Нұрлан Өтешов: Біздің жастарға жоспар қажет!

3562
Adyrna.kz Telegram

Нұрлан Сүлейменұлы Өтешов «Қазақстан жастары конгресі» ЗТБ атқарушы директоры, ҚР Білім және Ғылым министрлігі жастар саясаты департаментінің директоры сияқты лауазымды қызметтерде болған. 2012 жылдан ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасының міндетін атқарған, бүгінгі таңда кәсіпкерлікті жанына серік еткен азамат Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен қолға алынған #zhastaronline жобасының аясында almatyjastary.kz сайты және adyrna.kz ұлттық порталына сұхбат берген еді. Жастар тақырыбын кеңінен қозғаған сүбелі әңгімемізді өскелең ұрпаққа ұсынамыз.

 

- Кеше ғана 23 жасында декан орынбасары болған Мәди Ахметовтен сұхбат алып едім, сіз 23 жасыңызда проректор болыпсыз. Бұндай жетістіктерге қалай жетіп едіңіз? Жастарға үлгі болсын, толығырақ айтып берсеңіз...

 -  Қазақ Мемлекеттік заң институты мен түскен жылы ашылған еді. Сол төрт жылдық студенттік өмірімде өте белсенді болдым. Белсенді болып жүріп, квн-де ойнадым. Соның арқасында квн командамыз Алматыда танымал болды. Біздің квн-ге деген шексіз махаббатымыздың нәтижесінде университет жарнамасын, кәсіптік бағдарлауын жиі жасайтын. Әрине, жас Мәди бауырыма сәттілік тілеймін. Менде проректорлыққа оңай келген жоқпын. Өз жұмысымды жаныммен сүйдім, белсенді студент бола білдім. Сөйтіп жүргенде оқу орнымда ректор ауысты. Тиісінше ректорға оқытушылар мен белсенді студенттер университеттің ішкі тынысын, негізгі жұмысын таныстыру мақсатында баяндама жасады. Ал мен квн-нің жеткен жетістіктері жөнінде айттым. Ректор менің қағілездігімді байқады ма екен, "проректор болуға қалай қарайсын?" деп тамаша ұсыныс тастады. Осылайша кешегі студент, бүгінгі проректор болып шыға келді. Мен проректор болған кезде өзімде жас болғандықтан, бір кемеде келе жатқандықтан көбіне студенттердің көңіл-күйіне жиі қарап, жан-дүниесін, ішкі арпалысын түсініп тұратынмын. Сондай көзқараспен үлкен мәселелерді де шештім.

 

- Сізді квн, кино, жастар саясаты, азаматтық сектордан, сараптамадан да көріп жатырмыз. Жалпы қазіргі таңдағы қызметіңіз қандай?

 -Қазіргі кезде мен жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрмін. ТОО-ға құрылтайшы болып та кіргенмін. Үкіметтен Қазақстандық бизнеске көмек-қолын созуын да сұрадым. Соның нәтижесінде жарты жылдың ішінде кәсіпкерлігім оң нәтижесін беруде. Сонымен қатар жан-жақты шығармашылық саласын дамыту да ойымда жүр. Оған арналған біраз жобаларым да жоқ емес.

 

- Тамаша, сіздің кезіңіздегі жастармен, бүгінгі күннің жастарының айырмашылығы қандай?

 - Меніңше, қазіргі жастардың көзі ашық, көкірегі ояу. Өздеріңіз білесіздер, қазір ақпараттық ағымның дамып тұрған шағы. Бұрын қандай еді? Бұрын ақпараттық дефицит мәселесіне жиі ұшырайтынбыз. Ал қазір ақпараттың дамып кеткені соншалық, бірінен бірі өткен материалдардың қайсысын оқитыныңды білмей әбігерге түсесін. Менің кезімдегі жастар Мемлекеттік органдарға, билік саласына барамын деп тырмысып жатса, бүгінгі жастардың мақсаты мүлдем бөлек. Бизнеске қатты қызығады. Олардың басты көздегені байлық. Оларға оқу, білім, карьера қажет емес. Бір жағынан дұрыс та шығар. Бірақ біздің жастардың басым көпшілігінен шет елге еліктеушілікті аңғарамын.

 

- Биылғы жылды Елбасымыз "жастар жылы" деп жариялады. Жастар жылы деп жарияланғанына 7 айдың жүзі болды. Нәтиже қандай? Жастарға қандай жағдайлар жасалды?

- Қазір жастарға арналған «жас маман», «жас кәсіпкер» бағдарламасы, Жастарға арналған баспана, "дипломмен ауылға" жобалары жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар Президентіміз биыл студенттердің шәкіртақысын 30 %-ға өсіруді тапсырды. Заң 1-қыркүйектен бастап өз күшіне енеді. 18-29 жас аралығындағы азаматтарға 3 миллион теңге көлемінде 200 грант бөлінді. Жастар жылына орай қашықтықтан оқытуды дамытуға арналған 50 - ден астам ерекше оқу бағдарламалары жүйелі жүзеге асу үстінде. Осы сынды жастарға арналған жақсылықтар көп. Тек уақытында пайдалана білсе болды.

 

- Қазақстанда статистика бойынша 4 миллион жас бар. 4 миллион жастың 90 % -ы баспана іздеп сеңделіп жүргендер. Жастар жылына орай жастарға үй беру жағынан жеңілдіктер яки қандай да бір бағдарламалар қарастырылған ба?

- Жастар жылында жүзеге асуы тиіс 4 нақты тапсырма жүктелген еді. Алғашқысы – жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамту. Президент пәрменімен енді жылына кем дегенде 1 мың пәтер жастар үшін салынуда. Жалдамалы үйлер Астанада, Алматы мен Шымкентте бой көтермек. Баспана мәселесі шешілсе, білікті жастар жұмыс іздеп шарқ ұрмайды. Қалаған қалаға барып, қызмет ете береді. Ол үшін жастарды жаппай еңбекпен қамту қажет. Елбасы біздің елде жұмыс көп, тек мамандар тапшы екенін айтты. Сондықтан күрмеуі көп осы мәселені дереу шешуді тапсырды.

 

- Мектеп қана бітірген жастардың көбі ауылда. Көпшілігі бала кезінде үй шаруасына араласып, мектепте нашар оқығандар. Өмірге араласып кете алмаған жастардың азаматтық белсенділігі төмен, күнкөріс қамымен ғана жүреді. Сондықтан ауылдағы жұмыссыз, мектеппен ғана шектелген жастарға мемлекет арнайы шақырту беріп, оларды оқытудың жаңаша мүмкіндігін қарастырған ба?

- Ең біріншіден біздің жастарда өзгере алмайтын құндылық патрионализм. Жас болғаны үшін "үкімет бізге не бере алады?" деген жастардың ойында сұрақ туындамауы қажет. Керісінше біреуден көмек күтпей, өзі еңбектенгені абзал. Өздеріңіз білесіздер, кешегі «Жас Отанды» басқарған жастар бүгін Мемлекеттік басқаруда жұмыс жасап жатады. Бұл нені білдіреді? Адам кез келген бір жұмысты жанымен сүйіп, бар ынта-шынтасымен жасаса, ол міндетті түрде жемісін береді деген сөз.

 

- «Стратегия» қоғамдық қоры зерттеуі бойынша, жастардың 30 пайызы мемлекеттік бағдарламалар туралы «мүлде білмейді», 45 пайызы «жалпы естігендер». Алайда көп жастар Мемлекеттік бағдарламалардың пайдасы жоқ деп есептейді. Әрекет еткен жас Мемлекеттік бағдарламалардың шапағатына бөлене ала ма?

- Мемлекет тарапынан барынша көңіл бөлініп жатыр. Бірақ жастардың өзі өз пайдасына іске асыра алмайды. Әрбір азаматта Тәңір жазған бір қабілет болады. Cоны дамытса жетістікке міндетті түрде жетеді. Жастарға жоспар қажет! Біздің жастарда арман бар да, мақсат пен жоспар жоқ. Мәселен, шетел жастары тек жоспармен жүреді. Өзге елдердің ығай-сығайына еліктегенше, осындай жақсы жақтарында ала білуіміз қажет!

 

- Қазір көптеген жастар, оның ішінде білікті мамандар шетелге кетіп жатыр. Бұл олардың ел болашағына сенімсіздіге ме, жоқ әлде жекелеген факторлардың әсері ме?

- Меніңше, жастардың шетелге шыққаны дұрыс. Кейбіреулері шетелге шығу барысында бірнеше жылға қалып та жатады. Бірақ кейіннен қазақи қан тартып, ел көріп, жер көріп, тәжірибе жинаған соң міндетті түрде қайтып келеді. Жастар шетелге шыққанда дамыған елдердің кәсіптеріне бейімделеді. Бұл дүниежүзілік бәсекелестіктің дамуынде елге пайдасын тигізері сөзсіз. Сондықтан шетелге кетіп жатқан жастардан қорықпау керек. Тағы бір мысал айтайын, біздің өзбек ағайындарға қарап кезінде сыртынан тәуір күлгенбіз, сөз еткенбіз. Алайда өзбек ағайындар Қазақстанның, Ресейдің, шет елдің үй салу әдістерін үйреніп, заманауи кәсіптен орасан зор тәжірибе жинап, елдегі құрылыс саласын дамытып отыр. Міне, шетелге шыққаның негізгі пайдасы да осы.

 

 - Жалпы қазір (биліктің сөзімен айтқанда) қазақ жастарының эталоны, авангарды «Жас Отан» мүшелері. Сіздің де жастармен жұмыс істеп жүргеніңізге біраз уақыт болды. Cонымен "Жас Отан" жастарға не беріп жатыр?

- Кез келген жастар ұйымдары коммуникациялық орта сыйлайды. «Жас Отанды» жастарды саяси салаға жетелейтін ұйым деп қарау керек. Адам жас кезінде күш-қайраты тасып тұрған шағында  қолынан көп дүние келеді. Осындай кезді пайдаланып, «Жас Отан» секілді ұйымдарға кіріп, болашаққа қадам жасағаны абзал. Яғни "Жас Отан" болам деген баланың болашағы ғана. Саясатқа апарар есік қана. Әрекет етпей, «Жас Отаннан» өзге бір пайда күту ақымақтық деп ойлаймын.

 

- Жеке кəсіпкерлікпен айналысып жатырмын деп қалдыңыз. Жастар жеке кәсіпкерлікпен айналысарда қандай ережелерді  ұмытпағаны абзал?

- Ең біріншіден, кәсіпкерлікпен айналысамын деп нық шешімге келген адам, елде жоқ, керемет ұсыныс ойлап табуы қажет. Екіншіден, тоқтамай еңбектену керек. Кәсіпке келгенде ең басты адам ол клиент. Сондықтан клиентке жағудың жолдарын алдын ала ойластырып алу керек. Әрі Елбасының «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша берілетін грант саны тағы 2 есеге ұлғайды. Бюджеттен кәсіпкерлікке 32 млрд теңге бөлінбек. Осы мүмкіндіктен жастар құр қалып қалмауы қажет.

 

- Жетістікке жеткен азамат ретінде жастарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

- Әрбір жас өзі сүйген саламен айналысып, күнде еңбектенсе бағы жанады. Сондықтан тек еңбек, еңбек және еңбек!

 

Сұхбаттасқан: Ақгүл АЙДАРБЕКОВА

Пікірлер