Абайдың 180 жылдығы қарсаңында музейіне 85 жыл толды

1143
Adyrna.kz Telegram

Биылғы сәуірде Семейдегі Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайының ашылғанына 85 жыл толды.  Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылық жолынан толық мағлұмат беретін мәдени мекеме - 1940 жылы сәуірде құрылған еді.

Қазақстан тарихында бұл алғашқы әдеби-мемориалдық мұражай болды. Ол қазақтың ұлы жазушысы, академик Мұхтар Әуезовтің ұсынысы бойынша Абайдың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1940 жылы Қазақ ССР-нiң Халық комиссарлар кеңесiнің 1 сәуiрдегі қаулысы негізінде құрылып, сол жылы 16 қазан күні мереке үстінде ашылған болатын.

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАР

Алғашында мұражай 1940-1944 жылдары Бекбай Байысовтың үйінде ашылып, 1944-1967 жылдары Әнияр Молдабаевтың үйіне қоныс аударды. Бұл үйлерде Абай Семей қаласына келген кезде тұрған. Бүгінгі күнге дейін Әнияр Молдабаевтың үйі ғана сақталған.  

1967 жылы Абайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында мұражай қаладағы сәулет ескерткіштерінің бірі саналатын, ұлы ақын өмір сүрген дәуір үлгісімен салынған көпес Роман Ершовтың үйіне көшірілді.

1990 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің қаулысы бойынша ақынның әдеби-мемориалдық мұражайы Абайдың «Жидебай-Бөрiлi» мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы болып қайта құрылды. Қазіргі кезде мұражай әдеби-мемориалдық музей мәртебесіне иереспубликадағы ірі қорық-мұражайлардың біріне айналды.

ЖҮЗДЕГЕН ШАҚЫРЫММЕН ЖЕТЕТІН БӨЛІМДЕР

«Жидебай-Бөрiлi» мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының әр бөлімінің өзіндік ерекшелігі бар. Сол бөлімдер тек Семей қаласымен шектелмей, облысаумағында жатыр.

Cемей қаласындағы музей – өзінше бір кешен. Жидебайда Абай үй-мұражайы, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені, «Шәкәрім аңшылық үйі» мұражайы, ауданы 6400 га қорық аймағы,Бөріліде М. Әуезов үй-мұражайы орналасқан. Үржар ауданы Мақаншы ауылында Әсет Найманбайұлының музейі осы мемлекеттік қорық-мұражайының құрамында жұмыс істейді .

Мұражайдың тұңғыш директоры абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов болды. Ол музейді 1947-1951 жылдары басқарды.

АБАЙ ҮЙІНІҢ АЛҒАШҚЫ ШЫРАҚШЫСЫ

Қайым Мұхамедхановтың Абай мұрасына адалдығы мен еңбегі Мұхтар Әуезовтің көзіне ерте түскен. Адам тануға өте сезімтал Әуезов Мұхамедхановтың бойынан адалдықты, ізденіске құштарлықты байқап, оған үлкен сенім артқан. Сол себепті 1930 жылдардың соңынан бастап Абай мен оның шәкірттерінің шығармаларын зерттеу, жинақтау, және болашақта мұражай ашу сияқты жауапты міндеттерді Қайымға тапсырады.

Қайым бұл тапсырманы шын ниетімен қабылдайды. Борис Акерман есімді әріптесімен бірге жүк көлігіне отырып, Шыңғыстау өңірін айлап аралайды. Олардың мақсаты – Абайды көзімен көрген, оның әңгімесін естіген қариялармен жолығып, дерек жинау. Олар ақын туралы ескі естеліктерді, әңгімелерді жазып алып, өлеңдерінің түпнұсқасын анықтауға тырысты.

Сапар барысында Абай өміріне қатысты тұрмыстық заттар, сирек қолжазбалар да табылып жатты. Нәтижесінде 500-ге жуық жәдігер жиналып, әрқайсысына ғылыми сипаттама берілді. Бұл сол кезең үшін зор жетістік болатын.

АБАЙ ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНЕ ТАПСЫРҒАН ЖӘДІГЕРЛЕР ДЕ БАР

Мұражай дерегінше, қорық -мұражайдың негізгі қорын 1885 жылы Абайдың өлкетану музейіне тапсырған заттары құрайды. Бүгінгі күні аталмыш заттардың 30-ға жуығы мұражай қорында сақтаулы.

Қазір Абай Құнанбайұлының «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры – Ұлан Сағадиев. Оның айтуынша, бүгінде мәдени мекеме Абайдың мұрасын насихаттауда талмай еңбек етуде.

Мұражай республика көлемінде Абай мұрасын насихаттап келе жатқан айтулы мәдениет ошақтарының негізгісі. Бұл ошақ өткен ғасырдың орта шенінен бастап ұлт зиялылары Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханов, Әрхам Ысқақов сынды тарихи тұлғалардың бастамасымен бой түзеді»,- дейді ол.

Айтуынша, музейдің Семей қаласындағыкешенінің бір ғимараты «Абайтану» орталығы болып жұмыс істеп келеді. Мұнда «Абайтану» залы, бейнелеу өнер туындылары галереясы және көрмелер залы орналасқан. Бұл орталықта 25 орындық кіші мәжіліс залы бар. Галерея залында музей қорындағы бейнелеу өнер туындыларынан жоспарға сәйкес арнайы тақырыптармен көрмелер ұйымдастырылып, ауысып тұрады. Еліміздің, өңіріміздің суретшілерінің жеке көрмелері де ұйымдастырылады. «Абайтану» залында әртүрлі шаралар, дөңгелек үстел мәжілістері өткізіледі. Онда жоғарғы оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушыларына арналған арнайы «Абайтану» сабақтары өткізілуде.

«Абай мұрасы мен ақын шәкірттері туралы деректерді жан-жақты зерттеп, жинақтап отырған қара шаңырақ тарихында талай  ел мақтанышына айналған ағаларымыз бен апайларымыз ерен еңбек етіп, Абай шығармашылығына байланысты мақалалар жазылып, диссертациялар қорғалып, кітаптар шығарылды, ел-елге насихатталды және бүгінгі таңда жалғасын табуда. Мұның барлығы өткен тарих және бүгінгі күнде де  қызметкерлердің атқарып жүрген істері. Әлі де талай жұмыстар атқарылмақ”, - дейді Ұлан Сағадиев.

Дана Нұрмұханбет

«Адырна»

Пікірлер