Бағдат БЕЙСЕНОВ, философия ғылымының докторы: Дін саласына қатысты министрлік ұсынған тұжырымдаманы ұрпақ санасына сауатты сіңіре білуміз керек

487

- Діни  саладағы  мемлекеттік  саясат қазір  қоғам  тарапынан  үнемі  және  мақсатты  күш-жігерді   талап  етіп отыр. Елдегі  діндарлық  деңгей  өсуде. Әсіресе дінге  деген   қызығушылық  жастар   мен  жасөспірімдер  арасында  жоғары.  Сондықтан  діни  сауаттылықты  көтерудің, дінтанулық  білім  берудің маңыздылығын, жас  жеткіншектерге ұлттық және зайырлы құндылықтар, діндер  тарихы, діни  мәдениет пен  құндылықтар  туралы ғылыми  негізде  білім берудің  өзектілігін қалайша арттыруға болады? 

- Біздің  елімізде  дәстүрлі  діндер  -  сунниттік  исламның  ханафиттік   мектебі  мен  христиандықтың  православиялық  бағыты. Біз  үшін  бұл   діндердің  ел  аумағындағы  тарихи-мәдени  және  уақыттық-кеністік мәнін  білдіреді. Аталған  діндер  еліміздің  рухани  дамуында, дінаралық  келісім  мен  ұлтаралық  татулықта  маңызды  рөл  атқарады. Сонымен  қатар, әлемдік  және   дәстүрлі  діндердің  жалпы  адамзаттық  құндылықтарын  ардақтаймыз.

Әлемде болып жатқан экстремизм және ланкестік, фанатизм көріністері Орталық Азия елдерінің  діни экстремизм мен  ланкестікке қарсы күресті күшейтуіне  және олардың алдын-алу шараларын  жүйелеуіне түрткі болып отыр. Осы аймақтаға кейбір діни радикалдық топтар діннің саясилануына түрткі болуы мүмкін. Сондықтан бұл аймақтағы елдер үшін зайырлы құндылықтар мен заманауи білім негіздерін меңгерген білікті дінтанушылар мен  имамдарды дайындау жолымен радикалды ағымдар  идеологиясына қарсы тұруға болады.

Діни фанатизм және экстремизмге қарсы күресте  маңызды құралдардың бірі идеологиялық ықпал ету,   діни ағартушылық қызмет болуы керек.

Сондай-ақ рухани  саладағы   еліміздің  бай тәжірибесі, атап  айтсақ, әлемдік  және  дәстүрлі  діндердің  көшбасшыларының  съездерінің, рухани   форум  және т.б. дінаралық келісім мәдениетін баянды етудің маңызы зор.

Жастар діни тақырыпқа қатысты сұрақтарды интернет сайттарынан іздейтіні ақиқат. Бұл жолда не істелуі қажет?

2004-2006  жылдары ҚР Жоғарғы соты және Астана қаласы сотының шешімімен экстремистік және лаңкестік сипаттағы діни ұйымдардың  қызметіне ел аумағында тыйым салынды. Олар әл-Каеда, Шығыс Түркістан ислам партиясы, Күрд халық конгресі, Хизб-ут-тахрир, Асбат әл – Аңсар, Мұсылман бауырлары, Талибан, Өзбекстан Ислам қозғалысы, Лашқар-е- Тайба, Бозқұрт, Шығыс Түркістан азат ету ұйымы, Әлеуметтік реформалар қоғамы, АУМ Сенрике, Халифат солдаттары және 2013 жылы       Таблиғ жамағат ұйымына тыйым салынды. Сот шешімімен ел аумағында 1000 жуық діни-экстремистік сайттар жабылды. Бұл ақпараттық салада қоғам мен мемлекет  мүддесін қамтамасыз етуге бағыттаған. Өйткені өзіңіз айтқандай, жастар діни тақырыпқа қатысты сұрақтарды интернет сайттарынан іздейтіні ақиқат. Сондықтан да қазір кезде ақпараттың экстремистік қайнар көздеріне қарсы тұратын, діни радикализм мен экстремизм идеяларының мәнін ашып көрсететін сайттар ашу керек.

Қазіргі таңда діни сауатсыздықтың алдын алу үшін жастардың діни сауатын  қалай қалыптастырамыз және ынтымақтастық пен төзімділік мәдениетке жас ұрпақты қалай баулимыз? 

– ХХ ғасырдың 90-жылдарынан кейінгі идеологиялық ваккум салдарынан қоғамда сан түрлі жат діни ағымдар, әсіресе жастар арасында жылдам тарай бастады. Мұның себебі, діни сауатсыздық, жастық албырттық, өмірлік тәжірибенің аздығы, өмірден өз орның таппау, әлеуметтенудің қалыпты үрдісінің бұзылуы, әлеуметтік жағдайлар (жұмыссыздық, кәсіби біліктіліктің төмендігі), рухани әлемнің жұтаңдығы,торығу, жалғыздық, рухани тірек іздеу. ақпараттық материалдардың тасқыны (шет елдік діни әдебиеттер, интернет жүйесі, әлеуметтік желілер), еліктеушілік, қоғам өміріндегі көрініс берген маргиналды құбылыстар, постмодернистік ұстанымдар.

Жаһандану заманында әрбір  мемлекет өзінің ұлттық қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі – рухани қауіпсіздігін қорғауды ерекше назарға ұстауға тиіс. Соңғы жылдары әлемде орын алған діни қақтығыстар салдарынан көптеген елдер осы саладағы заңдарын қайта қарап отыр. Сондықтан Қазақстандағы дәстүрлі ислам құндылықтарың, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрып, ұлттық діл, ұлттық мәдениет пен дүниетаным ерекшеліктерін, Әбу Ханифа Имам Ағзам мазһабының ұстанымдарын және Әл-Матруди ілімін ғылыми және теологиялық тұрғыдан зерделеп, талдайтын ақпараттық материалдарды дайындау қажет. Шет елдерге діни білім алуға баратын жастарды арнайы іріктеуден өткізу керек. Алғашқы діни білім елімізде  және дәстүрлі құндылықтар негізінде берілуі керек.

Дін саласындағы жағдайды заңнамалық реттеу, осы саладағы мемлекеттік саясаттың пәрменділігін арттыру, конфессияаралық қатынастарды жетілдіру – бүгінгі өзекті мәселе.

Діннің саясилануына жол бермеу бүгінгі таңда еліміз үшін маңызды. Дін адам рухымен байланысты мәңгілік құндылықтармен ерекшеленеді. Діни салада мемлекеттік саясатты жүргізудің тиімді жолдарының бірі діни бірлестіктердің қызметін заңнамалық негізде қадағалау мен реттеу арқылы дін мен қоғамның үйлесімді дамуына бағдар ұстану.

Дін алауыздықтың емес, бірлік пен ынтымақтың негізі болуы керек дейсіз ғой. Ендеше, этносаралық және конфессияаралық қатынастар мәдениетін жетілдіру үшін қандай  қадамдар жасау өзінің оң нәтижесін береді деп санайсыз? Нақты ұсыныстарыңцыз қандай?

– Діни оқу орындарында оқитын жастарға дін және қоғам, еліміздегі дәстүрлі діндердің діни ғұрыптары мен мейрамдары, дін және құқық, дін және ұлттық руханият және зайырлы мораль негіздері сынды пәндерді жүйелі түрде окыту қажет.

Діндар жастарды діни этикалық өмір салтқа үйретіп, біртіндеп дін негіздерін оқыту қажет.

Еліміздің орталық, шығыс және батыс аймақтарында дінтану мамандықтарын даярлайтын оқу орындарын ашу арқылы  дінтанушы кадр тапшылығын шешуге болар еді.

Діни сананың радикализациялануына қарсы тұратын салиқалы діни ұстаным мен зайырлы қағидатты ғылыми негізде  зерделеу қажет.

Жоғарғы оқу орындарында зайырлы қоғам және дін пәнін енгізу қажет.

Дәстүрлі діндердің ортақ құндылықтарын насихаттауды күшейтуге тиіспіз.

Дінтанушылық сөздік пен терминологияға қатысты еңбектер шығаруды қолға алу керек.

Зайырлы этика және діни моральға қатысты ғылыми-практикалық конференцияларды жиі ұйымдастыру қажет.

Дәстүрден тыс діни бірлестіктердің және сектанттық топтардың жұмысы туралы ғылыми сараптамалық зерттеу жұмыстарын БАҚ беттерінде жариялап отыру керек.

Жоғарғы оқу орындарында кураторлар мен ұстаздар үшін діни фанатизм және экстремизм, лаңкестік қауіп-қатерің алдын алуға қатысты семинарлар өткізу.

Діни және діни емес дүниетаным сұхбаты мәселесіне орай зайырлы ғалымдар мен діндарлардың дөңгелік үстелін өткізу.

Моноқалаларда жастарға кәсіби бағдар беру  және мәдени-спорттық кешендер жұмысын жетілдіруге мән беру қажет.

Діни төзімділік пен ұлтаралық бірлік, еркін ойшылдық пен діндарлық, діни мәдениеттердің әр алуандылығы жөнінде конференциялар өткізіп, бұл жұмыстардың нәтижелерін БАҚ беттерінде жариялау.

Білім беру мекемелеріне дәстүрлі дін өкілдерінің уағыз, насихат жұмыстарын жүргізуге тыйым салу.

Баспасөз беттерінде жаңа діни бірлестіктер туралы деректер мен мәліметтер жариялап тұру.

Әсіре діншілдік пен дүмше  діндарлардың діни өмір салтқа кері әсер тигізетінің көрсету жөн.

Діндар жастарды әдептілік пен адамгершілік негіздерінде тәрбиелеу.

Діни  экстремизм мен лаңкестік идеологиясына қарсы тұратын сыни және байсалды  ұстаным қалыптастыруға қатысты дәрістер мен семинарлар өткізу.

Дінге құштар жастарды ең алдымен ұлттық рухани құндылықтар  пен зайырлы мемлекеттік негізде тәрбиелеп,исламдағы көркем мінезділік және адамгершілік құндылықтарға баулып, отанды сүю, қоғам мен адамды құрметтеу сынды ұстанымды санасына сіңіру керек. Бұл тұрғыда министрлік көптеген істерді атқарып жатыр. Ендігі міндет біз осы дін саласына қатысты министрлік ұсынған тұжырымдаманы ұрпақ санасына сауатты сіңіре білуміз керек.

 

Сұхбаттасқан Тұрсынғали ӘЛІП

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер