Көлік вице-министрі Талғат Ластаев 2024 жылдың желтоқсанында Ақтау маңында орын алған Әзірбайжан компаниясының ұшағы апатының себебін анықтауға қатысты тергеу қашан аяқталатынын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Халықаралық азаматтық авиация ұйымы талаптары мен ұсынылған стандарттарына сәйкес, тергеу бір жылға созылады. Осыған байланысты, биылғы желтоқсан айына дейін тергеу бойынша қорытынды есеп аяқталуы тиіс", – деді Ластаев үкіметтегі брифингте.
Алайда, вице-министр әуе апатына қатысты қылмыстық істің тергелуі жөнінде пікір білдірмеді.
"Қылмыстық тергеу – бұл прокуратура органдарының құзыретіне жатады. Бұл мәселе бойынша арнайы жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр", – деп мәлімдеді ол.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтауда Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясына тиесілі Embraer ұшағының қатысуымен әуе апаты орын алды. Баку – Грозный бағыты бойынша ұшқан ұшақ шұғыл қонуға әрекет жасаған кезде апатқа ұшырады. Бортта 62 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Апат нәтижесінде 38 адам қаза тапты.
Халықаралық азаматтық авиация ұйымы конвенциясына сәйкес, апатты тергеу жұмыстарын Қазақстан басқарады. Тергеуге Әзірбайжан, Ресей мамандары, халықаралық сарапшылар және Embraer өкілдері қатысуда. Қара жәшіктер алынып, халықаралық сарапшылардың қатысуымен шифрын шешу процесі жүргізілуде.