«Үкімет халықты жаппай диетаға отырғызып қойды» -сарапшы

338

Еліміздегі маркетингтік талдау және зерттеу орталығының мамандары күні кеше қазақтың тұтынып жүрген ас-ауқатының сапасына сараптау жасады. Елдегі күн көріс себетінің көлемін таразыға салып көрді. Аталмыш орталық мамандары арнайы зерттеу барысында  «Қазақстан халқы азық-түлікті тұтынып жүрген жоқ, ұтылып жүр»деген қорытындыға келген.  

Бұл ретте орталықтың экономист-сарапшысы Марал Төртенованың айтуынша, біздегі азық-түлік себетін өзге елдермен салыстырудың өзі ыңғайсыз. Маманның байыптауынша, ТМД елдерімен салыстырар болсақ, іргеміздегі өзбек ағайындардың өзі былтырғы жылы, қазақтардан етті көбірек тұтыныпты. Сол тәрізді қырғыздар да құрт, қатық, айран, сүт дегенді біздің елден көбірек тұтынған. Тәжіктердің де азық-түлік себеті біздікіне қарағанда молырақ. 

 Бұған қатысты экономист-сарапшы Марал Төртенова: 

«ТМД елдері арасында соңғы үш жылда Өзбекстан халқының әрбіріне шаққанда олар 120 келідей ет тұтынған. Ал біздің Қазақстан халқы бір жылда шамамен әр адамға шаққанда 72 келі етті місе тұтыпты. Сол тәрізді қырғыздарда бір адам ай сайын 20  литрдей сүт тұтынса, бізде бұл көрсеткіш 9-11 литр. Тіпті халықтың арасында мүлде сүт тұтынбайтын, етті алуға әлеуметтік жағдайы көтермейтін отбасылар көбірек кездескен. Тәжіктердің азық-түлік себетінде көкөніс, жеміс-жидек, ет, сүт айран өнімдері тіпті тұрмысқа қажетті тағы басқа заттар қосылып, биыл оларда азық-түлік себетіне 122 түрлі өнім енген.Ал бізде бұл тізім небәрі 43 түрлі өнімнен құралған. Еуропа елдерінде азық-түлік себетіне себетіне 250-300 түрлі өнім енеді. Олармен тіпті салыстыруға да келмейді. Шындығын айтқанда біздің Үкімет халықты жаппай диетаға отырғызып қойды.  Қазір не еңбекақысын ала алмай, алған күнде оны қайда жеткізерін білмей аш құрсақ жүрген қауымның қарасы баршылық. Демек бізге болашақта нақ осы азық-түлік себетін тұтынуға қатысты оң өзгерістер енгізу қажет»,- деді.  

   Ол қандай өзгерістер болуы керек? 

Маман алға тартып отырғандай, бізге алдымен күн көріс себетінің құрамын өзгертіп, толықтыру керек.  «Құрамына 43 түрлі өнім кіретін күн көріс себеті дамуға ұмтылған ел үшін өте арзан» дейді маман. Демек біз үшін алдағы уақытта  күн көріс себетін сапалы, әрі қауіпсіз ету маңызды болмақ.

 Бұған қатысты экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменов: 

 «БҰҰ мәліметіне сәйкес әлемде 795 млн адам немесе әрбір сегізінші адам аштық жағдайда өмір сүруде. 1,2 млрд адам ашқұрсақ болуда, аштықтан күніне 10 мың бала және 25 мың ересек адам көз жұмуда. Аштықтың жаңа түрі бұл дамушы елдердегі адамдардың ашығып жүруі, яғни бар болғаны тәулігіне 2400–2500 ккал орнына 1000–1800 ккал болатын тамақ жеу. Мұндай адам саны әлемде 2 млрд екен. Осы жерде айта кетейін Беларус елінде физиологиялық норма әр топты, яғни жастар мен егде адамдарды айыра отырып олардың тағам тұтыну мөлшерін келі және килокалориймен белгілеген. Ал Қазақстанда ондай жаңадан бекітілген норма жоқ. Азық-түлікпен өздерін 100 пайыз  тек 7 мемлекет, 70-80 пайызбен – 75 мемлекет, 50-60 пайызбен – 1 млрд тұрғындар тұратын 50 мемлекет қана қамтамасыз етеді.ал есептесек, 1990 жылдан бері жер шарында адам саны 1,9 миллиардқа көбейіп отыр, яғни тамаққа деген сұраныс күшеюде. Сондықтан халқын тамақпен қамтамасыз ету бұл мемлекеттің өз халқы алдындағы парызы ғана емес, бұл дегеніңіз ұшы-қиырсыз сұраныс, ешқашан таусылмайтын нарық. Бұл Қазақстанның келешекте азық-түлік тұтынуға сауатты қарау керек екенін, осы мақсатта түрлі сауатты жобаларды қолға алу керектігін көрсетеді»,- дейді Атамұрат Шәменов. 

«Біз үшін болашақта экономикалық механизмдерді дұрыс пайдаланған жөн» екенін мамандар алға тартып отыр. Ол үшін бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігінен бастап, оны тұтыну, азық-түлік себетінің құрамын молайту тәрізді жобаларға кірісіп кеткен жөн. 

«Қазір азық-түлік себетінің құрамын молайтып, ондағы қатып қалған тізімді өзгерткіміз келеді. Азық-түлік себеті ең төменгі күнкөріс деңгейімен есептеледі. Біздің елде ең төменгі күнкөріс мөлшері 26915 теңге. Міне, Қазақстанда бір адам осы сомаға бір айға ас-ауқатын, киім-кешегін алады, басқа да тұтыну қызметтерін тұтынады. Қазіргідей инфляция дендеп тұрған кезеңде 26 мың теңгеге  адам жоқ-жітігін түгендей алады деп айту қиын. Сондықтан адамдар киім алатын кезде тамағынан тартады. Тамақ алатын кезде киім кимей-ақ жүруге мәжбүр. Ал мұның арты халықтың күйзелісін арттырады. Ендеше бұл арада экономикалық тетіктерді сауатты ету керек. Елде жұмыссыздық, инфляция болмауы үшін отандық өнім шығаруды қолдау керек. Отандық өндіріс орындарын көбейту керек. Бүгін ашылып, үш айдан кейін жабылып қалатын жұмыс орындары емес, нақты түсімі бар жұмыс орындарының ашылу тетіктерін қарастыру керек. Сонда халық ашқұрсақ болмайды, орынсыз диетада жүрмейді»,-деді сарапшы Марал Төртенова. 

Қарлығаш Зарыққанқызы

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер