Лондондағы Хитроу әуежайы электр станциясындағы өртке байланысты бір күндік үзілістен кейін қайтадан рейстерді қабылдап, жөнелте бастады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы әуежайдың ресми парақшасында хабарланды.
"Хитроу әуежайы электр қуатының кеше үзілгеніне қарамастан, рейстерді қайта қабылдауда. Біз жағдайды реттеу үшін үздіксіз жұмыс істедік және енді ұшуларды қауіпсіз түрде жалғастырамыз," – делінген хабарламада.
21 наурызда әуежай маңындағы Хейс ауданында орналасқан электр станциясында өрт шығып, Хитроу толықтай тоқтатылған болатын. Әуежай өкілдерінің айтуынша, апат салдарынан ауқымды аумақта электр энергиясы өшірілген.
Төтенше жағдайды Лондонның терроризмге қарсы күрес бөлімі тергеп жатыр. Дегенмен, құқық қорғау органдары қасақана ұйымдастырылған әрекеттің белгісі жоқ екенін хабарлады.
Айта кетейік, Хитроу – әлемдегі ең ірі әуежайлардың бірі. 2024 жылы онда рекордтық 83,9 миллион жолаушы сапарлаған. Әуежайда әр 45 секунд сайын бір ұшақ қонады немесе ұшады.