"Келіссөз болмайды". Моңғолияда халық үкіметтің отставкасын талап етуде

180
Adyrna.kz Telegram
Фото: ТАСС
Фото: ТАСС

Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында 11 қаңтар күні үкіметке қарсы митинг өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы  News.mn сайтына сілтеме жасап. 

Шеруге қатысушылар Моңғолия үкіметін түтінмен, жұмыссыздықпен және басқа да мәселелермен күресуге қабілетсіз деп айыптап, отставкаға кетуді талап етуде.

Наразылық білдірушілер тобы мемлекеттік сарайдың алдында, Шыңғысхан мүсіні маңында шеру өткізіп жатыр. Кейде олар сарайды басып алуға тырысса, қауіпсіздік күштері бұл шабуылдарды бірнеше рет тойтарып, қорғауды жалғастыруда - деп жазды News.mn монғол жаңалықтар сайты.

Ұлан-Батырда наразылық салдарынан қаланың орталық даңғылы жабылып, 15 автобус тоқтатылған. Қоғамдық көлік қызметінің бұзылуына байланысты жергілікті тұрғындар қалалық көлік басқармасына шағымдануда.

Наразылық акциясының бастамашысы әрі ұйымдастырушысы – «Еркіндік альянсы» партиясы. Партия өкілдерінің пікірінше, үкімет түтін, кептеліс, кедейлік, жемқорлық, салықтар және жұмыссыздық сияқты мәселелерді шеше алмайды. Сондықтан үкіметті отставкаға кетуі керек деп санайды. Осыған байланысты «Еркіндік альянсы» партиясы парламенттің 33 мүшесіне тиісті хат жіберген.

Шеруге қатысушылар қазіргі үкіметпен ешқандай кеңес, кездесу немесе келіссөздер өткізбейтінін және ешқандай түсініктемелерді қабылдамайтынын мәлімдеді.

Елде полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Олар наразылық білдірушілерді заңдар мен демонстрацияларды өткізу ережелерін сақтауға шақырды.

Сайт мәліметінше, наразылық білдірушілер арасында алкогольді ішімдік ішкен адамдар да бар.

Пікірлер