Сейсенбі күні Астанада лифтідегі 5 жасар баланы пышақтаған жасөспірімді психдиспансер қызметкері ұрғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Астанадағы ерекше балалардың ата-аналары одағының төрайымы Гүлсан Мауина мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Оның айтуынша, жасөспірім санитардың екі рет қол көтергенін айтқан.
"Санитар балаға екі рет қол көтерген: кеше және бүгін. Біз қазір сот-медициналық сараптама жасатуға тырысып жатырмыз. Полицияға хабарластық, учаскелік полиция қызметкері келді, бірақ әзірге нәтиже жоқ. Баланың анасы екі күн бойы сараптама жасата алмай жүр", – деді Гүлсан Мауина.
Астана психикалық денсаулық орталығы бұл оқиғаға түсініктеме берді. Мекеме өкілдерінің мәліметінше, анасы 102-ге хабарласқаннан кейін полицейлер ауруханаға келген. Кезекші дәрігер мен медбике жасөспірімді қарап, анасының келісімімен фотоға түсірген.
"Терісі таза, терінің тұтастығы бұзылмаған, науқас көрсеткен жерлерде гематомалар мен ісінулер анықталған жоқ", – деп хабарлады орталық.
Бұл іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалып, оның қорытындысы кейін белгілі болатыны айтылды.
Еске сала кетейік, Астанада лифтіде жасөспірім 5 жасар баланың бетін пышақпен тілгілеп тастаған еді. Кейіннен жасөспірімнің психиатриялық ауруханаға жатқызылғаны белгілі болды.