Илон Масктың америкалық космостық компаниясы SpaceX-тің Starship зымыраны тағы да Техастың Бока-Чика космодромынан сынақ ұшыруынан кейін жарылды. Сегізінші сынақ ұшуы басталғаннан кейін шамамен 10 минут өткенде, зымыранның көтерілуі аяқталуға 20 секунд қалғанда байланыс үзілді. Бұл туралы 7 наурызда түнде SpaceX мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Кариб теңізінің үстінде болған жарылыс Флорида штатының бөліктерінен көрінді, деп хабарлайды CNN. Компания мәліметінше, зымыранның бірнеше қозғалтқышы өшіп қалған, содан кейін ол жарылған.
Қайта пайдалануға болатын бірінші кезең - Super Heavy зымыран-тасығышы жоспарланғандай Жерге оралды және ұшыру кешеніне сәтті қонды. SpaceX компаниясы Starship кемесінің алдыңғы сынақ ұшыру кезінде де осындай жағдай орын алғанын айтты. Компания әуе қозғалысын басқару органдарымен тығыз жұмыс істейтінін мәлімдеді.
Жарылысқа байланысты АҚШ-тың Азаматтық авиация басқармасы (FAA) Флорида штатындағы бірнеше әуежайда ұшуға шектеу қойды, соның ішінде Майами, Орландо, Палм-Бич және Форт-Лодердейл әуежайлары да бар. Ведомство SpaceX-тің инцидент бойынша бірлескен тергеу жүргізуін талап етті. Салдары зымыран ұшырулардың ары қарай жалғасуына әсер ететін болады.
Бұл Starship зымыранының екінші рет қатарынан жарылуы. Алдыңғы жетінші сынақ ұшуы да сәтсіз аяқталған.
Қаңтар айының ортасында зымыранның бірінші қайта пайдалануға болатын сатысы кемені орбитаға шығарып, Жерге оралды, ал жоғарғы саты аспанға бөлініп, барлық алты Raptor қозғалтқышын іске қосты.
Содан кейін зымыранмен байланыс үзіліп, жарылды және бөлшектері Кариб теңізіндегі Теркс және Кайкос аралдарына түсті. Осыдан кейін FAA ұшу шектеулерін енгізді.
Сегізінші сынақ ұшуы 4 наурызға жоспарланған болатын, бірақ техникалық ақауға байланысты 40 секунд қалғанда ұшу тоқтатылды.
Starship - тарихтағы ең үлкен және ең қуатты зымыран. 70 метрлік Super Heavy бірінші сатысынан және қосымша қозғалтқыштары бар 50 метрлік Starship ғарыш кемесінен тұратын жүйенің жалпы жобалық жүктемесі 150 тоннаны құрайды.
NASA бұл жоба арқылы Айға және Жер орбитасына пилоттық ұшуларды қайта бастауға үміттенеді. Илон Маск 2026 жылы осы зымыранмен адамдарды Марсқа жіберуді жоспарлап отыр.