Қымбатшылықты ауыздықтауға Үкімет пен Ұлттық банктің шамасы келмейді

2958
Adyrna.kz Telegram

Халықты қазір қымбатшылық қамыты қысып тұр. Үкімет пен Ұлттық банк қымбатшылықты ауыздықтауға қатысты бірқатар шараларды атқарып-ақ жатыр.  Дегенмен, қаржыгер Ілияс Исаевтың айтуынша, алдағы уақытта бағаны байлап ұстап тұруға әкімнің де, Ұлттық банктің де шамасы келмейді. Маманның пайымдауынша, біздің бағаны байлап-матап ұстауымыз нарықтың заңына қарама-қайшы келетін дүние. 

«Қазір шенеуніктердің басым бөлігі елдегі инфляцияны одан әрі шарықтатпау үшін бағаны тежеп ұстау керектігін айтады. Бұл нарықтың заңына қайшы келетін дүние. Нарықтың қағидасында тауар бағасын тежеп ұстау деген саясат жоқ. Бұл әдістен отандық өнім өндірушілер шығарған өнімдерінен пайда көре алмай ұтылады. Сондықтан отандық тауар бағасын өсіруге шектеу қою қисынсыз. Ойлап қарасаңыз, сіз 10 жұмыртқаны 250 теңгеге алып, оны 257  теңгеге ғана сатпайсыз ғой. Тауар бағасына 7 теңге қосу деген формула жоқ. Нарықтың заңы бойынша шығарған өнім өзін-өзі ақтап, өндірістік шығынды жабу үшін оған үстеме қосылады. Өніміне үстеме баға қосылмаса, ол өндіріс шығынын жаппай дағдарыс болады. Сондықтан біздегі бағаны тежеп ұстау саясаты ақылға қонымсыз. Бұл үрдіс арқылы отандық өнім өндірушілерге салмақ салып отырмыз. Олардың шығарған өнімдерін шеттен келген импорт тауарлар бір ығыстырып жатса,  «бағаны өсірсең басың кетеді» деп біздегі атқамінерлер бір үркітеді. Бұл отандық өнім өндірушілерді тұсаулап, бәсекеге қабілеттілігін жоятын әдіс»,-дейді Ілияс Исаев. 

Ал енді мәселенің түбірі неде? Бұған қатысты экономист-ғалым, Атамұрат Шәменов мынадай жайттарды тізбелеп айтты: 

А) Біріншіден, тауар бағасын өсіруге бірден-бір әсер ететін дүние коррупциялық қадам. Оларға кедендегі, жол үстіндегі және басқа да тексеруші құрылымдардағы заңсыз алым-салықтарды жатқызуға болады. Мұндайға кеткен шығынын кәсіпкерлер тауар бағасына үстеме қосып шығарып алуға тырысады. Міне, бірінші кезекте баға осылай шарықтайды. 

Ә) Екіншіден, мемлекеттік монополиялардың аздығы. Бұл ретте бірінші мұнай нарығының жекеменшік монополияға тәуелдігі ойлантуы тиіс. Мұнай өнімдерін сатудың жекелеген топтарға мүдделі болуы. Олардың бір-бірімен текетіресіп, бәсекелестерін болдырмау үшін нарықтан орын бермеуі бізде әбден өршіген.  

Б) Үшіншіден, табиғи газ, жарық, су нарығының жекеменшікке өтуі. Бұл нарықта делдалдардың көптігі көгілдір отын, су, жарық бағасының шектен тыс қымбаттауына жол беріп отыр. Газ тасымалдау инфрақұрылымы дамымағандықтан кейбір өндіріс орындары қымбат бағаға газ енгізеді. Оны енгізіп алғаннан кейін ай сайынғы төлейтін бағасы да қымбат. Өнім шығару үшін не керек, газ керек, жарық, су керек. Сонда коммуналдық төлемге қымбат ақы төлеп отырған кәсіпорынға «тауарыңды арзанға сат» деп қайтіп айта аламыз?! Сондықтан бұл да шешімін табуы керек дүние. 

В)Тендердегі заңсыздық. Мемлекеттік ведмоствалық кәсіпорындардың астыртын монополия құруы. Мемлекеттен бөлінген қаржының 97 пайызын осындай кәсіпорындар алады. Тендерді тамыр-таныстық жайлаған. Бұл да нарықтық экономиканың заңына қайшы дүние. 

«Міне ең алдымен осы мәселелер нақты шешілмесе енді қымбатшылықты ауыздықтауға Ұлттық банктің де Үкіметтің де шамасы келмейді. Салдарымен сауатты күресу керек» дейді маман7

Қарлығаш Зарыққанқызы,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер