Тарихи есімдерді қоюды ұлттық сананың жаңғыруымен байланыстарған ғалымдар моңғолдар арасындағы кісі аттарын зерттеп, үш томдық еңбекті жарыққа шығарды. Оған 2 жыл уақыт кеткен.
Моңғолияда Шыңғыс хан мұрасы институты 2022-2024 жылдар аралығында ортағасырлық моңғол тіліндегі адам аттарын зерттеп, оның қорытындысы үш томдық еңбекті жарыққа шығарды. Cоған орай Моңғолия ұлттық кітапханасында «Ортағасырлық моңғол есімдерін зерттеу» атты жинақтың тұсаукесері өтті.
35 АВТОРДЫҢ 39 МАҚАЛАСЫ
«Ортағасырлық моңғол есімдерін зерттеу» жинағының бірінші томында зерттеу әдістемесі мен нәтижелері ұсынылған, екінші томда бұл тақырыпты зерттеген шетелдік және отандық ғалымдардың мақалалары жинақталған, ал үшінші томда 12 ұйымнан 5 елдің қатысуымен өткен ғылыми конференцияның баяндамалары қысқаша нұсқада жарияланған.
Еңбектің екінші томда ортағасырлық моңғол есімдерін зерттеуге арналған 120-дан астам жұмыс, соның ішінде 35 автордың 39 мақаласы қамтылған. Этнография, тарих, лингвистика және мәдениеттану саласындағы зерттеулер академиялық онлайн дерекқорлардан және іздеу жүйелерінен жиналған.
Моңғолия Ғылым академиясы Тарих және этнология институтының көне тарих бөлімінің меңгерушісі Г.Алтансүх зерттеу нәтижелеріне тоқтала келе, зерттеудің мақсаты – моңғол халықтарының, әсіресе «Моңғолдардың құпия тарихында» аталған халық атауларының құрылымын, мағынасын, формасын зерттеу екенін атап өтті.
ТЕМУЖИНДЕР, ҚАЙДАСЫҢ?
1990 жылдан бері Моңғолияда ұлттық сананың және тарихқа деген мақтаныштың қайта жаңғыруы байқалып, бұл өз кезегінде жаңа туған сәбилерге көне моңғол есімдерін қоюға қызығушылықтың артуына себеп болды. Балаларына Темужин, Үүлен, Есүхей, Хасар сынды әйгілі хандардың, батырлардың есімдерін қою әдетке айналған. Алайда тарихи есімдер жиі әртүрлі жазылғаннан, олардың мағынасы мен символикасы белгісіз болып қалады. Осыған байланысты, тарихи есімдердің құрылымын, символикасын және айтылуын зерттеу қажет болды. Кейбір зерттеушілер «Моңғолдардың құпия тарихында» 400-ден астам атауды түрік, манжу, тунгус тілдерінен енген деп түсіндіреді.
Зерттеулер көрсеткендей, бұл есімдердің 80-90 пайызы моңғолдарға тән делінеді. Сондай-ақ, зерттеу орта ғасырларда моңғол есімдерінің әлем бойынша қалай таралғаны және сол есімдерді Кореяда, Қытайда, Батыс және Шығыс Еуропада қалай қолданғаны туралы мәлімет берді.
Моңғол есімдері өз ерекшеліктеріне ие. Олар күн, ай, жұлдыз, гүл, жапырақтарға және өсімдіктерге байланысты қойылмаған және олар көп сөзден тұрмаған. Ортағасырлардағы моңғол халықтарының есімдерін зерттеу сол кездегі дүниетаным мен мәдениетті көрсетеді.
Зерттеу нәтижесінде моңғол тілінде есімдер қалыптастыру үшін ежелгі түбірлерге арнайы жалғаулар қосу арқылы қалыптасқан лингвистикалық және есім жүйесінің бар екендігі анықталды. Мәселен, Хотун, Угэ, Тэмун және Тэгу деген түбірлерге -лэй және -дэй жалғауларын қосу арқылы Угэдэй (Өгедей) және Угэлэй (Үгелей) есімдері пайда болған.