Абайдың ақыл жинағы. “Қара сөздер” қай тілдерге аударылған?

2900
Adyrna.kz Telegram

Абай Құнанбайұлының “қара сөздері” қазіргі таңда әлемнің бірнеше елінде оқылады. Рухани байлық, философиялық ой, моральдық құндылықтары бар Абайдың терең ой-тұжырымдары мен философиялық мұрасы қай тілдерде аударылды?

Абай Құнанбайұлы “қара сөздерін” 1890 және 1898 жылдар аралығында жазған деп есептеледі. Бұл үлкен еңбек оқығанның өзекті мәселесі мен толғандырған сұрағына жауап беріп отырды. Сондықтан Абайдың “қара сөздері” тек қазақ тілінде емес, өзге де тілдерге аударылып, алыс-жақын елдерде де сұранысқа ие болды. 

Алғаш Мұхтар Әуезов 1933 жылы Абай Құнанбаевтың барлық «қара сөздері» енген жинақ шығарды. Сол кезде енді қабылданған латын қарпімен басылған. Бұл жинаққа ғалымдар пікір білдіріп, әріп терушілердің латын әріптерімен таныс еместігін, соның салдарынан көптеген таңбалардың, қателіктердің пайда болғандығын атап кетеді. Кейін Әуезов оны жөнге келтіріп, бір жүйеге салып, кириллица қарпімен басып шығарды. 

ТҮРКІ ТІЛДЕРІНЕН БАСТАЛҒАН ТҰҢҒЫШ ТӘРЖІМА 

Ұлы тұлғаның еңбектері туыстас түркі халықтары тілдеріне ерте, өткен ғасырдың алғашқы жартысында-ақ аударыла бастаған. Абай шығармаларының өзі  қырғыз тіліне  1930-жылдардан бастап тәржімәланса, 1947 жылы татар тілінде аударылды. 

Ал өзбек тіліне алғаш рет Абай өлеңдері сонау ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде-ақ аударыла бастаған. Ал Абайдың “қара сөздерін” өзбек тіліне  Якубжан Юлдашев аударды. Кейін 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай шығармалар жинағы жарық көреді. «Абай» деген атпен шыққан жинаққа ақынның жиырмадан астам өлеңдері, «Масғұт», «Ескендір» поэмалары мен қырық бес қара сөзі қамтылған. Оны аударған - өзбекстандық белгілі қазақ жазушысы, аудармашы Нәсір Фазылов. 

Кейін 2006 жылы Абайдың “қара сөздері” У.Уринбаевтың тәржімалауымен «Насихат сузлар» («Насихат сөздер») деген атпен «Жазушы» баспасында жарық көрген. 2020 жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Ташкентте Қозоқбой Юлдошевтің аудармасымен «Абай. Қора суз» («Абай. Қара сөз») атты еңбек жарық көрді.

Абай шығармалары қазақ тіліне ең жақын тілдердің бірі - қарақалпақ тіліне де аударылған. 1955 жылы тәржімаланып, ел астанасы Нөкісте таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді. 1990 жылы Абайдың туғанына 145 жыл толуына орай таңдамалы өлеңдері мен дастандары, қарасөздерінің жинағы толықтырылып шығарылды. 

Ұлы Абайдың «қара сөздері» түрік тіліне 2021 жылы аударылды. Аталған еңбек Қaзaқстaнның Түркиядaғы елшiлiгiнiң қолдaуымен жарық көрді. Аударма Ыстaмбұлдaғы «ANATOLIA» бaспaсында «Sözler» aтауымен жaрыққa шыққан. Түрік оқырманы үшін «қара сөздерді» тәржімалаған аудармашы – Ашур Өздемир. Бaсылымның редaкторы – Дaмирa Ибрaгим. Кiтaпқa Aбaйдың қырық бес «қара сөзі» мен «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» aтты зерттеу еңбегi енген.

Аудармашы – ғалым қазірге дейін қазақ әдебиетінен қытайшаға 15 кітап аударған. Оның айтуынша, өз қорында он мың кітабы болса, оның сегіз мыңы – қазақ тілінде. Ашур Өздемир Абай шығармаларын аударғаны үшін мемлекеттік II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған.

2010 жылы алғаш рет Абай Құнанбаевтың кітабы тәжік тіліне аударылып, «Панднома» деген атпен жарияланды. Аудармашы, публицист және абайтанушы Фатхулло Азизов кітапты адамзаттың мектебі дей отырып, оның үлкен өмірлік маңызын көрсеткен.

ЕУРОПА ТІЛДЕРІНДЕГІ АУДАРМА

Абай шығармаларын еуропалық тілдерге тікелей аударуда батыл қадам жасаған қаламгер – әдебиетші, аудармашы Ғалымжан Мұқанов. Ол Абайдың қырық бес «қара сөзін», сонымен бірге «Ескендір», «Масғұт» дастандарын, жетпіске жуық өлеңін француз тіліне аударған. Аудармашының бұл еңбегі «Reflexions en proze poems Iskander et Masgoud» («Ғақылия сөздері мен «Ескендір», Масғұт» поэмалары») деген атпен 1993 жылы «Жазушы» баспасында жарық көріп, француз оқырмандарына жол тартқан.

«Қара сөздерді»  испан тілінде сөйлетуге Сервантес институты қолдау көрсетіп, «Visor» баспасы жарыққа шығарды. Абай туындыларын аударумен Испанияның беделді аудармашысы Мария Санчес Пиуг, Гранада университетінің профессоры Энрике Торкемада, аудармашылар Михаил Чиликов пен Александра Шевелевалар атсалысты.

Ал 2001 жылы «қара сөздерді» Лариса Захарова неміс тіліне аударды. Алғашқы уақытта кітап Қазақстанда басылып шықты, ал кейін 2010 жылы оны Германияда жариялады.

Ағылшын тілінде де 2010 жылы жарық көрді. Сол жылдың сәуір айында Алматы әкімшілігі, тілдерді дамыту қалалық басқармасы мен Абай поэзиясына табынушылар Халықаралық клубы Абай Құнанбаевтың «қара сөздер» атты жаңа кітабын таныстырды. Бұл жинақ алғаш рет бір кітап үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді.

Орыс тіліндегі нұсқасын Клара Серікбаева дайындап берді, ал оны ағылшын тіліне көрнекті ақын және түкітанушы Ричард МакКейн аударды.

Аудармашы бұл жұмысқа екі жылын жұмсаған. Танымал жазушы, «Халықаралық Абай клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Роллан Сейсенбаев қазақ авторларының басқа да шығармаларын Еуропа елдерінің тілдері және араб тіліне аударып, сол арқылы қазақ тілі мен мәдениетінің шеңберін кеңейтуге үлес қосуға даяр екендігін айтқан.

ХАНЗУ ТІЛІНДЕГІ «ҚАРА СӨЗ»

2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында ұлы ақынның «қара сөздері» мен өлеңдері қытай тіліне толықтай аударылды. Аударған - Қытай Халық Республикасында тұратын қандасымыз, жазушы, аудармашы, қоғам қайраткері Әкпар Мәжитұлы. Ол әдебиет саласындағы алғашқы туындысы мемлекеттік сыйлықты алған талантты жазушы. Сондай-ақ жеті тілді еркін меңгерген полиглот. Қытай тілінде жазатын жазушы болғанымен, сол елдегі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан қайраткер. 

Оның айтуы бойынша Абайдың “қара сөздерін” қытай тіліне алғашқы аударған Сібе ұлтының өкілі Қабай (Ха Хуан Жаң) атты қаламгер. 

”Сол еңбектеріміз үшін Қабай екеуміз бірге Қазақстан тарапынан марапатталдық. Мен 1994 жылы қазан айында Абайдың қара сөздерін қытай тіліне аударғанмын. 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Бейжіңдегі мемлекеттік «Ұлттар баспасында» қытайша, қазақша екі тілде «Абай ақылиясы» деген аудармам шықты . Ол жолғы аудармамды Қытай тілді оқырмандар ыстық ықыласпен қабылдады”, – дейді жазушы.

АБАЙДЫҢ АРАБША КӘЛАМЫ

Абай еңбегін араб әлеміне Араб мемлекеттері лигасының Білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ALECSO) баспа үйі дайындап, ұсынды. Ақын туындыларының жолма-жол аудармасын әзірлеуге Каир университетінің оқытушысы Рәбиға Төлебай, шығыстанушы Құрманғазы Садыбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің бұрынғы деканы Палтөре Ықтияр атсалысты. Абай өлеңдерінің әдеби редакциясын Мысыр әдебиетшілер одағының көрнекті өкілі, ақын Саурат Селлам, лингвистика және философия профессоры Халед Елсайед жүзеге асырды.

Сондай-ақ, жинақта мысырлық ғалым «қара сөздердің»  құқық пен мораль мәселелеріне, философиялық мәніне, ұлттық дүниетаным мен тәрбие мәселелеріне көзқарасын өзінше талдап, жеткізген.

Айта кетсек, бұл  Халед Елсайд Ғанемнің Абай мұрасы мен Қазақстан туралы алғашқы еңбегі емес. Ол бұған дейін, 2014-2017 жылдары «Нұр-Мүбарак» Қазақстан-Мысыр ислам мәдениеті университетінде оқытушы болып жұмыс істеген. Сол уақыттарда қазақ халқының мәдениеті мен діні, тарихы жайында бірнеше ғылыми еңбектер жазған екен.

Абайдың «қара сөздері» 1995 жылы ақынның 150 жылдығы қарсаңында парсы тіліне аударылды. Сайып келгенде, Сафар Абдулло бұл шығарманың тәжік тіліндегі аудармасын парсы жазуымен қайта жариялаған.

АЗИЯДАҒЫ АБАЙ

Абайдың «қара сөздерін»  жапон тіліне аудару үшін алдымен қазақ және жапон мамандарынан тұратын арнайы топ құрылған. Ақын шығармаларының көркем аудармасына Токио университетінің шет тілдер профессоры Сакай Хироки, қазақ әдебиетін зерттеуші Микия Нишимура, жапон-қазақ сөздігін құрастырушы, аудармашы Шигенобу Масуджималап қатысты. 

Сонымен қатар, Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, Абай Құнанбайұлының “қара сөздері” вьетнам тілінде де жарыққа шықты. Түсаукесер Ханой ұлттық педагогикалық университетінде өтті.

«Қара сөздерді» вьетнам тілінде басып шығару – Вьетнам аудиториясы үшін Қазақстан, оның халқы, қазақ тарихы, мәдениеті мен әдебиеті туралы көбірек білуге ​​таптырмас мүмкіндік», – деді университеттің Әкімшілік кеңесінің төрағасы және партиялық комитетінің хатшысы До Вьет Хунг. 

Абай кітабының аудармашыларының бірі - Вьетнам жазушылар одағының вьетнамдық және орыс әдебиеттерін таратуға қолғабыс көрсету қоры директорының орынбасары Ле Дык Ман Оның айтуынша, бұл екі ұлттың, екі мәдениеттің байланыстырушы көпірі, ал әрбір аударма осы көпірдің ажырамас бөлігі.

Абайдың ғақлиялық даналық сөздері индонезия тіліне де аударылған. “Buku Kata-Kata” деп аталған еңбек 2020 жылы жарыққа шықты. Кітап кіріспесінің авторларының бірі – Индонезияның Қазақстандағы Елшісі Рахмат Прамоно.

Абай Құнанбайұлының «қара сөздері» әлем тілдерінде аударылу арқылы оның шығармашылығы тек қазақ әдебиетінің емес, бүкіл әлем әдебиетінің бір бөлшегіне айналды. Оның философиялық ойлары мен адамгершілік құндылықтары әлемнің әр түрлі халықтарына ұласып, көптеген ұлттардың мәдениетіне әсер етті. Абайдың «қара сөздерінің» әр тілде таралуы оның шығармашылығын ғаламдық деңгейде танытуға мүмкіндік берді, бұл қазақ халқының мәдени мұрасын сақтау және болашақ ұрпақтарға жеткізу жолында маңызды қадам болды.

АБАЙДЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНДА БАСТАЛҒАН АУДАРМА

“Қара сөздер” алғаш орыс тілінде аударылды. 1945 жылы орыс тілінде «Абай Кунанбаев. Избранное» атты жинақ жарыққа шықты. Ол Виктор Шкловскийдің аудармасы, Леонид Соболевтың редакциясымен басылған. Бұл жылы Абайдың туғанына 100 жыл толған. 

Кейін “қара сөздер” В. Шкловский аудармасымен 1959 жылы Алматыда орыс тіліне аударылған Абай шығармаларының таңдамалы жинағының қатарынан орын алды. Бұл жинақта қырық төрт қара сөз ғана берілген. 

Жарты ғасыр өткен соң Абай прозасының В. Шкловский аударған бірінші басылымынан кейін жарыққа қазақ жазушысы Сәтімжан Санбаевтың аудармасымен «қара сөздердің» орыс тіліндегі аудармасы шықты. 

Қазіргі таңда Абай «қара сөзінің» орыс тіліндегі аудармасының үш нұсқасы бар. Біріншісі бұл – 1945 жылы жасалған Виктор Шкловскийдің аудармасы, екіншісі - алғаш рет 1970 жылы жасалып, кейін соңына дейін аударылған Сәтімжан Санбаевтың нұсқасы, үшіншісі, 1993 жылы «Книга слов» деген атаумен жарияланған Клара Серікбаева мен Роллан Сейсенбаевтың бірлесіп жасаған аудармалары.





Пікірлер