Қазақстандық БАҚ-та жыл басынан бері «2019 жылғы ел бюджеті 2018 жылмен салыстырғанда 6 пайызға қысқарды» деген тақырып трендке айналып тұр. Сарапшылар бұл фактор бізге қауіп төндірмейтінін айтады.
Экономист-сарапшы Олжас Төлеуов бюджеттің кіріс бөлігіндегі өзгерістер Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің 41 пайызға қысқарғанымен түсіндіреді. Бұл Ұлттық қордан мемлекет бюджетіне келетін қаржыны 38 пайыздан 24 пайызға дейін қысқартыпты. Ұлттық қордағы қаржыны үнемдеуді 2019 емес, 2018 жылдан бастап кетіппіз.
«Мемлекеттік бюджетке түсетін табыс көзі 2018 жылмен салыстырғанда 16 пайызға өсті. Шығыс бөлігі 9 пайызға қысқарды. Бұған кейбір шығыстарды 90 пайызға қысқартудың нәтижесінде қол жеткіздік. Қорғаныс саласына, әлеуметтік қамсыздандыру мен білім және денсаулық саласына бөлінген қаржы 12 пайызға өсті», –дейді Олжас Төлеуов.
Сарапшылар 2000 жылдардың басында бюджетке қатысты ақпаратты сұраған кезде "мемлекеттік құпия" деген уәжбен оны беруден бас тартатынын қазір жиі еске түсіреді.
2019-2021 жылдар арасындағы ел бюджеті 6 пайызға қысқарғанмен, әлеуметтік блокқа бөлінген қаржыны төмендегі кестелерден көріп отырсыздар. 6 пайыздық кемістік әлеуметтік сектордың шаршап қалуына жол бермейді! Үкімет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «экономикалық дағдарыс әлеуметті шаршатып алмасын» деген тапсырмасын орындады. Басқаша айтқанда Үкімет уәдесінде тұрды. «Қалай, қайтіп» деген сұраққа сарапшылардың жауабы дайын.
Экономист Жангелді Шымшықов халықаралық қаржы заңдылығы бойынша, ел бюджетінің 6 пайыздық кемістігінің таңбасын ел бюджетіне кері әсер етуі тиіс еді.
«Оның орны қалай толды?» деген сауалдың жауабын Ұлттық банк те, Үкімет те айтқан жоқ. Бірақ олар айтпаса да қайдан келгенін ел сезіп отыр. 2018 жылдың қыркүйек айында Үкімет отырысында игерілмей тұрған қаржының көлемі белгілі болды. Қаржы министрлігінің есебінше, қазынадан бөлініп, уақытында игерілмеген қаражат көлемі – 75 миллиард теңге.
Жангелді Шымшықов қаржы дағдарысы Үкіметтің менеджменттің және ұйымдастырушылық, үйлестірушілік қабілетіне сын болғанын айтады.
«Үкімет, ел бюжетіндегі 6 пайыздық кемістікті қайдан толтырғанын ашып айтқан жоқ. Бірақ игерілмеген қаржы есебінен толтырғанына сенімдімін. 2017-2018 жылдар арасында бірнеше компания жекешелендірілді. Бұл қаржы да Ұлттық қордағы қаржыны оңды-солды жұмсамауға септесті», – дейді Жангелді Шымшықов.
Жанкелді Шымшықов, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «игерілмеген қаржы ел қазынасына қайтады » деген пәрмені үкіметтің экономикалық блогына ой салуы тиіс екенін айтты.
«Бұдан былай, алдағы уақытта әкімдер бюджет қазынасына алақан жаймастан бұрын оның қайда жұмсалар орнын сайлап алады деп үміттенемін», –дейді экономист.
Оның пайымдауынша игерілмеген және жекешелендіруден түскен қаржы үкіметтің абыройын жапты. Мұндай мүмкіндік жыл сайын бола бермейді.
«Енді үкімет нарық заңына бейімделу керек! Ол шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығының әлеуеті. Үкімет осыған көңіл бөлу керек. Дамыған елдерде мемлекеттің қоржынының кіріс бөлігі шағын және орта бизнестен түседі. Ал біздің елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі әлі аз. Үкімет биылғы мүмкіндік жыл сайын қайталана бермейтінін түсініп отыр. Сондықтан, Шағын және орта бизнестің әлеуетіне шындап көңіл бөлетін кез келді» – дейді Жангелді Шымшықов.
Рауан Ілиясов,
«Адырна» ұлттық порталы