Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының құрылғанына 15 жыл толды.
Мерейлі датаға орай, институттың ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Ләйла Мұсалымен сұхбаттастық.
– Ләйла ханым, институттың құрылғанын 15 жыл толыпты. Дегенмен, сіздер туралы бірі білсе, бірі біле бермейді. Сондықтан институттың құрылу мақсаты мен басты бағыттары туралы айтып берсеңіз.
– Иә, биыл бізде мерейлі дата – Фараби университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтына 15 жыл толып отыр.
Абай ғылыми-зерттеу институты ғылыми кеңестің шешімімен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанынан 2009 жылы наурыз айында ашылған болатын. Институт директоры болып елімізге белгілі әдебиеттанушы, абайтанушы ғалым, профессор Жанғара Дәдебаев тағайындалған. Міне, осынша жыл лезде өте шығып, Абай ғылыми-зерттеу институты өзінің 15 жылдық мерейлі шағын Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойы аясында атап өтіп отыр.
Ұлттық университеттегі ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының арасында Абай ғылыми-зерттеу институтының өзіндік елеулі орны бар.
Орталық Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын қоғамдық-гуманитарлық ғылым салаларының тоғысында зерттеп, қазақ әдебиеттануы, фольклортану, әлем әдебиеті, аударма, мәдениетаралық байланыстар сынды бағыттар бойынша жұмыс істейді. Жалпы институттың ғылыми-зерттеу бағыты тек абайтану ғылымымен шектелмейді, Абай институтында өзге де қоғамдық-гуманитарлық ғылым салаларының тоғысында маңызды зерттеулер жүргізіліп келеді.
– Институттың алғашқы жетістіктері мен қиындықтары қандай еді?
– Институт құрылған алғашқы жылдарда (2009-2011ж.ж.) қоғамдық негізде жұмыс істеді, арнаулы штаттық кесте болмады. Дегенмен де, институт директоры, профессор, тәжірибелі де іскер басшы Жанғара Дәдебаевтың бастамашылдығы мен қажырлы ұйымдастырушылық еңбегі арқасында институттың жұмысы жүйелі түрде жалғасты. Институт құрылған алғашқы жылдарда-ақ заманауи тұрғыдағы ресми вебсайты (https://abainst.kz) құрылды. Онда ғылыми, әдістемелік, көркем әдебиеттер мен оқулықтардың электронды қоры жинақтала бастады. 2009 жылдың соңына қарай «Абай институтының хабаршысы» ғылыми-ақпараттық журналы ашылып, ресми тіркелді.
Абай институты ресми вебсайтының ашылуы, «Абай институтының хабаршысы» журналының ашылуы институт қызметінің алғашқы үлкен жетістігі болды. Абайдың шығармашылық мұрасы туралы бұрынғы және жаңа еңбектер жинақталып, институт сайтында, «Абай институтының хабаршысы» журналында жариялана бастады. Бұл бағыттағы жұмыстар қоғамдық негізде үзіліссіз жалғасты. Оқытушылар, магистранттар мен докторанттар оқу-зерттеу аясында Абайдың шығармашылық мұрасы туралы түрлі басылымдарда жарияланған еңбектерін жинап, топтастыруға қатысты.
«СОҢҒЫ ОН ЖЫЛДА 100-ГЕ ЖУЫҚ КІТАП ЖАРЫҚ КӨРДІ»
– Осы уақыт аралығында Абайдың шығармашылығын зерттеу саласында институт қандай жаңалықтар ашты?
– Осы 15 жыл ішінде Абай институты үлкен асулардан өтіп, өзекті де маңызды ғылыми нәтижелерге жетіп, қазақстандық абайтану ғылымына зор үлес қосты. Институтта гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі, қолданбалы, пәнаралық зерттеулер бағыты бойынша «Абайдың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеу», сондай-ақ, «Абай ілімін білудің, түсінудің және қолданудың ғылыми негіздері мен теориялық тетіктері» тақырыбында өзекті де маңызды ғылыми жобалар орындалды. Aталған ғылыми жобaлар бойыншa орындaлғaн жұмыстaрдың нәтижелері аса ауқымды, соңғы он жыл ішінде 100-ге жуық кітаптар жарық көрді.
Институттың жұмыстары мен ашқан жаңвлықтарын тізе берсең көп. Алайда маңыздыларын атап өтейін.
Абай ғылыми-зерттеу институтында Қазақстанда алғаш рет абайтану ғылымының тарихы ғылыми түрде жүйеленіп, хронологиялық тәптіппен біріздендіріліп, жинақталды. Оның айқын көрінісі – «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» 50 томдық басылымы. Бұл кітаптар абайтану ғылымы саласында ғылыми мектептер мен зерттеушілердің барлық буындарының жетістіктеріне негізделген.
Осы 50 томдықтың негізінде, көрнекті абайтанушылардың іргелі ғылыми зерттеулері іріктелген «Абайтану антологиясы» атты 10 томдық жарық көрді. Бұл болашақ абайтанушылар үшін таптырмас ғылыми деректер көзі болды.
Ерекше креативті, заманауи интеллектуалдық өнімнің бірі – «Абайдың кісілік кодексі» Бұл – данышпан Абайдың адамгершілік пен кісілік жолын нақты көрсететін түйінді де өзекті нақыл сөздер жиынтығы. Еңбектің еліміздің азаматтарына өмірлік ережесіне айналарлықтай мән-маңызы жоғары.
Абай институты ғылыммен қатар, ұлттық университеттегі оқу үдерісіне де өзіндік үлесін қоса білді. 2021-2021 оқу жылынан бастап, жоғары білім беру бағдарламаларының жалпыға білім беретін пәндер циклі қатарына таңдау компоненті ретінде Абай ҒЗИ-да дайындалған жаңа «Абай ілімі» атты оқу пәні енгізілді. Аталмыш пәннің мақсат-мазмұны айқын да өзекті, оқу-әдістемелік тұрғыдан толық қамтамасыз етілген. Абай ҒЗИ-дың оқу өндірісіне енгізген өзіндік педагогикалық өнімі ретінде «Абай ілімі» пәні – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың жүйесін жастардың бойына сіңіруге зор ықпал етеді.
«Абайдың кісілік кодексі», «Абай ілімі» оқу пәні елдің интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға, қоғамдық сананың жетілуі мен кемелденуіне, жастар мен жасөспірімдердің рухани дамуына қызмет етеді.
Сонымен қатар, «Абай институтының еңбектері» сериялық басылымына кіретін 24 кітап – Абай ҒЗИ-да жүзеге асқан ғылыми жобалардың елеулі де мазмұнды нәтижесі.
Одан бөлек, Абай институты басқа да бірнеше көп том-сериялық басылымдарды жарыққа шығарды. «Жамбылтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық сериялық басылымының алғашқы 10 томы да Абай ҒЗИ-да дайындалып, жарық көрді
Абай ғылыми-зерттеу институты белгілі ғалымдардың 20-ға жуық бейнелекцияларын жасап, институттың порталында, YouTube арнасында ұсынды. Биыл Абай ҒЗИ «Ғылым таппай мақтанба» деп аталатын бейнехабарлар сериясын бастады. Онда Фараби кітапханасы мен Абай институтының қорына түскен жаңа ғылыми, ғылыми-көпшілік сипатындағы кітаптар насихатталады.
Жоғарыда аталғандардың бәрі де - орасан зор ғылыми-танымдық еңбектің жоғары нәтижесі. Бұл ғылыми нәтижелердің барлығы да – біздің университетіміз үшін жалпы гуманитарлық ғылымдар саласы үшін мақтаныш етерлік ғылыми табыс. Абай ғылыми-зерттеу институтының ғылыми жобасы аясында жарық көрген бұл құнды зерттеулер мен интеллектуалдық өнімдер ҚазҰУ-дың ғана емес, бүкіл қазақ ұлттық руханиятының зор игілігіне айналуда.
«АБАЙ МҰРАСЫ – ӘЛЕМГЕ ОРТАҚ»
– Абайдың іліміне бір қазақ елі ғана емес, өзге елдер де қызығушылық танытады. Сондықтан институт халықаралық ғылыми қауымдастықпен байланыстар орнатқан ба?
– Әрине. Абай мұрасы - әлемге ортақ. Сондықтан біздің институт шет елдік ғалымдармен тығыз байланыста. Атап айтқанда, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және т.б. Орталық Азия елдерінің ғылыми институттарымен, АҚШ-тың Вашингтон университетіндегі Абай орталығымен шығармашылық байланыстар орнатқан. Жыл сайын Абай Құнанбайұлының туған күніне орай өткізілетін дәстүрлі «Абай Құнанбайұлының ілімі мен шығармашылығы» атты халықаралық ғылыми конференцияға шетелдік ғалымдар – Әзербайжан ғалымы Н. Тагисой, Түркия ғалымдары Н.Бирай, Е. Аян, Қырғызстан ғалымы А. Ахматалиев, Өзбекстаннан Б. Каримов т.б қатысады, сондай-ақ, түркі халықтарына ортақ тұлғалар шығармашылығы бойынша бірлескен ғылыми жиындар өтіп тұрады. Алдағы жылдары да шет елдік қауымдастықтармен бірігіп жұмыс істеп, тығыз байланыста боламыз деген үміттеміз.
– Абай мұрасын зерттеу бойынша қандай жаңа тақырыптарға назар аударылмақшы? Алдағы жоспар қандай?
– Институттың алға қойған жоспары көп. Біз Абайдың ілімін зерттеуден талмаймыз. Институт алдағы уақытта Абай ілімі және гуманитарлық ғылымдар саласында заманауи бағыттағы жаңаша ғылыми парадигмаларды, Абай мұрасын зерттеу бойынша жаңа тақырыптарды, пәнаралық, филологиялық, философиялық, мәдениеттану, әлеуметтану аясындағы зерттеулерді қамтитын ғылыми жобалар, халықаралық деңгейдегі компаративистік жобалар жоспарлауда. Мәселен, Абай ҒЗИ-да «Абай ілімі», «Абайдың антропологизмі», «Абай метапоэтикасы», «Абай шығармашылығының шетелдегі рецепциясы» т.б тақырыптар зерттелуде.
– Институттың ғылыми қызметкерлері туралы айтып берсеңіз. Қандай мамандар мен зерттеушілер жұмыс істейді? Жас ғалымдарға қандай мүмкіндіктер беріледі?
– Біздің институтта білімді, өз ісінің мамандары жұмыс істейді. Институттың жетекші ғылыми қызметкер-профессорлары және кіші ғылыми қызметкерлерін қосқанда, жалпы саны - 5. Бұған қоса, «Абай ілімі» пәнінің 5 оқытушысы бірнеше факультетте сабақ жүргізеді.
Сонымен қатар, институтта ҚазҰУ-дың магистранттары мен докторанттары өндірістік практикадан өтеді. Жас ғалымдарға абайтану саласы бойынша жаңа тақырыптар ұсынылады. Олар мақалалар жинағымен айналысып, ғылыми семинарлар өткізеді. Одан бөлек, халықаралық деңгейдегі іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады.
«АБАЙ ІЛІМІ» ЖӘНЕ АБАЙТАНУ
– Сіздіңше, Абай шығармашылығы қазіргі білім беру жүйесіне қалай ықпал етіп келеді? Абайдың мұрасы мектептер мен университеттерде қандай дәрежеде оқытылады?
– Әрине, Абайдың шығармашылығы мектептер мен университеттерде оқытылады. Дегенмен, көбіне жалпы Абай өлеңдері мен қарасөздеріне шолу, талдау жасау деңгейінде өткізіледі. Абайды білу бар да, бірақ оны тереңдеп түсінуге ден қоя бермейді.
Ал Абай ҒЗИ-да дайындалып, ЖОО-дағы оқу үдерісіне енгізілген «Абай ілімі» - пәнаралық және әлеуметтік-гуманитарлық сипаттағы жаңаша пән. ҚазҰУдың бірнеше факультеттерінде таңдау пәні ретінде 2021-2022 жылдан бері оқытылып жатқан «Абай ілімі» пәні өте жақсы нәтижелер беріп, студенттердің жоғары қызығушылығы мен ынтасын оятуда. «Абай ілімі» пәні аясында зерттеліп, анықталған Абайдың білім концепциясы, осы қағидаларың нәтижесіндей болған Абай таксономиясы қазіргі білім беру жүйесіне енгізуге толық негіз бар. Абайдың ілімінде, Абайдың таксономиясында танымдық үдерістің жүйесін анықтайтын білім сатылары, білу, түсіну деңгейлері нақты анықталып, жүйелі, сапалы білім алу жолдары нақты көрсетіледі. Абайдың білім концепциясындағы қағидаларды, Абайдың таксономиясын білім беру жүйесіне енгізу арқылы қазіргі жаңартылған білім бағдарламаларындағы кейбір олқылықтардың орнын толтыруға болады деп санаймыз.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Дана Нұрмұханбет
«Адырна»