Almaty TV-ға 25 жыл: телеарна «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің арнайы жүлдесін иеленді

1421
Adyrna.kz Telegram

Биыл «Almaty» телеарнасына 25 жыл толды. Отандық медиаиндустрияның дамуына үлес қосып келе жатқан телеарна ақпарат айдынында ерекше орын алады. Мерейтой аясында от ауызды, орақ тілді журналистердің  ұстаханасына айналған телеарнаның тарихына тоқталып, болашақ жоспарын білуді жөн көрдік. Сұрақтарға жауап алу үшін «Almaty» телеарнасы бас директорының орынбасары Ильзат Акчуринді сөзге тарттық.

Ильзат мырза, Almaty TV-ның 25 жылдық мерейтойымен «Адырнаның» атынан құттықтаймыз! Осыған орай телеарнаның тарихына тоқтала кетсеңіз?

- Сымбат, рақмет! «Адырна» ұжымын да кәсіби мерекемен құттықтаймын!

«Оңтүстік Астана» телерадиокомпаниясы» АҚ «Алматы қалалық телерадиокомпаниясы» 1999 жылы 14 сәуірде тіркелді. Бұқаралық ақпарат құралдарының тізіміне алғаш рет 1999 жылы 30 сәуірде енді. Сондықтан телеарнаның туған күні 30 сәуір болып есептеледі.

1999 жылы құрылған Almaty TV– еліміздегі бұрыннан келе жатқан телеарналардың бірі. Сол кездегі аймақтық ресурстың алғашқы эфирі небәрі 3 сағат болған еді. Спектакльдер, фильмдер, сондай-ақ жаңалықтар эксперимент ретінде таратылды. Шығармашылық топтың күш-жігері мен ерен еңбегінің арқасында телеарна біртіндеп көрерменнің көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөлене бастады.

Алғашқы эфир туралы айтып қалдыңыз. Қателеспесем, бірінші шығарылым 2000 жылдың 6 шілдесінде болыпты. Сол кездегі эфирден берілген хабар туралы не айтуға болады?

- Иә, алғаш рет Алматы телеарнасы 2000 жылдың 6 шілдесінде эфирге шыққан екен. Ол кезде арна атауы «Оңтүстік Астана» болды. Өздеріңізге белгілі, сол уақытта аймақтық арна ретінде жұмыс істеген телеарнаның алғашқы эфирі бар-жоғы 3 сағатқа созылған. Сондықтан әу бастан-ақ, басты бағыт – мегаполистің тыныс-тіршілігінен хабардар ету болған. Ал арнадан алғашқы жылдары көрсетілген «Светофор», «Сойыл», «Экология бекеті», «Столичные ребята», «Коммуналка», «Менің қалам», «Тарих безбені», «Әнші болғым келеді» сынды бағдарламалар көпшіліктің көңілінен шықты. Оны өзіміз де көрдік, сол кезде қызмет атқарған жастар, жас тілшілер қазір аға буын өкілдеріне айналды. Олардан кейін де бұл арнада көптеген жастар еңбек етті. Ол адамдардың бәрі бүгінде үлкен басылымдардың, ақпарат агенттіктерінің белді өкілдеріне айналып үлгерді.

Иә, шынымен телеарнаның тарихы бай екен. Ал 25-жылдық мерейтойды қалай атап өтіп жатырсыздар? Соған тоқталсаңыз.

- Біз Almaty TV-ның 25-жылдық мерейтойын сәуір айында атап өтеміз деп жоспарлағанбыз. Себебі арнаның туған күні де жоғарыда айтқанымдай 30 сәуір. Бірақ, өзіңізге мәлім сол кезде еліміздің бірнеше өңірінде су тасқыны болып, төтенше жағдай жарияланды. Халқымыздың басына қиындық түсіп жатқан кезде, ауылдардың тұрғындары үйінен айырылып, қиналып жатқанда телеарнамыздың 25-жылдығын тойлауды жөн көрмедік. Керісінше, ел есін жисын, жағдай тұрақталсын деп бірнеше рет уақытты шегердік.

Сол кезде әріптестердің өздері де су басқан аймақтарда жүріп, барынша ақпарат тараттты. Бұдан бөлек телеарнамыздың ұжымы гуманитарлық көмекке қаржы жинап, зардап шеккен өңірлерге қажетті заттар жіберді. «Тамшыдан теңіз құралады» дегендей, мұның өзі қиын сәтте қалған ағайынның кәдесіне жарады деген үміттеміз. Бастысы осындай шақтарда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару маңызды екенін түсінген жөн.

Сонымен қатар телеарнамыз 30 сәуірде тікелей эфирде ұйымдастырылған 5 сағаттық Жалпыұлтық телемарафонға қатысты. Бұл жағдайда біздің ұжым су тасқыны салдарымен күрескен мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, құтқарушылардың, әскерлердің және де қарапайым отандастарымыздың ерлігін көрсетуді жөн көрді.

Ал, негізінен 25 жылдық мерейтойда Almaty TV екі жаңа телевизиялық маусыммен қуантпақ. Олардың бірі көктемде Ұлыстың Ұлы күні – Наурыздың алдында көрерменге жол тартқан еді. Есіңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген көлемді сұқбатында Наурыз мерекесінің қазақстандықтар үшін қаншалықты маңызды екенін атап көрсетті.

«Наурыз - жаңарудың белгісі, сондықтан оны жаңаша: ерекше бір элементтер енгізіп, мағыналы, креативті түрде тойлау керек. Бұл қоғамның бірігуіне, біздің ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға ықпал етеріне сенімдімін», - деген еді ел Президенті.

Соны ескере отырып көктем мен жаңару мерекесінің құрметіне біздің телеарна бірқатар отандық кино және анимация өнімдерін дайындады. Сонымен қатар, көрермендер үшін сыйлық ұтып алу сияқты көптеген тосынсыйлар әзірлеген болатын.

Бұдан бөлек, Наурызға арнап телеарна жарқын әрі рухты бағдарламалар жасады. Олардың ішінде «Біржан-Сара ізімен» айтысының жалғасы, «Алматы ән қанатында», көрермен көзайымына айналған музыкалық шоу «Жұлдызды караоке», «Кешкі Алматы» сияқты бағдарламалар болды.

- Әңгіме басында айтқандай, Almaty TV ұжымы үшін биыл - ерекше жыл. Қызметкерлер туралы айтсаңыз. Бұдан бөлек білетініміз былтыр Almaty TV-ның студиялық павильоны жаңартылды және де телеарна республикалық мәртебе алды. Тағы қандай өзгерістер болды?

- Қазіргі таңда Almaty TV ұжымында 200-ден астам адам қызмет етеді. Ширек ғасыр бойы отандық медиаиндустрияның дамуына үлес қосып келеді.

Арнада қызмет істейтін әр маманға ерекше көңіл бөлінеді десем артық емес. Оның әлеуметтік жағдайынан бастап, айлық жалақылары да көтерілді. Бір сөзбен айтқанда жайлы жұмыс істеуіне мүмкіндік жасап жатырмыз.

Ал, өзгерістеге келетін болсақ. Өздеріңізге белгілі, 2022 жылдың тамызынан бастап Almaty TV республикалық мәртебе алып, Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын арналар тізіміне енді, ал аудиторияны техникалық қамтуы 47 пайыздан 89 пайызға өсті.

Сол жылы арнаның ребрендингі жасалды. Брендтің ашық жасыл түсте жаңғыртылуы Almaty TV арнасының жаңа кезеңін: дәстүрлі эфирлік және цифрлық интернет-ортаның синергиясын бейнеледі. Біз «заманауи классикаға» басымдық бердік. Бұл телевидениенің ересектер аудиториясы мен әлеуметтік желі контентін, стримингтік онлайн-ресурстарды қолданатын жас ұрпақтың басын біріктірері сөзсіз.

Салынғанына 7 жыл болғанда, яғни, 2023 жылы телеарнаның бас студиялық павильоны жаңартылды. Жаңғырту аясында заманауи бейімделгіш декорациялар жасалып, алғаш рет полимерлік құймалы жабын пайдаланылды. Студияның пайдалы аумағы 2 есе үлкейтілді. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жаңадан түсіру және монтаждау құрылғысы сатып алынды.

2024 жыл біздің ұжым үшін ерекше болмақ. Себебі, жоғарыда да атап өттім, биыл Almaty TV-ның 25-жылдық мерейтойы. Бірақ соған қарамастан біз бұл датаны қарапайым түрде атап өтуді жөн көрдік. Өткен айдың 19-нда салтанатты жиын барысында арнаның барлық қызметкеріне алғыс хаттар мен ведомстволық марапат тапсырылды. Осы орайда біздің серіктестерімізге, әсіресе Алматы қаласы әкімдігіне, Мәдениет және ақпарат министріне және Алматы қаласы Мәслихаты мен Қоғамдық кеңесіне ризашылығымызды білдіреміз.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Almaty TV ұжымын телеарнаның 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, арнайы хат жолдады. Мемлекет басшысы тілек хатында телеарнаның ширек ғасыр ішінде көптеген бірегей жобаларды жүзеге асырып, игі бастамалар алаңына айналғанын атап өтті. Almaty TV арнасында көрермендердің көңілінен шыққан ақпараттық, сараптамалық және мәдени-танымдық бағдарламалар аз емес.

«Бүгінде «Almaty» телеарнасы өз аудиториясы қалыптасқан республикалық медиақұрылымға айналды. Ұжым өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Сіздер алдағы уақытта да ел мүддесі үшін қызмет етіп, телевизия саласын заман талабына сай дамытуға үлес қоса бересіздер деп сенемін. Ұжымға толағай табыс және шығармашылық шабыт тілеймін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ телеарна ұжымын Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министр Олжас Бектенов, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, тағы басқалар құттықтады.

Қателеспесем, Almaty TV БАҚ қызметкерлері мерекесінде «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауының «Арнайы жүлдесін» алды ғой?

- Иә, өткен аптада Almaty TV «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауының «Арнайы жүлдесін» алды. Телеарнаның бас директоры Тимур Базарбаев мырза айтқандай - отандық тележурналистиканың дамуына қосқан үлес үшін берілетін бұл сыйлық - арнамызда 25 жыл ішінде қызмет еткен барша әріптесіміздің маңдай тері, адал еңбегінің жемісі деп білеміз.

Айтып өтсек, әр басшының арна үшін бергені, сіңірген еңбегі көп. Еске сала кетейін, телеарнаның алғашқы директоры Исаак Яковлевич Дворкин 2005 жылға дейін қызмет етті. 2005 жылы телеарна басшылығына Мустафин Санжар Анатольевич тағайындалып, 3 жыл арнаның дамуына үлес қосты. Жанахмет Жәнібекұлы Ағыбаев, Грюнберг Евгений Валерьевич, Куянов Сергей Леонидович басшылық етті. 2015 жылдың қараша айында телеарна директоры болып Әлденей Әлібек Үсенұлы тағайындалды. 2019 жылы арнаны Қальянбеков Болат Серікұлы басқарды. Одан кейін телеарна директорлығында Мухамеджанова Нұржан Жалауқызы болды. Ал 2022 жылдың 28 наурызында «Almaty» телеарнасының басшылығына Базарбаев Тимур Талғатұлы тағайындалды.

Айтпақшы, күзге қарай біз тағы бірнеше ғажайып шоу және өзіміз өндірген 7 телехикаяны  ұсынбақпыз. Мерейлі жылы біздің ұжым әлеуметтік және қайырымдылық бағыттағы 40-қа жуық іс-шара өткізбек. Мысалы, жаңалықтар эфирінде «25 игі іс» айдары, ал digital-платформамызда балаларға арналған «Арманыңа жет» жобасы жарыққа шығады. Бұдан бөлек мамыр айында «Almaty» телеарнасы және Бостандық ауданы ардагерлер кеңесі бірігіп, «Агрокраудсорсинг» жобасының 3 жылдығын атап өтті. Мерекелік іс-шара аясында зейнеткерлер сондай-ақ белгіленген учаскелерге жеміс-жидек пен көкөніс дақылдарын тегін егіп, сол өнімді тұтынуға мүмкіндік алды. Ал арнайы шақыртылған Бостандық ауданының ардагерлеріне телеарнаның атынан сый-сияпаттар табысталды. Біздің мақсат - көммекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету.

Түсінікті. Ал қазір аталған телеарна өз көрерменін қандай бағдарламалармен қуантып жүр?

- Біздің арнада көрерменнің көзайымына айналған бағдарламалар жетерлік. «Обо всем без купюр», «Алматинские истории», «Таңғы studio» бағдарламалары бірнеше маусым бойы жалғасып келеді. Бірінші маусымда «Кешкі Алматы», «Біржан-Сара ізімен», «Алматы ән қанатында» бағдарламалары,  «Жұлдызды караоке» сынды жобалардың екінші маусымы көпшіліктің сұранысымен эфирге жол тартты. Сондай-ақ, түрлі жанрдағы телехикаяларды да ұсынып жатырмыз. Айтпақшы, енді биыл біз үшін мерейлі жыл деп жатырмыз ғой. Сондықтан телеарна көпшілік үшін екі маусым ұсынады. Бірін көктемде бастадық, екіншісін күзде деп жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ, күзгі маусымда «Шырқа, Қазақстан!» талант-шоуы көпшілікке жол тартады. Көрерменді бұдан да басқа тың жобалармен қуантамыз. Айта кету керек, «Шырқа, Қазақстан!» арнамызда бұрын-соңды болмаған ауқымды музыкалық бағдарлама. Жоба арқылы 18 бен 45 жас аралығындағы әншілік дарыны бар өнерпаздарды дүйім Қазақстанға танытпақпыз. Сонымен қоса, әртүрлі жанрдағы сериалдар және түрлі тақырыптағы деректі фильмдер дайындаймыз. Осы тұста қоса кеткім келеді, биыл біз көрермен назарына 7 отандық телесериалды ұсындық.

Өндіріс барысында ақпараттық-сараптамалық, мәдени, танымдық жобаларға басымдық берілген. Былтырдың өзінде 10 000-нан астам жаңалықтар сюжеті, арнайы репортаж бен деректі фильм, сондай-ақ 30-дан астам бағдарлама мен телехикая жарыққа шықты.

Осы тұста мені бір сұрақ қызықтырады. «Almaty» телеарнасы өз көрерменіне қай тілде ақпаратты көп таратады?

- Эфирлік саясатты жетілдіру шараларының нәтижесінде Almaty TV арнасының телеқаралым көрсеткіштері тұрақты түрде жақсарып келеді. «K Research Central Asia» мәліметтері бойынша, былтыр көрермен саны 4,2 млн болды. Жалпы көрсеткіш бойынша, орта есеппен көрерменнің 75 пайызы – қазақтілді аудитория. Ал мемлекеттік тілдегі өзіндік өндіріс үлесі 83 пайызға жетті. Одан бөлек, жаңа ақпараттық стратегияны жүзеге асыру нәтижесінде телеарнаның интернеттегі орны да айтарлықтай нығайды. Мәселен, сайт көрсеткіштері 5 есеге артты. Бұл дегеніміз, 9 млн-нан 45 млн қаралымға көбейді деген сөз. Ал, YouTube жазылушыларының саны 1,2 млн-нан асты. Жақында біз жаңартылған веб-сайт пен оның мобильдік нұсқасын ұсынамыз.

Сөз соңында достарға, әріптестерге, әсіресе көрерменімізге тағы да ризашылық білдіргім келеді. Сіздердің қолдауларыңызбен телеарнамыз биіктен биікке жете береді деп сенемін.

Ильзат мырза, уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін алғысымды білдірем.

- Сізге де рахмет Сымбат!

 

Пікірлер