Елімізде өндірістік жарақаттар, адам өліміне әкелетін жазатайым оқиғалар әлі де тоқтар емес. Жақында ғана Ұлытау облысындағы кеніште болған апат – осының айқын дәлелі. Жұмысшы мамандықтары жылы басталмай жатып, жеті бірдей кеншіден айрылғанымыз өкіншіті жағдай. Мемлекет басшысы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты кеніште орын алған қайғылы оқиғаға байланысты еңбек қауіпсіздігін қаматамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды. Президенттің айтуынша, өндірістік нысандардағы қауіпсіздік жүйелерінің жабдықталу деңгейі өте төмен. Осыған байланысты заң ғылымдарының кандидаты, PhD, MNUҚылмыстық құқық және процестің ғылыми мектебінің ассистент-профессоры Алмас Жұмағали мырзамен сұхбат құрған едік.
- Алмас мырза, өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталмауының басты себептері қандай?
- Біріншіден, жабдықтардың тозуы мен ескі құрал-жабдықтардың қолданылуы апаттардың жиілеуіне ықпал етеді. Жауапты тұлғалар бұл мәселені шешуге асықпайды, себебі өндірістің тоқтап қалуынан қауіптенеді. Алайда олардың шешімдерінің артында адам өмірі мен денсаулығы тұрғанын ескермеу – ауыр қателік.
Нақты мысал айтсам, осыдан екі жарым жыл бұрын Алматыдағы құрылыс алаңында биік мұнаралы краннан құлап, қаза тапқан кран жүргізушісінің мүддесін қорғауға тура келді. Тергеу барысында сараптама биік кранның бірнеше жерінде жарықшақтар болғанын анықтады. Бірақ кәсіпорын бұл ақауларды жасырып, сыртын сырлап қойған. Үш ай сайын тексеріс жүргізетін комиссия да, сырттан шақырылатын тәуелсіз сарапшы да арнайы сынақтан өткізбей, құрылғыны "толықтай жарамды" деп қол қойып отырған. Нәтижесінде адам қаза тапты.
Алайда тергеу барысында Әуезов ауданының тергеушісі Қонысбаев М. 16.08.2022 жылы бұл оқиғада қылмыс құрамы жоқ деген шешім шығарып, істі жапты. Себеп – кран жүргізушісінің жеңіл дәрежеде мас болғаны. Бұл шешімді аудан прокуроры да қолдады. Бірақ логикалық тұрғыдан алып қарасақ, мұнаралы кранның төбесінде отырған адамның мастығы мен кранның құлауының арасында себепті байланыс жоқ еді. Тергеу барысында марқұмның ережеден тыс әрекеттер жасағаны немесе қыңыр қылық көрсеткені туралы ешқандай дәлел табылған жоқ. Кран оның басқарушысы мас болғандықтан емес, жарықшақтары ұлғайғандықтан құлады. Дегенмен, барлық инстанцияларға жүгінгенімізбен, іс қайта қозғалған жоқ.
Екіншіден, кейбір кәсіпорындарда қауіпсіздік ережелері тек қағаз жүзінде қалып отыр, ал өндірістегі жауапкершілік деңгейі өте төмен. Бұл жұмысшылардың қауіпсіздігіне немқұрайлықарауға әкеліп соғады.
Мысалы, құрылыс алаңындағы қорғаныш каскасы, арнайы аяқ киімдер және белдіктер арзан бағада болмайды, себебі олардың материалына беріктікті арттыратын металл элементтер қосылған. Бірақ кейбір құрылыс компаниялары қауіпсіздікке инвестиция салғысы келмей, "көтере алмайтын шоқпарды беліне қыстырып", үлкен жобаларды бастайды.
Жұмыс күші жетіспеген жағдайда, қосымша жұмысшылар тартылады. Бірақ олар ешқандай белдіксіз, дулығасыз, тіпті кейде тәпішкемен жұмыс істеп жүреді. Кейде биіктен құлап түскен жұмысшыларды құтқару үшін жедел жәрдем шақырылған кезде, сол жерде жүрген жауапты тұлғалар:
"Тез-тез каска мен белдікті тағыңдар!" – деп айқайлап, жарақат алған, тіпті кейде ес-түссіз жатқан адамды қауіпсіздік құралдарымен "жабдықтап" жататын оқиғалар туралы клиенттерімізден бірнеше рет естідік. Не үшін? Себебі жұмысшы қаза тапқан жағдайда, компанияның басшылығы полиция шақырылған кезде өздерін ақтап алу үшін"қауіпсіздік шараларын сақтады" деген уәж айтуы керек.
- Қазіргі заңнамалық талаптар өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жеткілікті ме?
- Қылмыстық заңнамада ешқандай олқылық жоқ. ҚР Қылмыс заңында еңбектi қорғау қағидаларын бұзу (156-бап), атом энергиясын пайдалану объектiлерiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу (276-бап), тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу (277-бап), жарылыс қаупi бар объектiлерде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу (281-бап), ғарыш қызметiн жүзеге асыру кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу (282-бап), магистральдық құбырларды салу, пайдалану немесе жөндеу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу (354-бап) сынды қылмыс құрамдары қауіпсіздік техникасы мен өнеркәсіптік санитария ережелерінежәне еңбекті қорғаудың өзге де қағидаларына қорған болып тұр. Ол қылмыстарды жасағаны үшін он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, бірақ ол болары болып, бояуы сіңген кезде тек оқиға орын алғаннан кейін ғана іске қосылатын тетік.
Сондықтан бізге қауіпсіздік ережелерінің орындалуын алдын ала қамтамасыз ететін қатаң және мүлтіксіз жауапкершілік жүйесі қажет.
-Сіздің ойыңызша қандай өзгерістер енгізуге болады? Қандай қосымша қадамдар қажет?
Қазақстанда еңбек инспекторлары бар, бірақ жұмыскерлердің құқықтық сауаты жетіспейтіндіктен, оларға жүгіну деңгейі өте төмен. Олардан жоғары құқықтық сауатты талап ету де әбестік. Бұл ретте жұмыскер мүдделерін қорғау мақсатында кәсіподақтар жүйесін жандандыру қажет.
Дегенмен, егер кәсіподақтар жүйесі дұрыс реттелмесе, ол да қауіп төндіруі мүмкін.
2011 жылы «Қаражанбасмұнай» компаниясы қызметкерлерінің кәсіподағының заңгері Н. Соколова жұмысшылардың мүддесін қорғап сөйлегені үшін, «жұмыскер» және «жұмыс беруші» деп аталатын екі әлеуметтік топтыңараздығын қоздырды деген айыппен сол кездегі Қылмыстық кодекстің 164-бабына сәйкес сотталған болатын.
Осы оқиғадан-ақ, кәсіподақ қозғалысы дұрыс реттелмесе, қандай қауіптерге тап болуы мүмкін екенін көруге болады.
Өндірістік қауіпсіздікке қатысты "қауіпсіздік техникасы – қағаз жүзіндегі талап емес, адам өмірінің кепілі" деген қағиданы жүйелі түрде енгізу қажет. Бұл қағида жұмыс берушілерден бастап, әрбір қызметкердің санасына сіңуі тиіс.
Қазіргі таңда Қазақстанда өндірістік қауіпсіздік талаптары жиі бұзылады, ал заң нормалары оқиға болғаннан кейін ғана іске қосылады.
Ең бастысы – қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, өйткені "қауіпсіздік – бірінші кезекте адамның санасынан басталады".
- Сұхбатыңызға көп рақмет!
Меруерт Райым