18 сәуір күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтаудағы халықаралық теңіз портына барды. Бұл – ел үшін стратегиялық маңызы бар нысан. Себебі Каспий жағасындағы бұл порт Қазақстанның транзиттік әлеуетін айқындайтын басты қақпалардың бірі саналады.
Бүгінде мұнда тәулік бойы жүк тиеп, түсіретін заманауи көпмақсатты терминал жұмыс істеп тұр. Порт бір уақытта Шығыс–Батыс және Солтүстік–Оңтүстік бағыттары бойынша түрлі көлік ағындарын қабылдай алады. Яғни, Қазақстанды әлемдік сауда жолдарының маңызды торабымен байланыстырып отыр.
Сапар барысында Президентке Маңғыстау облысындағы көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту жоспарлары таныстырылды. Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, өңірде жалпы құны 1,9 триллион теңгеге бағаланған 24 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Тек бір ғана дерек: былтыр Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен жүк тасымалы 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жеткен. Бұл бағытпен 358 контейнерлік пойыз және 27 мың автокөлік өткен. Ал экспорт көлемі 3,2 миллион тонна болған. Жоспар бойынша 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 10 миллион тоннаға дейін ұлғаяды.
Ақтауда салынып жатқан жаңа контейнерлік хаб порттың жүк өткізу мүмкіндігін жылына 240 мың ЖФЭ-ге дейін арттырмақ.
Қазақстандық саясаттанушы Нұрболат Нышанбайдың айтуынша, жыл өткен сайын Ақтау қаласының статусы мен логистикалық ықпалы артып келе жатқаны қуантады. Себебі бұл – Қазақстан және Азия елдері үшін өте маңызды.
«Біз мойындауымыз керек, соңғы жылдары Ақтау қаласының статусы мен логистикалық ықпалы артып келеді. Оған бірнеше себеп бар. Бірінші себеп – Қытайдың «Жаңа Жібек жолы» жобасын жаңғырту арқылы Қазақстан тарапынан «Нұрлы жол» жобасының жалғасы ретінде Орта дәліз, яғни Транскаспий бағытына басымдық берілуі. Бұл менің ойымша тек Батыс Қазақстан өңіріне ғана емес, сонымен қатар Маңғыстау облысына, Ақтауға да жаңа серпін беріп отыр. Бұрын тек мұнай көзі ретінде қарастырылып келген өңір енді логистикалық әлеуетімен де алға шығып жатыр.
Бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, тұтас аймақ үшін маңызды. Әсіресе Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізі аясында Қытайдан келетін тауарларды жылдам, тиімді әрі қауіпсіз түрде Еуропаға тасымалдауда порттың рөлі ерекше.
Биыл Түркі мемлекеттері ұйымы тарапынан Ақтаудың мәдени астана ретінде жариялануы да қалаға жаңа бір бейне, жаңа тыныс беріп отыр. Енді Ақтау — тек шикізат экспорттайтын аймақ емес, сонымен қатар Еуропа мен Азияны байланыстыратын, Каспий арқылы Әзербайжанға, одан әрі Түркияға теңізбен жүк жөнелтетін стратегиялық нүктеге айналып келеді. Мұны Президент өткен жылы Әзербайжанға сапары кезінде де атап өтті. Басқа да халықаралық кездесулерде бұл жобаның маңыздылығын айтып жүр.
Менің ойымша, осы жолғы сапар — бұған дейінгі айтылып жүрген жобалардың алғашқы нақты жүзеге асу қадамы. Президент пен Көлік министрі атап өткен 2 триллион теңгеге жуық логистикалық айналым алдағы уақытта тек арта түседі.
Себебі соңғы жылдары Ресей мен Украина арасындағы соғыс салдарынан геосаяси тұрақсыздық күшейді. Бұрын осы елдер арқылы Еуропаға жөнелтіліп келген тауарлар қазір баламалы жолдарды іздеп жатыр. Сол балама бағыттардың бірі — Орта дәліз.
Осы айдың басында Самарқандта өткен Еуропалық Одақ пен Орталық Азия саммитінде де Каспий теңізінің логистикалық әлеуетіне үлкен мән берілді. Себебі Еуропа үшін бұл дәліз — Орталық Азиядан, соның ішінде Қазақстан мен Түрікменстаннан тікелей, қауіпсіз әрі жылдам жүк тасымалдаудың төте жолы.
Сондықтан менің ойымша, Ақтау порты — Қазақстанның болашағы үшін маңызды стратегиялық нүкте. Себебі бізде теңіз порты тек осы өңірде ғана бар. Осы әлеуетті тиімді пайдалану арқылы Қазақстан болашақта Еуропа мен Азияны байланыстыратын Орталық Азиядағы маңызды көлік-логистикалық көпірге айнала алады», - дейді саясаттанушы.
Гүлмира Сыздыққызы