«Абай» журналы зиялы қауымның асыға күтетін басылымы болуы керек»

807
Adyrna.kz Telegram

Биыл ұлы Абайдың туғанына - 180 жыл. Ал оның құрметіне арналған,  қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі – «Абай» журналының шыққанына 107 жыл толып отыр. Алашорда дәуірінің үні болған басылымның бүгінгі қоғамға қызметі туралы журнал директоры Амантай Исаұлы әңгімелейді.  

“Абай”  журналы алғаш 1918 жылдың 4 ақпанында қазіргі Семей қаласында жарық көрді. Алғашқы саны шамамен 16-21 беттен тұратын төте жазумен жазылып, 900 данамен шыққан. Журналдың тұңғыш редакторы – Жүсіпбек Аймауытов болса, негізін қалаушы Мұхтар Әуезов еді. Қос кемеңгер әр мақаланың соңына «Екеу» деген лақап атпен қол қойып отыратын болған. Дегенмен, басылым бар-жоғы 9 ай ғана жарияланып, Кеңестік идеология «ұлтшыл» деп айыптаған соң шығуын тоқтатқан.

Кейін араға 74 жыл салып, 1992 жылы еліміз егемендік алған соң “Абай” журналы қайтадан шыға бастады. Міне, содан бері басылым халыққа тоқтаусыз қызмет етіп келеді.

Бүгінгі журналдың директоры, профессор, тарихшы Амантай Исаұлы тарихи басылымның қазіргі жай-күйі туралы “Адырна” ұлттық порталына айтып берді.

«БІР ҒЫЛЫМНАН БАСҚАНЫҢ БӘРІ ДЕ КЕСЕЛ АДАМҒА…»

 - «Абай» журналының редакция құрамында 1997 жылдан бері қызмет етіп келемін. Қазақ баспасөзінің сипаты өзгеріп, талай даму кезеңдерінен өткен осы заманда «Абай» журналы  баспасөзге өзіндік бір үн қосып, мәдениетіміздегі  маңызды орнын белгілеп келеді. Заман басқа. Миссиясы - ұлтқа, руханиятқа қызмет ету, ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтар мұрасын, әдебиетті, тарихты, халқымыздың дүниетанымын, зерттеушілерге ойларын, ғылыми пайымдарын халыққа жеткізуге  мүмкіндік беру. Бүгінде бұл миссия орындалуда, - дейді Амантай Исаұлы.

Айтуынша, зиялы қауым «Абай» журналын оқып, осы күндері абайтану, шәкәрімтану, әуезовтану ғылымдарында нендей жаңалықтар бар, ұлылардың мәңгілік идеялары қалай игеріліп жатыр, соны іздейді.

- Таным – шексіз дүние, там-тұмдап қамтылса да орнықты, ғылыми түсініктер оқырманға аса қажет. Сондықтан «Абай» -  көпшіліктің рухани дүниесін кеңейтуге септігін тигізетін, соған  бағытталған  ғылыми-танымдық журнал. Ұстаным Абай сөзімен айтқанда «бір ғылымнан басқаның бәрі де кесел адамға», - дейді тарихшы.

Амантай Исаұлының айтуынша, бүгінгі телефонға телмірген заманда журналға сұраныс та, қажеттілік те жоғары.

- Көркем әдебиетті, кітапты, газет-журналды оқуды қойып, көпшілік электрондық құлдыққа түсіп,  гаджеттер қызметтерінен аспай қалған заманда тұрақты, сенімді, орнықты дүние бұрынғыдай сол кітаптан, баспасөзден табылады. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деген Абай сөзі осы заманда да ақиқат. Алыпқашпа сөздерден, жалған сенсация, керексіз  ойын адамның есіл уақытын жеп жатқан заманда тиянақ табары - осындай басылымдар. Кітаптар, журналдағы, баспасөздегі орнықты, тексерілген, мамандардың аузынан шыққан дәлелді дүниелер. Сондықтан көркем, өрнекті сөз, өткен замандар мұрасын ғылыми талдау маңызды. Бұл ойлы адам сусындайтын аса қажет дүние, - дейді Амантай Исаұлы.

Яғни, «Абай» журналының жұмысы ойы бар, терең дүниеге құштар оқырманға, өмір құндылықтарын таныған, тани бастаған талаптанушыға  бағытталады.

- Тіпті, олар көп болмаса да үлкен рухани күш, елдің болашағына қызмет ететіне сенемін. Сол себепті де журналға сұраныс та бар, оны оқуға қажеттілік те бар. Білімді авторлардың еркі - әдебиетші ме, тарихшы ма, философ па, мұғалім бе, жас талаптанушы ма - олар шын дүниелерімен, жақсы ізденістерімен журнал беттерінен көріне алады, - деген ғалым басылымда қазіргі замандағы қоғам мәселелері де қалыс қалмайды дейді.

- Әсіресе гуманитарлық салада. Тарихымыз, тіл, ұлттық даму мәселелері үнемі редакция назарында тұрады,- деп жалғастырды Амантай Исаұлы.

«ДАУ-ДАМАЙ ҚУАЛАҒАНДАРДЫҢ ЖАЗҒАНЫ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»

Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Ғұмар Қарашев, Смағұл Садуақасов, Халел Досмұхамедов секілді тұлғалардың көптеген ағартушылық ілімі жарық көрген журнал бүгін де сол бағытты жалғастырып келеді. Бас редактор журналға шығатын мақалаға аса мән беретінін айтады.

- Журналға кез келген автор танымды, өзекті, дәлелді,  дербес, көркем  дүниелерді ұсына алады. Саяси ұпай жинаған, дау-дамай қуалаған, әлдекімдермен  есеп айырысқан жазғыштардың жазғандары болса, олардың қадір-қасиеті бар журналымызға ешқандай  керегі жоқ. Ал берері мол, танымды еңбек жазған авторлар  материалдарын журнал поштасына (03.10.2012@list.ru) тікелей жібере алады. Жіберілген материалдардың құндылығы ескеріліп, кезекті сандарында ешқандай ақы-пұлсыз  жарияланады. Мақалалардың сапасына мейлінші жоғары талап қойылады. Әлеуметтік желіде, түрлі сайттарда жақсы дүниелердің  фрагменттері  шыққан болса, ал журналға жариялауға неғұрлым толымдысы, орнықтысы талап етіледі. Қайталанғандары басылмайды, - дейді Амантай Исаұлы.

Айтқандарына қарағанда, журналда жастар шығармашылығы да үнемі назарда болады.

- Халықтың "асыл - тастан, ақыл - жастан" дегеніндей, жас дарынның зерттеуіне,  шығармасына ерекше көңіл бөлінеді, шығармашылық жетілу жолы қадағаланады,- дейді Амантай Исаұлы.

«ОҚЫРМАННЫҢ ТАНЫМЫ ӨСІП, ҚУАНУЫ – БАҚЫТ»

«Абай» журналын шығарушы Амантай Исаұлы Абайдың шығармашылық мұрасын халқымыздың баға жетпес асыл рухани қазынасы деп есептейді. Айтуынша, бл туралы тың зерттеулер жазыла бермек.

- Алдағы уақытта “Абай” журналын сандық медиада да дамыту жоспарда бар. Қазір жеке сайты ашылған. Үзік-үзік дүниелері шығып тұрады. Бірақ бастысы, негізгісі ең бастысы қағаздағы журналдың өзі кейінгіге артефакт болып қалады. «Абай» журналын жаздырып алу зиялы адамға, ғалымға, ұстазға, мұғалімге, талаптанушы жасқа өте қажет деп ойлаймын. Ал  біз заман талабына, өскелең оқырман талабына сай қасиетті есіммен белгіленген журналды оқырмандарымызға табыс етіп отырамыз. Оқырманның танымы өсіп, қуануы - біз үшін бақыт. Ортақ қуаныш – осы,-  деп қосты Амантай Исаұлы.

Оның айтқандарына қарағанда, журналдың алға қойған жоспары көп. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай, басылымның жұмысы одан әрі қыза түспек.

- Журналды тың туындылармен толықтыра бермекпіз. «Абай» журналы зиялы қауымның асыға табысатын басылымы болуы керек. Әрине, ол алдымен халқымыздың мәдени дәрежесіне де байланысты. Халқымыздың мәдени, рухани деңгейі, тіліміздің қызмет ету, рухани игіліктерді игеру деңгейі қандай – соны да журналдан көре аламыз, - дейді «Абай» журналын шығраушы Амантай Исаұлы.

Пікірлер