Ұлттық банк төрағасы рубльдің күшейгенін айтты

3044
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Әріптестердің бірі «АҚШ-тың Мәскеу қор биржасына салған санкциясы рубльді әлсіретті. Бұл жағдай теңгеге қалай әсер етеді?» деп Ұлттық банк басшысынан сұрады. Тимур Сүлейменов керісінше рубль күшейгенін ескертті.

«Мысалы санкция салынған кезде өткен сәрсенбіде рубльдің бағамы 90-ға жуық болды. Қазір рубль 85-те. Керісінше рубль күшейді. Сондықтан ол Ресейдің валютасына теріс әсер еткен жоқ. Таңертең Ресейде валюталық түсімдерді міндетті сату 90 пайыз болды. Олар бұл көрсеткішті 60 пайызға дейін төмендетті. Теңгеге ешқандай кері әсері жоқ», – деді ол.

Журналистің «Ресей үкіметі рублді жасанды түрде көтеріп отырған жоқ па?» деген сұрағына Ұлттық банк басшысы «Жоқ» деп жауап берді. Сондай-ақ Сүлейменовке «Ресей азаматтары рубльді долларға айырбастауға жаппай кезекке тұрып жатыр. Олар Қазақстанға ағылып біздің долларымызды сатып алса экономикамызға зиян келтірмей ме?» деген сұрақ қойылды.

«Ешқандай Қазақстанда кезек жоқ. Рубльдің бағамы долларға дейін күшейді. Сондықтан рубль Ресейде күшейсе, олардың біздің елге келіп ақша айырбастау  орындарынан доллар іздеуге  қажеті жоқ. Мұндай ақпарат дәлелденбеген, сондықтан бұл ақпаратқа сенбеңіздер» – деді ол.

Пікірлер