Осыдан бірнеше күн бұрын Ұлытау облысы «Жомарт» кен орнында апат салдарынан 7 кенші көз жұмған еді. Қайғылы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы қатаң ескерту беріп, Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын тексеруді жүктегені белгілі. «Елімізде бекітілген талаптар өрескел бұзылған фактілер көп. Нысандардың қауіпсіздік жүйесімен жабдықталу деңгейі өте төмен. Себебі компаниялар жобаларға тиісті мөлшерде инвестиция салмайды. Мұның барлығы техногенді апаттарға, жұмысшылардың қаза табуы мен жарақат алуына әкеп соқтырады», - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты, ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы Әбдірәсіл Жәрменов ел кеніштеріндегі апаттардың себеп-салдары жайлы өз пайымдауларымен бөлісті.
«Ғалым ретінде айтарым, мыс шахталары көмір шахталарына қарағанда ең қауіпсіз болып саналады. Егер мыс шахтасы опырылып түссе ол қауіпсіздік техникасының өрескел бұзылғанын көрсетеді. Бұл жерде ережені кәсіпорын басшылары бұзды ма, жұмысшылардың өзі сақтамады ма оны комиссия әділ анықтайды деп сенемін. Дегенмен бұл кәсіпорын қожайынын ешқандай жауапкершіліктен құтқармайды, кез келген мекеме басшылығы еңбек қауіпсіздігін жіті қадағалап отыруы тиіс», - деді профессор.
Әбдірәсіл Жәрменовтың пікірінше, кен игеріп жатқан компанияларда ашкөздік пен салғырттық басым.
«Кен өндіру – ел экономикасын алға тартатын ауыр өнеркәсіп. Осы салада кеншілеріміз қаншама метр тереңдікте жұмыс істеп, өмір мен өлімнің ортасында жүр. Қауіпті жұмыс болған соң оған қойылатын бірінші талап еңбек қауіпсіздігі екені мәлім. Өкінішке қарай, біздің елде еңбек қауіпсіздігі жиі бұзылып, оның соңы өндірістік жарақаттарға және адам өліміне ұласып жатыр. Айта берсең фактілер өте көп. Бүгінде еліміздегі өндірістегі өлім- жітімнің 75 пайызы Қазақмысқа тиесілі. Бұл Төтенше жағдайлар министрлігі тіркеген ақпарат. Осыған қарап корпорация қауіпсіздік талаптарын сақтап отыр деп айту қиынға соғады», - деді ол.
Әбдірәсіл Жәрменовтың айтуынша, Қазақстанда кен өндіріп жатқан компаниялардың қауіпсіздік талаптарын сақтауға әлеуеті жетеді. Себебі қазба байлықтың құны жыл өткен сайын қымбаттамаса арзандаған емес.
«Қазба байлықтың құны жыл сайын қымбаттап жатқаны белгілі. Осылай бола тұра олар қауіпсіздік жүйесін жабдықтауға қаражат жұмсағысы келмейді. Қазір цифрлық дәуірде өмір сүріп жатқандықтан озық технологиялар, жабдықтар жеткілікті. Кен қожайындары осындай заманауи жобаларға тиісті мөлшерде инвестиция салуға құлықсыз. Мұны Мемлекет басшысы да сынға алды. Бізге өнерксіптік қауіпсіздік жүйесін қайта қарау қажет деп депутаттар да айтты. Менің өзім де бақылау мен қауіпсіздік талаптарын қайтадан бекітіп, қадағалауды күшейтпесе жазатайым оқиғалар тыйылмайды деп ойлаймын. Негізі, Үкімет кәсіпорынның ішкі істеріне араласа алмайды, дегенмен өз меншігіндегі кен орнын пайдалануға бергеннен кейін сол пайдалы қазбаны өндіру мен өңдеу барысында жеке компанияның мемлекет мүддесін бұзбауын қадағалап отыра алады. Жекеменшік компания руданы өндіргенде Үкімет белгілеген нормативтерге бағынуға, кен орнында тер төгіп жүрген жұмыскерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, экологиялық талаптарды сақтап, қоршаған ортаны ластамауға міндетті», - деді ғалым.
Профессордың пайымдауынша, кен ошақтарында қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз ету - ғылыми-әдістемелік базаны талап ететін ауқымды жұмыс.
«Мұнымен айналысатын арнайы мамандардың, ғалымдардың, зерттеушілердің орталығы болуы тиіс. Яғни өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мемлекеттік институттар белсенді жұмыс істеп тұруы керек. Алдағы уақытта техногендік апаттардың алдын аламыз десек осы мәселені қолға алғанымыз жөн болады», - деп ой түйіндеді Әбдірәсіл Жәрменов.