АҚШ пен Иран қақтығысы: доллар 215 теңге бола ма?

3422
Adyrna.kz Telegram

АҚШ пен Иранның қақтығысы доллардың бағамына әсер ете ме? Қайсыбір сарапшылар болжап жүргендей, доллардың құны түсе ме? Тіпті қазірде отандық сарапшылардың арасында «доллар 215 теңге болып қалуы да мүмкін» деген пікірде бар.

Қаржыгер Арман Мусиннің байыптауынша, АҚШ пен Иран арасындағы жанжал бақылаудан шығып, тіпті соғысқа айналып кетуі  екіталай. Маманның пайымдауынша, экономикалық тұрғыдан алғанда  бұл жағдай уақытша мұнай бағасының өсуіне жол береді. Мұнай бағасының өсуі Қазақстан экономикасына жағымды әсер етеді. «Алайда, теңгенің айтарлықтай нығаюын күту қисынға келмейді» дейді сарапшы.

«Мұнай бағасы өсе бастады делік, бірақ бір ескеретіні бізде мұнайдан түсетін түсім бюджетке емес,  Ұлттық қорға жинақталады. Бұл арада біз бюджеттің шығындарын, есептеуіміз керек. Ол шығындарды толтыру үшін Ұлттық қорды орталай алмаймыз. Ұлттық қордың қаржысы қандай да бір қиын күндерде ғана алынатыны белгілі. Бюджет бізде үш жылға жоспарланып қойылды. Оның шығындары бар, ішкі-сыртқы нарықтың заңдылықтары бар. Ал бұл арада теңге қатты нығая түседі деп айта алмаймын.  Мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асқан күннің өзінде нақ қазіргі жағдайда бір доллар әрі кетсе 350 теңгеге ғана төмендейді. Негізінде қазір әлемдік нарықта мұнай өте көп. Қазір мұнайға сеніп отыратын уақыт өтті. Жаңа мұнай кен орындарының көптеп ашылуы әлемдік нарықтағы шикі мұнайдың көбеюіне алып келді. Қазір АҚШ тақтатас мұнайын өндіруге көшті. АҚШ  күніне 1 млн баррель мұнай өндіретін жағдайға жетті. Соның арқасында Сауд Арабиясын ығыстырып, әлемдегі ең ірі мұнай өңдеуші елге айналды. Осылайша ОПЕК-ке мүше елдермен Ресейдің мұнайына АҚШ-тың тақтатас мұнайы қосылып, нарықта мұнай көбейді. Бәсеке көбейіп, тұтынушыға талас басталды да, мұнайдың бағасы төмендеді. Алдағы уақытта да мұнайдың бағасы 100 долларға жетеді деу қиындау. Әрі кетсе, мұнай 80 долларға көтеріледі. Себебі бұған мұнай эспорттаушы елдер де, импорттаушы елдер де мұнайдың қымбаттауына мүдделі емес. Сондықтан АҚШ пен Иран қақтығысы ТМД елдерінің экономикасына оңтайлы болады, осының арқасында мұнайдың бағасы өсіп, ұлттық валютамыз нығайып, доллардың бағасы 200 теңге түсіп кетеді деп айту қисынсыз. Оған себеп жоғарыда айтқанымдай, экономикалық заңдылықтар мүмкіндік бермейді»,- дейді қаржыгер Арман Мусин.

Жалпы, бұл ретте мамандар кезінде Сириямен соғыста, АҚШ-тың Иракқа әскери интервенциясы да ТМД аумағында ешқандай дүрбелең тудырмағанын атап өтті. «Сондықтан бұл арада АҚШ пен Иран қақтығысынан біз ұтып шығамыз» деуге ерте. Бұл арада біз керсінше, бейбіт күннің болуын тілегеніміз абзал» ,- деді маман.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер