Жапон білімінің келбеті. Құндылық және ұлтты сүю

824
Adyrna.kz Telegram

Өзім жетекшілік ететін ғылыми зерттеу жобамның аясында Жапонияның Киота қаласындағы «Қазақстан мен Жапония арасындағы жан-жақтылы ынтымақтастықты дамытудың ғылыми негіздері» атты халықаралық конференцияға қатысып,баяндама жасап, жапондық ғалымдармен танысып, пікір алмасып, көптеген  ғылыми еңбектер елге алып қайттым.

Осы кездесуде аталмыш университеттің құзырындағы «Kinugasa Research Institute» аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Kaihe Aisin мырзамен кездесіп,  өзіндік дара ерекшелігі мен ұстанымы бар, әлемге әйгілі жапондық білім мен ғылымның құндылығы туралы сұқбаттастық. Еліміз оқырмандарына сол әңгімемізді ұсынып отырмын.

- Құрметті Kaihe Aisin мырза, бүгінгі Жапония - әлемдегі ең дамыған елдің бірі. Ал даму мен өркендеу білім мен ғылымның негізінде қалыптасады.  Жапония ғылымның даңғыл жолына қалай келді?  

- Жапония ежелде жер емшегін емген, феодалдық ел болатын. Мэйдзи дәуірі (1868—1912жж) жапон елінің гүлденген дәуірінің басы болды (жапон императоры Мэйдзидің таққа отырған кезеңінен қайтыс болғанға дейінгі уақыт).Бұл дәуір феодалдық иеліктің жойылып, даймёлер (нояндар) мен самурайлардың айрықша құқықтарыалынып, батыстық үлгідегі басқару мен білім берудің үлгісі орнаған кез болды. СондықтанЖапондық білім беру жүйесінің қазіргі жағдайын, оның эволюциясын тарихын осы кезеңнен қарастырған жөн. Бұл кезеңде міндетті білім берумен емтиханға бағытталған оқыту құрылымы басты орынға шықты. Оның басты ұстанымдары: біркелкілік пен теңдік, мәдени және адамгершілік тәрбие құндылықтары болды.

-  Осы кезеңдегі міндетті білім беру мен емтиханға бағытталған оқыту құрылымының айырмашылығы неде болды?

- Міндетті білім беру - Мэйдзи дәуірінің баршажапондық  азаматтарға білім алуы қамтамасыз еткен нәтижелі өндірісі болды. Ол үшін міндетті білім берудің тарихи бастаулары мен әлеуметтік нормалары айқындалды. Ал осы негізде  Емтиханға бағытталған құрылым қалыптасты. Емтиханға бағытталған құрылым – азаматтардың мансаптық жолын ашты. Алайда емтихан оңай болмайтын. Терең талдау негізіндегі тестілеу сұрақтары білім алған азаматтардың шынайы академиялық бәсекелестік қабілетін сынайтын күрделі қадам болды. Сол үшін мансап жолына түсу екінің бірінің қолынан келмейтін еді.

- Кешіріңіз, қолында билігі, байлығы бар адамдар емтиханнан айналып өтіп, балаларын мансап жолына бастай алудың мүмкіндігі  болдыма? 

- Басқалардың басының нешеу екені қайдам, әр жапонның жалғыз ғана басы бар. (Екеуіміз қосыла күлдік).

- Сол дәуірдегі білім берудегі басты ұстаным - Біркелкілік және теңдік болды дедіңіз. Былай қарасаңыз түсінікті сөз, десе де аз-кем толықтырып өтсеңіз.

- Білім алушылар үшін теңдіктің символы ретінде стандартталған оқу жоспары негіз болды. Былайша айтқанда бүкіл ел бойынша студенттерортақ стандарттармен білім алды. Оған билік мүдделі болып, қамтамасыз ететін оқу бағдарламаларын жасады. Осы арқылы білім алушылардың әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтарын барынша азайтуға тырысты.

- Мәдени-адамгершілік тәрбие ұстанымының басты құндылығы неде болды?

- Мәдени және адамгершілік тәрбиесінің маңыздылығы тарихи құндылықтарды ескере отырып, білім беру және ғылыми зерттеумен айналысу болды десек артық айтпаған болармын. Оның басты құндылығы «кокоро» (жүрек) болды. Жүрек ұғымына терең үңіле отырып, академиялық ізденістермен қатар құндылықтардың тарихи негіздерін басымдылыққа алу болып табылды.

- Ал қазіргі білім беру жүйесінің басты ерекшеліктері қандай деп ойлайсыз?

- Қазіргі кезеңнің ерекшелігі – білім беру жүйесінің тұрақтылығы мен бейімделгіштігінде десем дұрыс болар. Бейімделгіштігі дегенде айтпағым - инновациялар, цифрлық дәуір талаптарына жауап беретін, сондай-ақ шығармашылық пен сыни ойлау қабілеті бар адамдарды тәрбиелеу деп түсінсеңіз болады.

- Әрине біздің Қазақстан қоғамы да заманына сай білікті де, білімді ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етіп отырмыз. Сондықтан ойыңыздың астарын түсініп отырмын. Десе де бір сұрақты қоймасқа амалсызбын. Сіздің елде білім алудың қиындығы, жүйкеге салар салмағы қандай? (Ол езу тартып күліп алды да):

- «Мемлекетті қайта құру - білім беруден, білім беруді қайта құру - адамдардан, ал адамдарды қайта құру - сөзден» деген жапон даналығы бар. Мемлекетті қайта құру деген оңай-оспақ дүние емес, оған білім керек. Сондықтан білім беру де, алу да – мемлекетті құру және қорғау сынды ұлы істің бірі және бірегейі. Оған үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Ал ондай міндеттің жүгі ауыр болары хақ. Осы жолда жүйке жүйесі сыр берген, денсаулығынан мәселе туындаған, мансаптың қатаң траекторияларынан өтуде түрлі қиындыққа тап болған адамдар бар және олардың саны да аз емес болар. Оның үстіне біз бәрі-бір шығыс қоғамымыз, дәстүр мен тарихтың әсері болар білім беру мен алуда, қызметке тағайындалуда гендерлік айырмашылықтардың да бой көрсетіп қалатын кездері болады. Міне бұлар бүгінгі жапон білімінің түйткілді тұстары деп атауға болатын жәйіттері.

- Жапония дегенде есімізге келетіні жоғары технология, жасанды интелекті. Осы бағытта жапон өкіметі білім беруде қандай бағытты немесе тәсілді ұстанады?

- Жапон мектептерінде технология интеграциясы басты мән беріліп оқытылатын саланың бірі. Негізгі мақсаты - цифрлық дәуірдің талаптарына жауап беретін мамандарды жетістіру. Былайша айтқанда, қазіргі мың-сан құбылған, өзгерістерге толы, өтпелі тарихи контексте студенттерді технологияға тәуелді болашақ қоғам үшін бағдарлаудың дайындығы деп түсінсеңіз болды. Себебі, жалпы адамзат қоғамы әне сондай бір біз естіп көрмеген, жаңа және өте күрделі қоғамдық жүйеге өтіп барады. Оған дамыған елдердің бәрі де беттеп отыр. Жапония өзінің жер ресурстарына кедей  әрі аралды қоныстанған, халқы көп ел екенін жақсы біледі. Сол үшін қандай бағдарлама қабылданса да, осы ұлттық мүддеден ауытқып кетпейді. Билік басына кім келсе де, ұлт мүддесінен артық дүниені басты орынға шығара алмайды. Сол үшін жапон жастары да шет тілдерін үйреніп, шетелден білім алып жатыр.

- Сіз қазіргі жапон білімінің ерекшелігін сөзеткеніңізде шығармашылық және сыни ойлау туралы айтып қалдыңыз. Бұл ұстаным цифрлы технология дәуірінде қалай және қай бағытта өрлеуі керек деп ойлайсыз?

- Технология – адамзатты биік белестерге, өркениетке бастап қана қоймай, бойкүйездікке, енжарлыққа тіпті, мейірімсіздікке бастап барады десем, әлде кімдер келісе қоймауы мүмкін. Білесіз бе қазіргі қоғамда басына үй, бауырына қазан асып кәдімгі отбасы болуды қаламайтын жастар өсіп келеді. Олар үшін дүкеннен дайын кешкі асты алып, жалғыз өзі теледидар немесе компьютер алдында кешті өткізу тиімді әрі мәнді сезілуі мүмкін. Ондай қыз бен жігіттер көбеймесе азайған жоқ. Болашақта тіптен арта түсер ме деп қауіптенемін. Ал оларды адамдық деген арқаудан жібермейтін бір нәрсе болса ол- шығармашылық, әдебиет, сыни ойлану және толғану. Сіздің елде қалай екенін жақсы білмеймін, бізде небір IT саласының жілігін шағып, майын ішетін жастар бар, бірақ екі ауыз сөздің басын қосып, әдемі сөйлеуді білмейді. Міне сондай ұрпаққа шығармашылық және сыни ойлау ауадай керек. Бұл бір жағынан жалпы адами қасиетті бағалау үшін де қажет.

- Бұл сөзіңізге мен де келісемін. Бір мақала емес, бір бүтін мәтінді жазу үшін бір күн отыратын студенттер бізде де бар. Ал Сіз мынаны айтыңызшы, Жапонияда мүмкіндігі шектеулі жандармен білім беру саласы қандай мәміледе жұмыс жасайды?

- Адам болған соң, түрлі сипаттағы дене және ақыл-ой жақтағы кемшіліктерімен өмірге келетін немесе өмір сүретін адамдар кездеседі. Біздің елдің дәстүрлі көзқарасы бойынша оларды біз бөліп жарып қарамаймыз. Кәдімгі сау адаммен бірдей бағалаймыз. Сол үшін білім беруде адамдар арасындағы әртүрлілікті үлкен етіп көрсетпеуге тырысамыз. Жапондық білім беру жүйесінде әртүрлілікті қабылдау және инклюзивтілікті ілгерілету жөніндегі бастамалар бар. Арнайы білім беру бағдарламалары, мүмкіндігі шектеулі студенттерге қолдау көрсету және оларды шетқақпай етуге қарсы бастамалар инклюзивті ортаны құруға ықпал етіп келеді.

- Мен Жапонияға келгелі бір-ер күн ғана болды. Десе де көзге айрықша көрініп тұратын өзгешеліктеріңіз көп екен. Соның бірі қашан, қайда болса да иіліп, сәлем беріп тұрасыздар. Бұл дәстүр ме, әлде заманның талабы ма?

- Біздің елде осыдан бір ғасыр бұрын Канзо Учимура атты христиан ойшылы әрі бейбітшілік жаршысы, философ өмір сүрген. Сол кісінің бір жақсы сөзі бар. Ол «Елдің өрлеуі - кішіпейілділіктің, ал елдің күйреуі - менмендіктің нәтижесі» деген. Адам болмасын, ұлт болмасын тек кішіпейіл болғанда ғана өмір сүреді, өркендейді.

- Бәрекелді, тауып айтылған сөз екен. Мен білсем Сіз Қазақстанда болдыңыз. Қазақтар туралы не айтасыз, тек шынайы ойыңызды айтыңыз (екеуіміз бірдей күлдік).

-Қазақтар дейсіз бе? Қазақ – әлемдегі ең көне халықтың бірі. Еуразия даласында мыңдаған жыл дәурендеген ұлы халықтың ұрпағы.  Бірақ Сіздердің тарихтарыңыз тым күрделі әрі аянышты. Бағана сіз сөйлеген баяндамадан білгенім, Сіздер нағыз «мың өліп, мың тірілген» халық екенсіздер. Бейне бір тау басынан асау өзен ағызып, жол бойы тауға, тасқа соғып, толқынымен мүжіп, қайраңға шығарып тастаған малта тас секілді. Есесіне Сіздердің бойларыңызда Батыстың да, Шығыстың да, Оңтүстік пен Солтүстіктің де мәдениеті мен таным-түсінігі, өмірге көзқарасы тоғысқан. Бір ауыз сөзбен жинақтасам – қазақтар өтпелі географиялық ортаның мәдениеті. Дала өркениеті мен қала өркениетінің тоғысқан тұсы. Сондықтан қазақтар кез-келген ортаға бейімделіп, кез-келген ұлттың тілін жақсы меңгеріп кетеді. Өйткені олар әлемдегі адам баласы дыбыстай алатын барлық дыбысты айта алады. Жалпы кез-келген халықты түсініп кету қиын, соның ішінде Сіздерді түсіну тіптен қиын. Бәлкім ол үшін қазақ болып туу керек шығар (ол езу тартып күлді) .

- Айтқаныңызбен келісемін, әсіресе, тарих толқынында қырлары кетіп, майдаланып қалғанымыз рас. Сіздің ойыңызша кеткен «қырларымызды» қалай қалпына келтіре аламыз,әлде қайтып қалпына келмей ме?

- Неге келмесін келеді. Келтіру керек.

- Қалай және кім келтіреді?

- Сіздер секілді ұлтқа жаны ашитын, дәстүр мен тарихты, әдебиет пен ғылымды, өнер мен мәдениетті жақсы білетін, жақсы көретін, бір ауыз сөзбен айтқанда қазақты түсінетін, сүйетін адамдар. Міне солар ұлттың жоғалғанын түгендеп, табылғанын өзіне қайтарып берулері керек. Сонда ұлт біртіндеп өзінің байырғы айшықтарына орала бастайды. Ұлт -деген тірі организм секілді құбылыс. Оның да жаны мен тәні, рухы  бар. Бастысы рухы өлмесе болды. Сіздердің рухтарыңыз өлген жоқ. Демек, қайта түлеп, жандана аласыздар. Тек уақыт пен құлшыныс керек.

- Ұлтты сүю керек дейсіз ғой. Ұлтты сүю деген не?

- Адам ерекше жаратылыс, ол өзінде барды қабылдайды, өзінде жоқты қабылдай алмайды. Өзі танып жеткен «әділдіктің» шеңберінде өмір сүреді. Сол үшін өз бойында жоқ қасиетті, ұлт бойынан ала алмайды. Өзінде не болса, соған керекті, оны толықтыратын, байытатын қасиетті ұлт бойынан, болымысынан ала алады. Түсіндіңіз бе?  Бойында өз ұлтының қасиетінен жұғым жоқ адам, ұлтбойынан ештеңе іздемейді. Іздемегендіктен ұлты  үшін еңбек етіп жарытпайды да. Ұлтын сүйетін адам – өз ұлтының сәтті туындасы, сол үшін де ұлтты сүю – дегеннің астарында өзін құрметтеу мен бағалау жатыр. Өзін бағалаған адам ешқашан ұлт бетіне шіркеу келтірмейді.

- Ұлтын сүюді неден бастау керек?

- Тілден бастау керек. Сіз тілді тек қарым-қатынас үшін керек дүние екен демеңіз. Тіл - ұлттың жаны. Мәдениет те, әдебиет те, тарих та, болашақ та бәрі сонда. Сол үшін біз ана тілін толық меңгермей өзге тілмен балаларымыздың басын қатырған емеспіз.

- Осы қасиеттеріңізді байқап жүрмін, әлеуметтік орындарда  ағылшын тілінің қосанжарласқаны болмаса, Жапонияда бір ғана тілдің толық қанды патшалығы бар секілді. Бірақ байқайсыз ба Сіздердің халық қартаю үдерісінде. Еңбек күшті қалай тартасыздар?

- Өзіңіз байқағандай жас, қайратты адамдар жан аямай оқып, жұмыс істеп жатыр. Қарт адамдар да шамасы келгенше такси жүргізіп, дайяшы болып, дүкен ашып өз күнін өздері көріп жатыр. Біздің халық өлімнен емес, біреуге керексіз болып қалудан қорқады. Бізге келуді армандап жүрген шетелдік жастар қаншама. Бірақ біздің елдің өз тәртібі мен талғамы бар. Бізге өз табиғатымыз бен мәдениетімізді сақтайтын ұрпақ керек, егер оларжетіспесе жасанды интелектіні пайдаланамыз. Біз неге «құлтемірлерді» жан-таласа жасап жатырдейсіз?, әне сол бұлыңғыр болашақ үшін. Сіздің есіңізде болсын біздің халықта мынадай бір сөз бар. Ол сөз менің осы ойымды толықтырып тұрғандай: «Ұмтылыстың шынайы мәні -басқаларды жеңу емес, аспан берген қабілетті көрсетудегі дәреже». Біз осынау жерде пайда болдық, осынау айналасын теңіз-мұқит қоршаған аралда өмір сүреміз және өлеміз. Бірақ жалпақ әлемге өзіміздің кім екенімізді көрсетіп кетеміз.

- Соңғы сұрақ: қазақтар мен жапондықтарда ұқсастық бар деп естиміз. Сіз тарихшы ғалым ретінде не айтасыз?

- Әрине, шығыс халықтары болған соң белгілі ұқсастық болуы табиғи. Десе де біз екі халықпыз. Сіздер даланы еркін жайлаған, далалық және қалалық мәдениетті қоса меңгерген халықсыздар. Табиғатпен етене өмір сүрген керемет дәстүрлеріңіз бар. Біз басқа географиялық ортада, жер емшегін еміп өскен халықпыз. Сіздердің айналаларыңызда ұшы-қиыры жоқ дала қоршап жатса, бізді шалқар мұхит орап жатыр. «Қазақтар жапондарға ұқсайды» деген сөзді көбіне көп қазақтар айтатын секілді. Себебі қазақтар үшін жапондар керемет дәстүрге бай, экономикасы дамыған, сапалы өндіріс пен білімі, ғылым-техникасы бар халық. Адам баласы қашанда өзінен зорға бой түзейді. Бұл да адами қасиеттің бірі. Сіз ойлап көріңізші, қазаққа бізден де жақын, бізден де қатты ұқсайтын халықтар бар. Бірақ оларға ұқсағысы келмейтін көрінеді.  Егер жапон бүгінгідей дамыған ел болмаса, қазақтар оған ұқсаймыз деп айта қояр ма? Мүмкін айтар, мүмкін айтпас (әзілге жақын айтылған сөзге екеуімізді күліп алдық).

- Еш бүкпестен, шынайы, ашық ой бөліскеніңіз үшін алғыс айта отырып, біздің елге, халыққа арнап бір ауыз сөз айтуыңызды қалаймын.

- Мен Қазақстанда, Алматыда бірнеше мәрте болғанмын. Сіздерде «қонақ аз отырып, көп сынайды» деген бір керемет сөз бар екен. Мен де сол қонақтың бірі болдым. Сіздерде өзгеде жоқ бір жақсы қасиет бар. Ол – бауырмашылдық. Қазір біздің елде ит пен мысықтың бағасы аспандап тұр. Бұл жақсылықтың нышаны емес. Мен Алматыда немерелерін жетелеген қарт адамдарды жиы көремін, аулаларда асыр-салып ойнап жүрген қазақтың қара көз ұрпағын көремін. Ал бұл көріністер біз үшін біртіндеп алыстап барады. Қазақстар онсыз да ғажап мәдениет пен дәстүрге, ән мен күйге, өнер мен әдебиетке бай халық, мен Сіздерді еліктегіш емес, бейімделгіш халық дер едім. Сол үшін ешкімге ұқсауды мақсат етпеңіздер. Қайта өзгелер қазаққа ұқсауды армандайтын болсын. Мен сондай күннің туарына сенемін. Себебі, қазақтар кешпеген азап пен сор бұл жалғанда қалған жоқ.

PS: Бұл сұқбат ЖТН AP19679663 «Орта Азияның қазіргі геосаяси кеңістігіндегі мүделер ықпалдастығы: Экономикалық интеграция және ұлттық қауіпсіздік факторлары» тақырыбындағы гранттық қаржыландыру  жобасы аясындағы шетелдік іссапар зерттеулері негізінде жазылды.

Қастер Сарқытқан,

Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері

 

 

 

 

Пікірлер