Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арнау ретінде ақынның қара сөздері иллюстрациялық нұсқада жарық көрмек. Осы жұмыстың бұрынғы жұмыстардан айырмашылығы қандай, автордың көздегені не – өзінен сұрап көрдік.
Бұл идеяны іске асырып, кітап ретінде басып шығаруды қолға алған – жас суретші, дизайнер Шалқар Аханов. Бастаманың басқалардан ерекшелігі туралы автордан сұрап білдік.
— Естуімізше, Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арнап қара сөздерін сурет әлеміне енгізіп, кітап жазып жатырсыз. Осы екі жанрды біріктіру идеясы қалай пайда болды?
— Мен сурет өнеріне бала күнімнен ғашықпын. Оның үстіне оқыған мамандықтарым да осы сурет өнерінің айналасында. Ал Абайдың қара сөздерін сурет әлеміне енгізу идеясы, әрине Абай ілімдерін оқып, одан өзіме керегін алғаннан кейін ғана келді. Абайды оқыған адам Құдайын таниды. Құдайды тану ол – өзіңді тану және табу. Мен өмірден өзімді “суретші” ретінде тауып, танығаннан кейін бұл екі жанрды қосу мен үшін қарапайым шығармашылық жұмыс қана.
АБАЙ ӘЛЕМІ МЕН ТАЛАПТЫ ОҚЫРМАН
— Кітапты шығарудағы мақсатыңыз қандай?
— Шәкәрім атамыз “Құры білген не керек, білгенді қылған сол керек” дейді. Мақсатым – бойымдағы Құдайдың берген кішігірім өнері арқылы бір жанның болсын жүрек көзінің ашылуына тамшыдай болсын өз үлесімді қоссам деймін. Абай әлемі өте күрделі. Оны бір оқыған адамның түсінуі екіталай. Сондықтан Абай әлемі мен талапты оқырман арасына осы кітап арқылы кішігірім көпір салсам деймін. Басқа ешқандай мақсатым жоқ.
— Абай атамыздың қара сөздері бұған дейін де бірнеше рет басылып шықты. Бұл кітаптың өзгелерден ерекшелігі қандай?
— Өкінішке қарай, қазіргі қоғамның басым бөлігі көп оқып көп ой жүгірткісі келмейді… Көбінесе, бір қарап өте шыққанға жақын. Қара сөздерді тек қаріптермен ғана бермей қасына суретімен қоса бейнелеп отырса, жаңағы бір қарап өткеннің өзінен көп нәрсені ойына түйіп қалады деп ойлаймын. Бұл кітаптың ерекшелігі де міне осы, яғни айтылатын ойдың сурет арқылы жеткізілуінде. Өзгешелігі - суреті көп, жазуы аз болмақ.
— Кітап өз құнын ақтайды деп ойлайсыз ба?
— Иә, басылып шыққан соң, кітап бірден сатылымға шығады. Ол жағын әлеуметтік желіде бөлісіп отырамын. Кітап өзін ақтай ма, жоқ па, нақты білмеймін. Ең бастысы, ойымдағы кітапты шығарып, Абай атамыз айтқандай қоғамның дамуына бір кірпіш болып, қалансам, деймін.
— Сіз кітаптың дизайнымен айналыссаңыз, басқа да жұмыстарын атқаратын командаңыз бар ма?
— Қазір кітаптың жазба жұмыстары түгелдей жүйеленіп өз мәресіне жетіп тұр. Пайызға шақсақ, шамамен, қырық пайызы дайын. Тек мәтіндердің орфографиялық қателерін түзеуді жас филолог Іңкәр Амангелді деген досым атқаруда. Одан басқа командам жоқ.
“ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚОЛДАУ КЕРЕК”
— Білуімше, кітаптың қаржысына халықтың қолдауы қажет. Шығаруға көмектесетін инвесторлар табылмады ма?
— Әзірге инвестор табылған жоқ. Оның үстіне мен дәл қазір кітаптың қанша бет болатынын және оны баспадан басып шығаруға қанша қаржы керек болатынын да нақты білмеймін. Білетінім, инвестор табылса да, табылмаса да кітапты жарыққа шығаратыным ғана. Иә, әлеуметтік желілерде “кітапқа қолдау керек” деп жазып жатқаным рас. Бұл жердегі “қолдау” сөзі тек “қаржылай қолдау” ғана емес. Шығармашылық үстіндегі өнер адамына бір ауыз қанатты сөз айтудың өзі де үлкен қолдау ғой.
— Кітапты шығару үшін Абайдың белгілі бір қара сөзі әсер еткен болар.
— Әрине, ең көп әсер еткені Абай атамыздың бұрынғыша 38-ші қара сөзі. Бұрынғыша деуім, біз 38-ші сөз деп оқып келген қара сөз – шын мәнінде Абайдың ең соңғы жазған жеке шығармасы. Бұған автордың өзі “Кітап тасдиқ” деген атау берген. Міне, осы “Тасдиқ” атты трактат маған барлық жағынан өте күрделі әсер алып келді. Өйткені, Абай қара сөздерді қазақ халқының ел болып қалыптасуы үшін жазса, «Тасдиқты» барша адамзат баласы үшін жазған. Бұл тақырып сөзді ұзартады... Сондықтан, бұны кітаптың шығуына және болашақ оқырмандардың өздерінің оқып білуіне қалдырғанымыз жөн болар.
— Кітаптың шығуын асыға күтеміз, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!