Абай, Шәкәрім және Мұхтар Әуезов туралы естеліктерді жеткізуші, ұлағатты ұстаз, шежіреші Бекен Исабайұлының туғанына 95 жыл толған кезде оның Абай биографиясын, ел мен жер тарихын зерттеудегі орны жайлы абайтанушылар ой бөліседі.
ОЛ КІМ?
Тарихты терең білетін абыз - 1930 жылы наурыздың 16-сы күні Семей аймағындағы Шыңғыстау, қазіргі Абай ауылының Көкбай ауылына қарасты Маян қорығында дүниеге келген.
1944-1947 және 1948-1950 жылдары Семейдегі педтехникумды және Н.Крупская атындағы пединституттың филология факультетін бітіріп, еңбек жолын Абай ауданының Күлмен орталау мектебінде директорлық қызметінен бастаған. 1954-1959 жылдары ауданның комсомол-жастар комитетінің нұсқаушысы, хатшысы, 1959-1963 жылдар ішінде Сталин атындағы және «Қызыл ту» кеңшарында партком хатшысы қызметтерінде болған. 1963-1969 жылдары Күлмен орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі, 1969 жылдан Ақбұлақ орта мектебінің директоры, 1974-1987 жылдары Жанғазы Молдағалиев атындағы орта мектебінің тарих, қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі және тәрбие жұмыстарына жетекшілік етті.
1987 жылдың қыркүйек айынан бастап Семей облысы Абай ауданы аумағындағы Бөрлідегі Мұхтар Әуезов музей-үйі бөлімінің меңгерушісі, кейіннен ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген.
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КӨЗІ – ЕСКІНІҢ СӨЗІ
Жазушы, “Алаш арыстары Мұхтар Әуезов" музейінің меңгерушісі Қуат Қиықбайдың айтуынша, Бекен Исабайұлы Бөрлідегі Мұхтар Әуезов музейінің меңгерушісі болғаннан кейін шығармашылықпен көптеп айналысқан. Ол Бекен ақсақалдың Шәкәрім туралы естеліктерді жеткізгенін айтады.
«Бекен Исабайұлы Абайдың көзін көрген сонау жылдарда Керегетастың бойында кеудесінен жаны ұшып, дамыл тапқан Шәкәрімге қатысты әңгімені, мұң арқалаған Мұхтар тағдырының ұңғыл-шұңғылын жақсы білетін», - дейді Қуат Қиықбай.
Айтуынша, Бекен Исабайұлының өмір тарихын шолып шықсаңыз, оның музей ісі саласындағы айқын жолын көруге болады.
«Осыдан 15 жыл бұрын жазып қалдырған өмірбаянында ол өткен ғасырдың 80-жылдарында Бөрлідегі Мұхтар Әуезов музейінің меңгерушісі болып келгенге дейінгі кезеңде шығармашылықпен аз айналысқанын айтады. Оның қаламынан туған “Биікте бәрі көрінеді” пьесасы, “Дала данышпаны” және “Бір өмірдің белестері” атты хикаяттары шығармашылық қайратын танытады. Ол саналы ғұмырында Қасқабұлақ, Медеу ауылдарының тарихын таңбалап, шежіресін шегендеп берді. Көзі тірісінде Абай, Шәкәрім, Мұхтар энциклопедияларына тарихи негізге сүйенген түсініктеме мен қысқама мазмұндағы 200-ге тарта мақала табыстады”, - дейді Қуат Қиықбай.
Бекен Исабайұлының мақалалары мен тарихи еңбектері «Абай», «Жұлдыз» және басқа да ғылыми журналдарда, «Совхоз туы», «Үш қиян», «Семей таңы», «Ертіс өңірі» сияқты қалалық, аудандық мерзімді басылымдарда жарияланды. Бекен Исабайұлының 2001 жылы жарық көрген «Ұлылар мекені» атты еңбегі абайтану, мұхтартану ісіне қосылған сүбелі қазына ретінде бағаланады.
ҰЛЫЛАР ҰЛАҒАТЫН ҰЛЫҚТАҒАН “ҰЛЫЛАР МЕКЕНІ”
Қуат Қиықбай Бекен Исабайұлының шежірешілдігі жайында да тоқталған.
“Абайдың ел билеу істерінен естелік, “Абай жолы” роман-эпопеясындағы кейіпкерлердің тарихи болмыс-бейнесін биіктететін, дерек сарында әңгіме қалдырып, Көкше шежіресін жазды. “Ұлылар мекені” кітабын жазып, ұлылар ұлағатын ұғып, ұлықтады», - дейді ол.
Қуат Қиықбайдың айтуынша, “Ұлылар мекені” кітабының алғашқы нұсқасында 185 адамның жай адам емес, сом тұлғалы тарихи тұлғалар екені, 269 жер-су аттарына қатысты түсініктеменің өзі Бекен Исабайұлының өмір бойы жиған-тергенінің молдығын көрсетеді. Еңбек 622 бет болып, Алаш жолын түгендеді. Абыз десеңіз де, әулие десеңіз де Бекен Исабайұлына жарасады. Абайтанудың арнасын кеңейтіп, атырабын байытқан, дерек пен дәйекке толтырған Шыңғыстаудың шешені Бекен Исабайұлының есімі елді елең еткізбей қоймайды”, - дейді жазушы Қуат Қиықбай.
«НЕ АЙТСА ДА АБАЙҒА ӘКЕП ТІРЕЙТІН»
Бекен Исабайұлының көзін көріп, сырласы болған белгілі абайтанушы - жазушы Тұрсын Жұртбай оның Құнанбай мен Абай айналасына келгенде қамшы салдырмайтынын айтады.
“Бекен Исабаев, шежірелі Шыңғыстауда қалған ең соңғы сөз иесі, тарихи әңгіменің, соның ішінде Құнанбай-Абай заманының сырын суытпай ішіне сақтаған соңғы қормалы еді.Ол тоқсан жыл бойы Шыңғыс өңірінің әр соқпағын басып, әр бұтаның түбінен тарих тауып, соған орай жадында сақтап, қиюын келтіріп, қисынын тауып, сол әңгіменің сүрлеуінің барлығын «Абай жолына» әкеп тоғыстыратын. Не айтса да Абайға әкеп тірейтін еді», - дейді жазушы.
Ол Бекен ақсақалдың ел мен жер шежіресіне ерекше жетік болғанын айтады.
«Елу жылдан астам Шыңғыс өңірінің тарихын суыртпаған уақытымда, ел тарихын, әсіресе жер тарихын одан асырып жетік білетін адамды кездестірген емеспін. Ол ел мен жердің, бір аумақтың ғана емес, мұқым Шыңғыстың іші-сыртын тұтас қамтитын. Сонда мекен еткен адамдардың ата-шежіресін де, заманның қас-қабағын да, адамдардың арасындағы қарым-қатынасты да, әдебиетші, тарихшы, қоғам белсендісі, шаруашылық маманы ретінде де кез келген деңгейдегі адаммен тең дәрежеде, соның қалауына қарай асқан алғырлықпен түсіндіріп, талдап бере алатын. Әр кездескен сайын оның осы мол мағлұматы мені үнемі таңдандыратын. Бұған, оның тумысынан біткен алғырлығы, аңғарлы түйсігі, білімге құштарлығы, әдебиетке деген ынтасы себеп болса керек. Төкен Ибрагимов марқұм (Семейдегі Абай мұаражайының ұзақ жылдар директоры болған) соңынан қалмай жүріп жаздырған оның «Ұлылар мекені» атты кітабы мұқым Абай ауылының кішігірім энциклопедиясы еді деп толық сеніммен айта аламын”, - дейді Тұрсын Жұртбай.
ИСАБАЙҰЛЫНЫҢ ИІРІМІ
Абайтанушы, жазушы Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, қазір Бекен Исабайұлы сияқты Шыңғыс өңірінде бұрынғы-кейінгі өткен елеулі оқиғаларды жаңылыстырмай, әрбір нәрсені орнына қойып айтатын қария қалмаған.
«Бекеңнің айтқандарының мазмұнын бір жүйеге түсіру өте қиын. Өйткені бір әңгімені – екінші әңгімеге, екінші әңгімені – үшінші әңгімеге байланыстырып, сабақтастырып, қосақтап жіберетін. Сонда да, желіге тартқанда, ұзына мазмұны мына мәселені қамтитын: 1. Майқы биден басталатын ежелгі ел мен жер тарихы, Шыңғыстау, Орда, Хан, Қарауыл, Доғалаң, Қоңырәулие, Барлыбай жазығындағы «Мықтың үйлері» (атамзаманғы ескерткіштер мен қорымдар), олар туралы тарихшылар мен шежірешілердің айтқандары; 2. Тобықтының Шыңғыстауға келген тұсынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі жер аттарының тарихы, ол жерде өткен белгілі оқиғалар туралы (Мысалы, «Шор қашқан», «Кеңгірбайдың тасы», Шаған, Сарғалдақ, Ши, Жидебай, Арқалды, Қыдыр, Қарашоқы, Шұнай, Архат, Орда, Шілікті, Шілікті кезең, Маян жазығы, Шымылдықты кезең, Ақбайтал, Ақ биік, Құндызды, Ботақанның қырық ошағы (Абай өлген жер), Кең қоныс, Бақанас, Шақпақ, Көшбике, т.б.); 3. Құнанбайға дейін өмір сүрген ел билеген көсемдер мен батырлар туралы (Кеңгірбай, Мамай, Тоқтамыс, Ырғызбай, Ералы, Өскенбай, т.б.); 4. Құнанбай және Құнанбайдың замандастары туралы; 5. Абай және Абай заманында өмір сүрген адамдар туралы (Мысалы, Оразбай мен Базаралы туралы бір түн әңгімелеп тауыса алмайтын); 6. Абайдың жастығы, махаббат пен ғадауаты, билігі, өлеңдерінің шығу тарихы, қай өлеңі қай жерде жазылды, онда қандай мәселе көзделген, сол туралы; 7. Ақын Абайдың құсалы өмірі туралы (бұл бітпейтін тақырып арқауы еді). 8. Ел арасындағы шешендік сөздер мен айтыстар, түрлі оқиғалар туралы; 9. Шыңғысты мекендеген адамдардың, сөз иелерінің өмірі, солардың және Абай тұқымдарының тоз-тозала болған тағдыры, кеңестік қысымның тауқыметі, ашаршылық, т.б. туралы; 10. Шәкерім туралы... Осы көрсетілген әр тақырыптағы бір оқиғаға, бір адамға қатысты жайларды бұтарлап таратқанда, бір жолғы сапарға кең молынан азық болатын”, - деп еске алады жазушы.
«ҚҰЙМА ҚҰЛАҚ ҚАРТТАРДЫҢ БІРЕГЕЙІ»
Биыл 14 наурыз күні Абай Құнанбайұлының «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында абайтанушы Бекен Исабайұлының 95 жылдығына арналған «Абайтанудың абызы» атты еске алу кеші және көрмесінің ашылуы өтті.
Көрмеде Исабайұлының өмір жолын, шығармашылығы туралы баяндайтын түпнұсқа қолжазбалары, естеліктері, ақынның ұлы Шағжан Бекенұлы музейге тапсырған домбырасы, шапаны, тақиясы, жеке заттары, әр жылдарда жарық көрген еңбектері мен фотосуреттері көрермен назарына ұсынылды.
Абай облысы, Семей қаласының зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері, студенттер қатысқан жиын көптің көңілінен шықты. Бұл туралы мұражай директоры Ұлан Сағадиев айтып берді.
«Абай музейінде көптеген жылдар бойы қызмет етіп, Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеу, оның ақындық мұрасын насихаттау жолында үлкен үлес қосқан тұлғалардың бірі — Бекен Исабайұлы. Биыл оның 95 жылдығына орай мұражайымызда «Абайтанудың абызы» атты көрме ашылды. Бұл шара Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Абай музейінің құрылғанына 85 жыл толған мерейлі жылмен тұспа-тұс келіп отыр», - дейді ол.
Ұлан Сағадиевтің айтуынша, бұл көрме Бекен Исабайұлының Абайтану саласындағы елеулі еңбектерін, сондай-ақ оның тұтынған заттары мен архивтік құжаттарын таныстыру мақсатында ұйымдастырылды. Бекен Исабайұлының өмірі мен мұрасы қазақ әдебиеттануының жас өкілдеріне, журналистика факультетінде оқитын студенттерге, жалпы Абай шығармашылығына қызығушылық танытқан зерттеушілерге үлкен мотивация беріп, ғибрат боларлық үлгі болуда.
«Ол өз уақытында Абайдың айналасын зерттеп, осы салада мол мұра қалдырған құйма құлақ қарттардың бірі әрі бірегейі болды. Сонымен қатар, Мұхтар Әуезовтің дүниеге келген Бөрлі музейінің меңгерушісі ретінде абайтануға қосқан үлесі өлшеусіз. Бекен Исабайұлының осы саладағы орасан зор еңбегін ұрпаққа насихаттау, оның өмірі мен қызметін түсіндіру қазіргі жастар үшін аса маңызды», - дейді Ұлан Сағадиев.
Көрмені Семей қаласының тұрғындары мен музей қонақтары бір ай бойы тамашалай алады.