Мәңгілік мәселе. «Су қауіпсіздігі – ел қауіпсіздігі»

1248
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан су ресурстарына бай ел ретінде танылса да, соңғы жылдары ауыз су тапшылығы мәселесі өзекті болып отыр. Көптеген өзендер мен көлдердің молдығына қарамастан, қолжетімді таза су көзі біркелкі бөлінбеген, бұл жағдай кейбір аймақтарда су тапшылығының туындауына себеп болуы мүмкін.

Бұл мәселеге бейжай қарау болашақта халықтың денсаулығына, экономикаға да теріс әсер етеді.  

СЕБЕПТЕРІ

Ауыз су тапшылығының түпкі себептері бірнеше қырынан көрінеді.

Біріншіден, климаттың өзгеруі судың мезгілсіз жиналуына әкеледі, ол су ресурстарының тиімді пайдаланылуына кедергі келтіреді. Екіншіден, су тапшылығы жиі байқалатын жылдары су қорларының азаюы да маңызды себептердің бірі. Үшіншіден, судың ысырап болуы, яғни табиғи ресурстарды тиімсіз пайдалану, мәселені одан әрі ушықтырып отыр. Төртіншіден, мемлекетаралық келісімдердің тиісті деңгейде орындалмауы, әсіресе шекаралас елдермен су ресурстарын бөлісу мәселесінде өз әсерін тигізуде. Бесінші себеп – жергілікті жерлерде тұщы су көздерінің жетіспеушілігі немесе мүлде болмауы, бұл әсіресе ауылдық жерлерде қатты байқалады. Ал алтыншы себеп – су шаруашылығы инфрақұрылымының тозуы, оның әсерінен су жеткізу жүйелерінің сапасы төмендеп, су тапшылығының мәселесі арта түсуде.

Егер осы мәселені шешу бүгіннен басталмаса, алдағы уақытта елдің дамуында айтарлықтай қиындықтар туындауы ғажап емес. Себебі, халық санының артуы, судың ысырап болуы, су құрылымдарының тозуы және осы сынды т.б факторлар әсер ететін болады.

САЛДАРЫ

Ауыз су тапшылығының салдары көп қырлы әрі терең. Бұл мәселеде экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілердің барлығы өзара байланысты, және әрқайсысының өзіне тән ауыртпалығы бар.  

Экономикалық шығындар: Судың жетіспеушілігі ауыл шаруашылығына теріс әсерін тигізеді. Өнімділік төмендейді, бұл өз кезегінде азық-түлік өндірісінің қысқаруына, бағаның көтерілуіне және жұмыс орындарының азаюына алып келеді. Әсіресе, суға тәуелді секторлар мен шаруашылықтар бұл қиындықтарды ерекше сезінеді. Су тапшылығының экономикалық шығындары тек бір салаға ғана емес, тұтас ұлттық экономикаға теріс әсер етеді.  

Денсаулыққа зиян: Таза ауыз суға қол жеткізе алмау халықтың денсаулығына кері ықпал етеді. Ластанған су іш ауруларының таралуын арттырып, әсіресе балалар мен қарттардың өмір сапасын төмендетеді. Су тапшылығы тек физикалық жағдайға ғана емес, жалпы халықтың өмір сүру деңгейіне де әсер етеді. Таза су болмаған жағдайда, жұқпалы аурулар кеңінен тарап, денсаулық сақтау жүйесіне үлкен жүктеме түсуі мүмкін.  

Экологиялық апаттар: Су тапшылығы табиғи ортаның тепе-теңдігін бұзып, экологиялық апаттардың туындауына себеп болады. Су ресурстарының жетіспеуі көлдер мен өзендердің құрғауына, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің азаюына әкеледі. Мысалы, Арал теңізінің тартылуы бүкіл Орталық Азия аймағына экологиялық апат әкелгені белгілі.

Осылайша, ауыз су тапшылығының салдары тек бүгінгі күнмен шектелмейді, ол болашақта да елдің экономикасына, халықтың денсаулығына және табиғатқа айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Қазақстандағы су мәселесі елдің болашағына айтарлықтай әсер ететін фактор болып табылады. Су ресурстарының тапшылығы — бұл тек жергілікті деңгейде ғана емес, бүкіл әлемде орын алып отырған өткір мәселе. Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпараттық орталығының бас сарапшысы Құралай Қалмағанбетқызы бұл туралы былай деп пікір білдірді:  

- Халық тек су бар жерде қоныстанатыны бәрімізге белгілі. Яғни, мемлекет болу үшін жер, су және халық деген үштаған болуы керек. Сондықтан, еліміздің қауіпсіздігі су қауіпсіздігіне тікелей байланысты деп айтар едім, - дейді ол.

Ауыз су тапшылығының алдын алу үшін мемлекет пен қоғамның бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Құралай Қалмағанбетқызының пікірінше, мемлекет тозған инфрақұрылымды қалпына келтіріп, қалалар мен елді мекендерді жобалауда су ресурстарының мөлшерін ескеруі тиіс. Сонымен қатар, мамандарды даярлап, олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау қажет екенін атап өтті. Бұл шаралар су тапшылығын шешуге бағытталған маңызды қадамдар болар еді.  

Одан бөлек, су ресурстарын үнемдеуді халыққа насихаттау аса маңызды. Семинарлар өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде осы тақырыпты кеңінен талқылап, білім жүйесіне енгізу қажет. Су үнемдеуді бала бақшадан бастап, мектептерде оқыту маңызды екенін алға тартады сарапшы. Бұл шаралар келешекте ұрпақтың суға деген саналы көзқарасын қалыптастырып, ресурстарды сақтап қалуға септігін тигізер еді. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан ауылшаруашылықтарға суды үнемдеу бағытында қолдау көрсету маңызды.  

СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ?

Климаттың өзгеруі мен халық санының өсуі жағдайында су ресурстарын тиімді әрі үнемді пайдалану ерекше мәнге ие.

Worldometers статистикалық бюросының мәліметіне сүйенсек, Қазақстан суды ең көп пайдаланатын елдердің қатарына кіреді. Мысалы, Ресей, Украина, Ұлыбритания сияқты елдермен салыстырғанда, Қазақстанда адам басына шаққандағы тәуліктік су пайдалану деңгейі айтарлықтай жоғары.

Science ғылыми журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, қазіргі таңда әлемде 4 миллиардтан астам адам таза суға қол жеткізе алмай отыр. Ал орташа есеппен, бір адам күніне 200-250 литр су жұмсайды екен. Бұл көрсеткіш адамзаттың қаншалықты үлкен ресурсты тұтынатынын айқын көрсетеді.  

Делназ Менсейтова

Пікірлер