11 желтоқсанда Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және “Адырна” ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдасыруымен Alatau Creative Hub инновациялық мәдени орталығында “Тәуелділік мінез-құлқының алдын алу (алкоголизм, нашақорлық, лудомания және т.б. тәуелділк түрлері)” жобасы аясында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдар, медициналық және әлеуметтік қызметкерлер, психологиялық кеңес берушілер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелдің мақсаты — қоғамдағы тәуелділік мінез-құлқының алдын алу жолдарын талқылап, осы салада атқарылып жатқан жұмыстарды бағалау, сондай-ақ профилактикалық шараларды жетілдіру болды.
Іс-шара барысында бірнеше маңызды мәселелер көтерілді.
Алдымен, тәуелділік мінез-құлқының себептері мен салдары туралы айтылды. Қатысушылар тәуелділіктің бірнеше түрлерінің, әсіресе нашақорлық, алкогольге және құмар ойындарға тәуелділіктің қоғамға, отбасы мен жеке тұлғаға тигізетін теріс әсерлерін талқылады.
Алматы қаласы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы Азаматтық басқармаарды қолдау бөлімінің бас маманы Бауыржан Амантайұлы жоба аясында атқарылған іс-шараларды талқылай келе, мамандарға алғысын білдірді. Ол тәуелділікке ұшыраған адамдарды шеттетпей, көмек көрсетудің маңыздылығын айта кетті.
Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында жастар арасында тәуелділікке қарсы білім мен ақпаратты арттырудың маңызды екендігі атап өтілді. Әсіресе мектептер мен жоғары оқу орындарында психологиялық тренингтер мен ақпараттық компаниялар өткізу қажеттілігіне назар аударылды.
Психикалық сауықтыру орталығының дәрігері, нарколог Салия Кеңесбекқызы тәуелділікті бірнеше түрін және олармен қалай күресу қажетін айтып берді.
”Жастардың зиянды заттарға тәуелді болуы өте көп кездеседі. “Отан отбасынан басталады” дегендей, балаларға ата-аналар тарапынан көп көңіл бөлінбей жатады. Олар балаларын асыраймын деп күні бойы жұмыста болады. Ал жұмыстан шаршап келгенде, мазаларын алмас үшін балаларына ұялы телефон берет салады. Олар алдымен телефонға тәуелді болады. Оның ішінен неше түрліні көріп алып, кейін одан да бетер зиянды заттарға тәуелді болып жатады. Нашақорлар мен ішкілікке салынғандарды біз емдейміз. Оларға түрлі ем-домдар жазып, сауықтыруға болады. Ал лудомания мен ұялы телефонға тәуелділік көбіне психологтармен жұмыс арқылы емделеді”, - деді Салия Кеңесбекқызы.
Психологиялық қолдау мен реабилитация да мүндай мәселені шешуде маңызға ие, Тәуелділікпен күресудің тек медициналық емес, психологиялық және әлеуметтік қолдауды қамтитын кешенді тәсілдің маңыздылығы ерекше айтылды. Бұл тұрғыда реабилитациялық бағдарламалар мен тәуелділіктен арылтатын орталықтардың жұмысын жақсарту қажеттілігі аталды.
Қатысушылар тәуелділікке бейім адамдардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, оларды қолдау үшін арнайы бағдарламалар мен мемлекеттік қолдаудың қажеттілігін айтты.
№ 11 қалалық емхана психологы Нұртай Мырзабекұлы, № 6 қалалық емхана психологы Гульвира Нұржанқызы және Алмалы ауданының бастапқы медико-санитарлық көмек көрсету орталығының психологы Аяулым Даниярқызы тәуелділіктің болу себептері мен олардан арылу жолдарын айта кетті. Сондай-ақ, олар тәуелділікке шалдыққан жастар ғана емес, олардың ата-аналары да психологқа жүгіну керегін айтты.
Іс-шараның соңында қатысушылар тәуелділік мінез-құлқының алдын алу және емдеу бойынша бірқатар ұсыныстар әзірлеп, бұл бағыттағы жұмыстарды бірлесе жалғастыруға шақырды. Сонымен қатар, мемлекеттік және жеке секторлардың ынтымақтастығы арқылы тиімді нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылды.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша, қоғамдағы тәуелділікпен күресу үшін кешенді және тұрақты шаралар қабылдау қажеттілігі туралы ұсыныстар алға тартылды.