Президент хабардар. Жамбыл облысында жер сілкінісінен 30-дан астам ғимарат зардап шекті

624
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысында жер сілкінісінен 30-дан астам ғимарат зардап шекті. Олардың қатарында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер бар. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Алдын ала мәлімет бойынша, 28 наурызда Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында ондаған ғимараттың бүлінгені анықталды.

Зақымның шамамен үштен бірі Меркі ауданындағы құрылыс нысандарына келтірілген.  Ақерман, Меркі, Сұрат ауылдарындағы орталық аудандық аурухана мен оның медициналық пункттерінің ғимараттарының қабырғалары зақымданған. Екі ауылдық округтегі дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункттерде жарықтар анықталды.Сондай-ақ Жаңатоған кентіндегі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталығы, балабақша, асхана және бір тұрғын үй зардап шекті.

Т. Рысқұлов ауданында 20-дан астам зақымдалған ғимарат анықталды. Олардың ішінде 10 әлеуметтік объект бар — 4 мектеп, 3 балабақша, мәдениет үйі, медициналық пунктер және спорт кешені, сондай-ақ 11 тұрғын үй.

Қазіргі уақытта құрбан болғандар туралы хабарламалар түскен жоқ.

Аймақтағы тәулік бойы жұмыс істейтін «жедел желіге» 12 қоңырау келіп түскен. Тұрғындар дүмпулер қайталана ма деп қауіптенедң, алайда мамандар қауіптің сейілгенін мәлімдеуде.

Жамбыл облысындағы ғимараттарды тексеруге 120 адам мен 73 арнайы техника жұмылдырылды. Комиссия жұмысы жалғасуда, оның құрамына ҚР ТЖМ Сейсмологиялық мониторинг ұлттық ғылыми орталығының өкілдері де кірген.

“250 келіге жуық аммиак сақталған «Меркі» ірімшігі зауытындағы химиялық қауіпті нысанда ешқандай зақым анықталған жоқ. Зардап шеккен аймақта басқа биологиялық немесе радиациялық қауіпті объектілер жоқ. Тіршілікті қамтамасыз етудің барлық нысандары, газ тасымалдау жүйесі мен қауіпті өндірістік нысандар қалыпты режимде жұмыс істеуде.

Жол инфрақұрылымы, теміржол желілері, шахталар мен қазбаларда зақымдар мен бұзылулар анықталған жоқ», — деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдибек.

Сондай-ақ, ол Т. Рысқұлов ауданында мұндай күшті жер сілкінісі соңғы рет 2003 жылы болғанын, ал Меркен ауданында бұл жағдай 160 жылдан астам уақыт бұрын болғанын атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің өңірдегі жер сілкінісінен кейінгі ахуал бойынша баяндамаларын тыңдады.

“Мемлекет басшысы Премьер-министр Олжас Бектеновке әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Үкімет облыстағы ахуалды бақылауға алды”, — делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Еске салсақ, бүгін сағат 16:00 шамасында Жамбыл облысында тағы да жер сілкінді.

Бұған дейін өңірде алғашқы жер сілкінісі 03:42–де тіркелгені белгілі болды. Есептелген қарқындылығы Меркі ауылында — 5.0 балл, Құлан ауылында — 4.0 балл.

Төтенше жағдайдан кейін, үкіметтік жұмыс тобы жағдайды сараптап, бағалау және шара қолдану үшін Жамбыл облысына жіберілді.

Еске салайық, бүгін Мьянмадс да 7,9 балдық жер сілкінісі тіркелді.

Пікірлер