің экологиялық заңнамаларын өрескел бұзып отырғаны өз алдына, қазақтың құқын бұзып, қол астындағы жұмысшыларының еңбегін қанауға дейін барып жатыр. Әлбетте, оларға қазақтың мұнай химиясының өркендегені қажет емес. Олар шикі мұнайды экспорттау арқылы байлыққа кенеліп жатыр. Сөз жоқ, мұнай қазынасын армансыз ақтарып-қопарып жатқан шетелдіктер мұнай химиясына инвестиция салуы керек. Егер елде мұнай химиясы өркендейтін болса, онда біздің тұрмысқа қажетті заттарымыз түгел өзімізден өндіріледі. Үкіметтің құлағына «алтын сырға» деп қоялық. Бұл тараптан арнайы заңдар шығарылып, қаулы-қарарлар қабылданса жөн болар еді. Бірақ көп кеніштерде ілеспе газ ашық аспанда еш пайдаланылмай жанып жатыр. Газдың бұлай ашық аспанда жануы экологиялық тұрғыда өте зиянды. Осы ретте айтарым, осы мәселеге қатысты салмағын бойына жиған шешімдер қабылдауы керек. Осы саладағы бақылау пакетінің басым үлесі Қазақстанның еншісінде болуы қажет. Былайша айтқанда, «жіліктің майлы басы біздікі» болуы керек қой. Ең бастысы, мұнай химиясын жетілдіруге күш салуымыз керек. Қазақстандағы мұнай қорының болжамы 20-25 млрд тонна. Қазақстандағы жалпы газ коры 6 трлн м3. Мұнай өндіруден дүниежүзінде он екінші орын алады. Соның 70 пайызы Қарашығанақтың үлесінде. Былтырғы жылы мұнай өңдеу көлемін 82 млн тоннаға жеткізіп, оның 70 млн тоннасын экспорттау жоспарланған болатын. Жалпы, мұнайымызды шетелге шикі күйінше ғана экспорттап отырған шетелдік компаниялар мұнай химиясын жетік біледі. Бірақ оны қазаққа үйреткісі келмейді. Сондықтан бұл жерде мәселені төтесінен қою керек. Жерінде бір түйір мұнайы жоқ Жапонияның қазіргі жағдайы қалай? Оларда біздегі тәрізді бензин «безгегі» ай сайын, жыл сайын орын алмайды. Себебі олар мұнай химиясын меңгерді. Қазақстандағы мұнай өңдеу технологиясының ескіргені сонша - біз 1 тонна мұнайдан 300-350 келі жанармай алсақ, Ресейдің зауыттары 1 тоннадан 600-700 келі жанармай шығарады. Еуропа мен АҚШ-та бұл көрсеткіш 800-870 келіні құрайды. Мұндай техникалық әлеуетімізбен жанармай тапшылығымен әлі де бетпе-бет келеміз. Сырттан келетін өнімге әлі де тәуелді боламыз. Ал сырттан келетін өнімнің бағасы да құбылмалы болатыны айтпаса да түсінікті емес пе»,-деді.
Жалпы, өзге елдер осы мұнай-газ саласына айрықша назар аударады. Мұнайды ақырына дейін өңдеу әдісіне бүгінде Германия, Израил тәрізді елдер қатты назар аударуда. Тіптен алысқа бармай-ақ көрші Ресейді мысалға алайық, Ресейде тек қана осы мұнай химия өнеркәсібіне қатысты мамандар дайындайтын арнайы жоғары оқу орындары бар. Ең қызығы, біз соншалықты мұнай қорымыз мол бола тұра, осы салаға қатысты бірді-екілі факультеттер ашумен ғана шектеліп отырмыз. Ол факультеттердің өзінде мұнай химиясын тереңдеп оқытпайды. Сондықтан мәселеге ғылыми тұрғыда мән беретін болсақ, мұнай-газ саласын өркендету үшін мынадай жайттарға назар аударған жөн:

а) Маман біліктілігін арттыру керек. Ол үшін көрші елдердегі тәрізді арнайы мұнай химия өнеркәсібін тереңдетіп оқытатын оқу орындары ашылуы керек. Технологиялық базамыз қуатты болуы керек. Біліктілікпен қоса, отандық өндіріс қуаттылығы да артуы қажет;

ә) Мұнай өндіруші, мұнай өңдеуші компанияларды мемлекет қарамағына алғаны жөн. Өйткені біз барлық тізгінді шетелдік алпауыттарға беріп қойдық. Мұның ақыры «жаман үйдің қонағы билейді» дегенге әкеліп отыр;

б) Бұдан соң қандай шешім қабылданса да халықтың мүддесі ескерілуі керек. Егер әркімге бір жалтақтап, өзге жұрттың бабын таба берсек, онда күні ертең келер ұрпақтың алдында дидарымыздың төменшіктеп қалатыны хақ;

в) Заң қатайтылуы керек;

г) Бұдан соң мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялауды бастау керек. Бұл - мұнай химия өнеркәсібіне жан бітіретін үрдіс.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер