Ол Қазақстанда 200-ге жуық шетелдік ҮЕҰ жұмыс істейтінін, олардың 70%-ы АҚШ-тан қаржыландырылатынын мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, бұл ұйымдар көбіне ақпараттық, құқық қорғау және демократияны дамыту бағыттарында жұмыс істейді, бірақ олардың кейбірі Қазақстанға бөтен идеологияны тықпалап, жастардың санасын улауы мүмкін.
Смирнова АҚШ-тың өзінде осындай ұйымдарға қатысты күмән туындап жатқанын алға тартып, «Азаттық» пен «Америка дауысы» сияқты мемлекеттік қаржыландырудағы БАҚ-тарды жабу мәселесі көтерілгенін мысал ретінде келтірді. Ол Қазақстанда жұмыс істейтін ҮЕҰ-лардың қызметін нақты бақылау қажеттігін айтып, олардың ішінде қайсысы достық пиғылда, ал қайсысы қауіпті екенін анықтау қиын екенін жеткізді.
Депутат басқа елдердің тәжірибесін мысалға келтіріп, шетелдік агенттер туралы заң қабылдаған мемлекеттерді атап өтті (Израиль – 2016, Қытай – 2017, Австралия – 2018, Ұлыбритания – 2023, Франция – 2024). Ол АҚШ-та 1938 жылдан бері күшінде тұрған «Шетелдік агенттерді тіркеу туралы» заңға ұқсас ережелер енгізуді ұсынды. Бұл заң ҮЕҰ-лардың қаржыландыру көздерін ашық жариялауды, лоббистерді тіркеуді және олардың ақпараттық материалдарын арнайы белгілермен белгілеуді міндеттейді.
Смирнованың ұсынысы қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Бір тарап Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау үшін мұндай заң қажет десе, екінші тарап бұл қадам азаматтық қоғамды шектеуі мүмкін деп санайды.
Депутат заң жобасында ғылыми және гуманитарлық ұйымдарға ерекше жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, басты мақсат – елдің егемендігін нығайтып, шетелден келетін ықпалды бақылауға алу.