Назикен Мұхатаева: Еңбек етуде жарысу керек

213
Adyrna.kz Telegram

Ғылым-білім, оқу-ағарту ісі – қай заманда да, қай қоғамда да ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл жолда төккен тер – болашақтың дәнегіне тамған бір-бір тамшы үлес.

Ісім оңсын десеңіз,

Сол істің маманы болыңыз.

Даңқым шықсын десеңіз,

Көпшіліктің адамы болыңыз, - деп әл-Фараби атамыз айтқандай, «Адырна» тілшісінің кезекті сұқбаты өз ісінің маманы бола білген білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Назикен Нұрланқызымен болды. Қырық жылға таяу ұстаздық және директордың бейінді жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келе жатқан кейіпкеріміз шиеленген сырдың шетін шығарды.

 — Назикен Нұрланқызы, өткен жылы білген білім беру ісінің құрметті қызметкері атансаңыз, биыл «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері болып отырсыз. Қуанышты хабарды ең бірінші кіммен бөлісесіз?

— Уақытымыздың басым бөлігін жұмыста өткізетін болғасын болар, уақыт өте келе жұмыс орны адамның ажырамас бөлшегіне, жылы мекеніне айналады екен. Ондағы ұжымдастардың да рухани сырласың, ақылшың болуы заңды. Мектеп, әрбір ұстаздың шабыттандырар мекені, қым-қуыт тірлігі қайнап жатқан кішігірім әлемі. Сол тірліктің пұшпағын кіммен бірге илеп отырсаң сол ыстық болып та кетеді, сондықтан болар бұл қуанышты жаңалықты әуелі Ахмет Байтұрсынов атындағы № 139 мектеп-гимназия директоры Ерік Нұрғұмарұлымен, содан соң әкімшілік мүшелерімен бөлістім. Кешке таман әрдайым қолдаушым, менің жетістігіме екі есе қуанар жанашыр жолдасыммен бөлістім, кейін қызғалдағым, гүлім қызыма хабарладым. Сөйтіп ары қарай ұжым естіді құттықтаулар толассыз келіп жатты.

- Жақсы маман болу үшін нені білу және үйрену қажет?

– Әр мамандық өз алдына бір мектеп, кей мамандық адамның мінезін өзіне икемдеп өткір де қатігез адам жасап жатады, ал біздің мамандықтың жайы мүлде басқа. Біздің мамандық әуелі адам жанын зерттеумен айналысуды үйретеді. Педагогикалық этикетті сақтай отырып, оқушыны жұмыс жасауға, білім игеруге баули білу нағыз шеберлік деп ойлаймын. Мен үшін оқушымен болсын, ұжыммен болсын адамгершілік, жауапкершілік, адам ақысы деген қағидаларды ойлай отырып қарым-қатынас орната білген маман жақсы маман.

- Сізді осындай құрмет пен абыройға жеткізген ұстанымыңыз жайлы айтып берсеңіз.

— Ең алғаш еңбек жолын бастағаннан бері 30 жылдан астам уақыт өтіпті. Жас маман болып жүргенде-ақ менің ойымда атақ-даңқты ұстаз болу емес, абыройлы ұстаз болу ұғымы құрметті әрі сүйкімді еді. Абыройды ешқандай қағаз, ешқандай төс белгі бере алмайды ғой. Бүгінгі күні алып отырған  құрмет төсбелгісі мен куәлігі менің 30 жыл бойғы ұстаздық жолым мен басқару ісіндегі еңбегімнің айғағы іспетті, ал ұжымның құрметі мен абыройы көңіл арқылы сезілетін дүние. Ал ұстаздың ұмтылуы тиіс биіктік, ұстанымын ұштап отыратын қайраты шәкірттің құрметінде жатыр. Менің ұстанымым сол шәкірттің көз алдында абыройлы ұстаз бейнесінде жатталу.

- Қызмет жолында қажыған, қиналған, жалыққан сәтіңіз болды ма?

— Жоқ, біреу сенер, біреу сенбес, жалығып та қажып та көрмеппін. Қиналған сәттер әрине болды, қиындықсыз жеңіс пен нәтиже болмайды, жұмыс болған соң бір жеңіліп, бір жеңіп барып тәжірибе жинақтаймыз ғой, алайда сол уақыттың бәрі қайта келсе қайта солай жасар едім деп ойлаймын. Өз тәжірибем мен қызметіме кеткен уақытыма өкініп көрмеппін, мамандық таңдауда жолы болғандардың бірі болармын.

Орындалмаған арманыңыз бар ма?

 — Көп балалы болу... Көп балалы ана болу арманым еді ғой, Аллаға шүкір қызым бар, десе де, «ағайынды жігіттің кере қалыс жалы бар, жалғыз басты жігіттің шығар-шықпас жаны бар» дейді ғой, сондықтан ба балаларым көп ағайынды болса деп армандаушы едім.

- Есесіне «әжелеген» немерелеріңіз көп болсын деп тілейміз, әр ұстаздың өзіндік қызығушылығы мен шығармашылық қабілеті бар, сіздің қандай өнеріңіз бар, жезтаңдай әнші деп естіп едік қаншалықты рас?

— Енді жезтаңдай әнші емеспін, көппен бірге сызылтып айтатыным бар, алайда ән айтуға көп қызықпаймын, бірақ есті әндерді тыңдаған ұнайды. Табиғатта, саябақтарда оңаша қалып, өзіммен сырласуды жаным сондай сүйеді. Табиғат мезгілдерінің ауысуы, өзіндік әдемілігі, табиғаттың тыныштыңы, жапырақтың түсуі, бәйшешектің қарды жарып шығуы, таңғы құстардың шиқылы, әйнекке қатқан қыраудың суреті, жапырақтарға біткен шық, қардың сытыры бәрі-бәрін тамашалаған, салқын ауаны терең-терең тыныстаған қатты ұнайды.

- Жас мамандарға берер кеңесіңіз?

— «Еңбек бәрін жеңбек», еңбек еткен адам Аллаға да адамға да сүйкімді ғой, еңбек етіп жүрген адам түптің түбінде сүт бетіне қаймақ болып шығады, сондықтан еңбек етуде жарысыңдар дегім келеді, сонда нәтиже болады.

- Сұқбаттасуға уақыт бөлгеніңізге көп-көп рахмет!

Пікірлер