14‑наурыз «Көрісу» күні деп аталып, ол күні алыс‑жақын ағайын‑туыс, дос‑жаран, әріптестер және т.т. бір‑бірімен көрісіп, бір‑бірімен шұрқырасып табысып жатты... Бұл күн Ел бірлігін жаңартқан күн болды.
Келесі – 15‑наурыз белгіленген «Наурыз күнтізбесі» бойынша «Қайырымдылық күні» деп аталып, бұл күні мұқтаж жандарға жаппай қайырымдылық көрсету орын алуы тиіс. Осы күнге орай, философтар Әбдірашит Бәкірұлы мен Берік Аташтың «Қайырымдылық туралы» ойларын ортаға саламыз.
Әбдірашит Бәкірұлы:
Қайырымдылық – жалпы тілді‑тілсіз тірішілік атаулыға тән қасиет. Оның түп негізінде тіршілікке тән биологиялық заңдылықтар жатады: мысалы, өсімдік әлемінің өзі ұрығын шашарда өзге құбылыстардан «қайырымдылық» болуын күтеді. Ол – тұқымды ұшырып шашатын желден келер қайырым, не тұқымды шоқып жеп, өзге аймаққа таратушы құстан не малдан келер қайырым, аққан судан келер қайырым... Яғни, табиғат неғұрлым түрлі болған сайын, оның түрлерінің бір‑біріне деген «көмекгі» не «септігі» де соншалықты көп – табиғат түрі өзара «қайырымсыз» өмір сүре алмайды.
Ал, саналы тіршілік иесі болып саналатын Адамның да қайырымдылық инстинктінің түп негізі осы – биологиялық‑табиғи «өмір сүру инстиктінен» басталып, оның саналы өмірімен ұштасады. Ол әуелі «ұрпақты жалғастыру» кезеңінен басталып, кейін – қауымдасып өмір сүру деңгейінде жалғасады. Осы деңгейде Қайырымдылық – қоғамдық қарым‑қатынас жүйесінің маңызды элементіне айналып, моральдік және этикалық қатегориялар ретінде адам санасында орнығады, әрекет ету принциптеріне айналады.
Берік Аташ:
Сіз қайырымдылықтың табиғи, ксомологиялық, онтологиялық жағына тоқталған екенсіз, мен онда әлеуметтік қайырымдылықтарға шолу жасап өтейін.
Қазақ халқының дүниетанымын зерттеуші философтардың көпшілігі, оның этикоцентризмге негізделгендігін айтады. Яғни, халқымыздың руханияты тарихының өн бойында адамгершілік құндылықтар басымдыққа ие екеніне ерекше тоқталады.
Әсіресе, жетім-жесірге қайырымдылық жасау немесе әрқилы аппаттарға, соғыс зардабына байланысты берілетін қайтарымсыз көмектердің барлығын қайырымдылықтар деп атасақ, оның өзі халқымыздың өмір салтында сан қилы болып келеді.
Мәселен:


- Әлеуметтік өмір салтында рулық таным, рулық-қандастық, тамыр-туыстық негізде бір ауыл немесе қауым болып тұтасады. Әрине, біз оның қазіргі жағымсыз жағына ғана назар аударып, оны «рушылдық» деп кіна артамыз да, шындығында оның жағымды, игілікті, оңды жақтарының кейбіріне назар аудармаймыз.
- Ол кездегі «рулық қауым», қазіргі тілмен айтқанда, өзіндік бір «Корпоративтік Рух» тұтастығын құраған деп айтуымызға болады. Мәселен, сол рудағы кедейлер, жесірлер, малы жұтқа ұшырағандар, соғыста асыраушысынан айрылғандар т.б. материалдық жағдайына тұтас ру мүшелері жауапты болған. Ол жауапкершілікті ру ақсақалдары ұйымдастырып, жағдайы төмен адамдарға барлық ру мүшелерінің, әсіресе, дәулеттілердің жәрдемдесуін қадағалаған, оны басқарған.
- Өйткені, белгілі бір рудың өкілі «жоқшылықта» өмір сүрер болса, ол ‑ руға Сын болған, барлық ру мүшелерінің намысына тиетін болған.
- Қазіргі таңда да қиналған жандар ақпараттық желілер арқылы бүкіл Қазақстаннан көмек сұрайды, ол кезде көмек сұрамаса да, «корпоративтік рулық рух» жанға жаны ашығандықтан, өз бетінше көмектесетін болған.
Берік Аташ, Әл‑Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің
Философия кафедрасының аға оқытушысы;
Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑публицист