Бизнес жасап, тез байып кеткіңіз келсе...

294

Бизнес ашу идеяңыз бар ма? Немесе қалай да табысқа жету туралы көп ойлайсыз ба? Енді, өзім байқаған бизнестегі маңызды қағидалар мен қателіктер туралы айтайын.

Алғашқы бизнестен қазірге дейін 11 жыл. Сүріндім, тұрдым, құладым, қоштастым, қайта оралдым, өрге жүрдім, еңіске түстім, қайта өрледім. Бірақ, өмір осынысымен қызық екен. Жеңдім бе, әлі итжығыс па? Өз потенциалымды толық пайдалана алдым ба? Оны алдағы бес жылда толық дәлелдеймін деп ойлаймын. Дәл қазір бағыт анық, жолды өзім сызып келемін, себебі, сүрлеуге түскім келмейді. Дайын сүрлеуге түссеңіз, бәсекелестеріңіз бен қарсыластарыңызға жем боласыз.

Түсінікті болу үшін нақты сұрақтарға жауап беріп бастайын. Сұрақтар негізінде ой қорытайық.

Жұрттың көкейіндегі бірінші сұрақ:

Қандай бизнес жасаған дұрыс? Қандай бизнес жасап тез байып кетуге, табысқа жетуге болады?

Әркім үшін ең табысты бизнес - өзі ең жақсы білетін сала. Өзіңіздің кәсібіңіздің бизнеске айналуы.
Өткендегі өзім істеген төрт бизнеске бір қадам шегініс жасайын. Біріншісі - кафе. Кафе бизнесінде мен жақсы табысқа жеттім. Себебі, мен оған дейін асханадағы көкөніс тураушыдан қамыр илеушіге, одан аспазға дейінгі біраз басқышты бастым. Той қуалап, біраз тамадалық істеп, банкет басқарып көрдім. Бұл кафе ашқан кезде көп қателік жібермеуге үлкен сабақ болды. Ас үйдің мәзірінен шатаспай, тапсырыс берушінің тілін табуға септігін тигізді.

Екінші бизнес - интернет клубы, мен сырттай көмекші болдым, себебі, жақсы білмейтін едім, бар құқықты білетін досыма бердім, ол зиян әкелмеді, аса үлкен пайда да бермеді.
Үшінші бизнес - минимаркет. Бұл бизнес мені бір рет бизнеспен қоштастырды. Өз қателігімнен банкротқа ұшырадым. Себебі, мен үшін бұл сала жұмбақ еді. Шетін көре сала "пайда деген осы" деп ұрындым. Нәтижесінде "тұмсықтан" әдемілеп "таяқ" жедім. Бұдан тыс та қателігім болды, оны кейінгі бір сұрақта қозғармын.

Төртінші бизнес - қазіргім. Жұрт маған ақыл сұрап келеді. Кейбір орталықтарға сырттай да жетекшілік етемін. Үш жылда, екі қалада үш орталық ашып, үлкен көрсеткішпен біраз жұртты мойындаттық. Біраз жұрт бізге қарап орталық ашқысы келеді.

Бірақ, менің бұған дейінгі бұл жолдағы тәжірибем жеткілікті еді. Сондықтан да, қарызбен бастап, осы кезге жетуім - тек бұл саланың жілігін шағып, майын ішкенімнің арқасы. Ол - үш жылғы емес, алғаш мұғалім болудан орталық ашуға дейінгі тәжірибенің арқасы.
Бір сөзбен айтқанда, мұны "кәсібилік" дейді. Олай болса, қандай бизнес істесеңіз де өзіңіз өте жақсы білетін салада, өз кәсібіңізде істеңіз. Көп адамдар "біреу мынадай бизнес ашып, екі жылда байып кетіпті, біз де істейік, бұл салада ақша көп екен" деп бизнес бастайды, бұл - үлкен қателік. "Көрмеген жердің ойлы шұңқыры көп" дейді атам қазақ.
Бұл туралы "Орталық ашу оңай ма?" деген мақаламда да айтқан едім.
Айтпақшы, бірде, бір жақын араласатын тамаша ақын ағам хабарласып, жұмысқа іздеп келіпті.
- Аятжан, орталық ашайын деп едім, ақыл-кеңесіңді берші, - дейді. Енді, ұзақ уақыттан бері араласатын ағамның біздің саладан мүлде хабары жоқ екенін білемін.
- Аға, менің сізге беретін кеңесім, ашпай-ақ қойыңыз, - дедім.
- Неге? Сен екі-ақ жылда..., - деп сұраулы көзбен қарады. - Иә, аға. Ашпаңыз, мен сізді өзіммен бәсекелес болады, әйтпесе менің нанымды тартып алады деп тұрғаным жоқ. "Базар бір болса да, бақ басқа" деген. Бірақ, сіз бұл салада мына түйіндерге жауап бере аласыз ба? Мына қиындықты жеңе аласыз ба? - деп, сұрақты бұрқыратып едім.
- Рахмет, бауырым. Мен тым жеңіл ойлаған екенмін, - деп, кетті. Қазір де жақсы араласамын, кездескенде текке зиян шекпегеніне қуанамын. Себебі, жылда күзде, қыркүйектің басында, тек Астананың өзінде 20-дан аса орталық ашылады, мен білетін. Бірақ, наурызда соның төрт-бесеуі ғана өмір сүріп қалады. Қалғаны банкрот. Обал деші. Кейде, бір бұл саланы жақсы білетін қыз-жігіттер кеңес сұрап келеді. Кейбіріне бірер сағат, кейбіріне екі-үш ай кеңес беріп жетелеймін. Қазір біразы жақсы нәтижеге жетіп жүр.
Ал, сіз қай салада бизнес бастауды ойлап жүрсіз?
Сізді бизнесте не мазалайды?

Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер