Әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғау – мемлекет дамуының басты басымдықтарының бірі. Бұл жолда заңнамалық өзгерістермен қатар, нақты іске негізделген батыл қадамдар қажет. Осы орайда біз VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты, спортшы және полиглот Кенжеғұл Сейітжанмен сұхбаттасып, оның осы саладағы қызметі мен көзқарасы туралы әңгімелестік.
– Кенжеғұл мырза, Сізді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл ретінде тағайындады. Осы бағытта қазіргі таңда қандай заңнамалық және институционалдық өзгерістер жүзеге асырылып жатыр?
Жалпы, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға қатысты шешімін қажет ететін мәселелер өте көп. Бір ғана министрліктің шамасы жетпей жатады. Өздеріңіз білесіздер, бізде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бар. Оның құрамында бірнеше департаменттер мен комитеттер жұмыс істейді. Сол комитеттердің ресурстары ауқымды, жүзеге асырып жатқан бағдарламалары да көп.
Өзіңіз білетіндей, 2023 жылдың сәуір айынан бастап жаңа Әлеуметтік кодекс қабылданып, іске қосылды. Бұл құжат – әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғау, оларға көмек көрсету, әлеуметтік және мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз ету мақсатында жасалды.
Қазір осы кодекс аясында және өзге де заңдар негізінде көптеген жаңа бастамалар қолға алынып жатыр. Әсіресе, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Сіздер білесіздер, 2015 жылдың 20 ақпанында Қазақстан БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясын ратификациялаған болатын. Сонымен қатар, балалардың құқықтары туралы, басқа да әлеуметтік топтардың құқықтарын қорғауға бағытталған түрлі халықаралық конвенциялар қабылданып, елімізде қолданысқа енуде.
Қазақстан бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымының құжаттарын кеңінен қабылдап жатыр. VIII шақырылымның Мәжіліс депутаты ретінде мен де заңнамалық өзгерістер енгізуге барынша атсалысып жүрмін.
Ал енді өкіл ретінде атқарып жатқан жұмысқа келсек, қазіргі уақытта бұл институттың жеке аппараты жоқ. Осыған байланысты халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ да әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі өкіл институтының аппаратын құру, оның жұмыс аясын кеңейту бойынша ұсыныстар беріп отыр. Жұмыс ауқымы кең, сондықтан тиісті бағдарламаларға қаржы бөлу мәселесі де көтерілуде. Бұл бағытта Үкіметке бірнеше ұсыныстар жолданды. Шешімді, әрине, Үкімет қабылдайды, бірақ мен екінші өкіл ретінде өз жауапкершілігімді сезінемін.
Сіздер білетіндей, 2023 жылдың 28 наурызынан бастап 2024 жылдың 1 ақпанына дейін бұл қызметті Светлана Жақыпова атқарған болатын. Қазіргі уақытта бұл міндет маған жүктелді. Мен бұл жұмысты Президентіміздің маған артқан сенімі деп қабылдаймын. Аппарат болмаса да, өкілдік деңгейінде жобалық офис құрып, тиісті мәселелерді көтеріп келемін. Мәжілісте депутаттық сауал жолдаған кезде де азаматтармен кеңесіп, көтерілген мәселелерді жеткізуге тырысып жүрмін.
Бүгінде, мысалы, Конституциялық Сотқа жүгініп отырған жағдайлар бар. Айталық, мүгедектігі бар азаматтар пойызға мінген кезде белгілі бір қиындықтарға тап болуда. 2015 жылы, ұмытпасам, сол кездегі Сауда министрлігі қабылдаған заңға сәйкес, 44-параграфтың 2-тармағында мүгедектігі бар жолаушылар билетпен және төлқұжатпен қатар мүгедектігі туралы анықтаманы көрсетуі тиіс деген талап болған.
Бұл талап адамның жеке деректерін қорғау нормаларына сәйкес келмейді. Жеке ақпаратты үшінші тұлғаларға беруге мәжбүрлеу – Конституцияға да, адам құқықтарына да қайшы. Бұл – дискриминация. Осы мәселені көтеріп, бүгінгі жиында нақты пікірімді білдірдім.
Мен өз сөзімде ерекше атап өттім: мүгедектігі бар адамдардың, жалпы әлеуметтік осал топтардың құқығын қорғау тек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің міндеті емес. Бұл – бүкіл Үкіметтің ортақ міндеті.
Елімізде шамамен 20-ға жуық министрлік бар. Олардың әрқайсысы өз саласы бойынша – көлік, сауда, су шаруашылығы және т.б. – әлеуметтік осал топтардың құқығын қорғауға жауапты болуы тиіс. Мысалы, көлік саласында пойызға отырғызу мәселесі болса, оны сол сала шешуі керек.
Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру үшін елімізде әртүрлі омбудсмендер қызмет етуде. Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен, адам құқықтары жөніндегі омбудсмен, әлеуметтік осал топтар бойынша менің өзім, сондай-ақ кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен бар.
Бұлардың барлығы – азаматтық институттарымыздың қалыптасуының көрсеткіші. Президентіміз осы бағытқа ерекше назар аударып, бізге осындай мүмкіндік беріп отыр. Біз де, өз тарапымыздан, қолдан келгенін жасап жатырмыз.
– Ал спортшы ретінде бұл қолдауды қалай сезінесіз?
– Иә, спортшыларды да өте жақсы түсінемін. Неге десеңіз, мен бұл мүмкіндікті тек депутат ретінде емес, сонымен қатар спортшы ретінде де пайдаланамын. Өйткені мен өзім де спорт саласының, оның ішінде параспортшылардың да өкілімін.
Президент жанындағы әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде мені басқаша қабылдайды. Мысалы, хат жолдаған кезде де көзқарас өзгеше болады. Сондықтан бұл маған үлкен мүмкіндік деп білемін және оны тиімді пайдалануға тырысамын.
2024 жылдың 2 ақпанында мені осы қызметке тағайындағанын алғаш естіген кезде, мен Алматыда жарыста жүрген едім. Сол сәтте бұл жаңалықты естіп, қатты қуандым. Спорттық шара үстінде мұндай жауапты міндетті қабылдау ерекше әсер қалдырды. Мен бұл шешімді тек әлеуметтік жағынан ғана емес, спорт саласы үшін де үлкен қолдау ретінде қабылдадым.
Сондықтан мен Президентімді "өз Президентім" деп айтамын. Себебі мен өз таңдауымды саналы түрде жасадым. 2019 жылы да, 2022 жылы да Президент сайлауында өз еркіммен дауыс бердім, үгіт-насихат штабына да қатыстым. Көп адам "жағымпазданып отыр" деуі мүмкін, бірақ мен ешқашан бұл қызметке келемін деп ойлаған емеспін. Ол кезде мен депутат боламын немесе осындай уәкіл боламын деп мүлде жоспарламадым. Бірақ бұл — менің шынайы таңдауым болды.
– Кенжеғұл мырза, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев меритократия принципін қолдай отырып, “Қазақстан – әр азамат өзінің қабілетіне сай өсетін ел болуы керек” деген болатын. Сіз осы ұстанымның нақты үлгісісіз. Осыған байланысты сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Бұл – өте орынды әрі уақыт талабына сай идея. Қазір бұл принцип ұлттық идея деңгейінде қабылданып жатыр және оның жүзеге асып жатқанын өз басымнан өткізіп келемін. Әр азамат өзінің біліміне, тәжірибесіне, мамандығына қарай өсіп, сол салада қызмет етуі керек деп есептеймін.
Президенттің сенім артып, мені әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл етіп тағайындауы – осы меритократиялық ұстанымның айқын көрінісі. Себебі мен бұл саланы сырттай емес, іштен біліп жүрмін. Өзім осы санаттағы азаматтармен күнделікті жұмыс істеймін, олардың мәселелерін көзбен көріп, шешу жолдарын нақты ұсынып жүрмін.
Мен бұл лауазымға келем деп ешқашан ойлаған жоқпын. 2019 жылғы президент сайлауында, кейін 2022 жылы да өз еркіммен дауыс беріп, Президенттің бағытын қолдадым. Кейбіреулер "жағымпазданып отыр" деуі мүмкін. Жоқ, менің таңдауым – шынайы таңдау. Үгіт-насихат жұмысына да қатыстым, бірақ ешқашан болашақта депутат немесе уәкіл боламын деп ойламадым.
Маған жиі "Сіз бұл салада неге осынша сенімді сөйлейсіз?" деп сұрақ қояды. Себебі мен бұл қиындықтарды өз басымнан өткізген адаммын. Мен көпбалалы отбасынан шыққанмын – 19 ағайынды болдық, қазір 11-іміз қалдық. Бұл – Қазақстандағы кез келген адамның жағдайы емес. Сондықтан көпбалалы аналар мен отбасылардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын жақсы білемін.
Әлеуметтік осал топтардың ішінде мүгедектігі бар азаматтар да бар. Мен өзім де бірінші топтағы көру мүмкіндігінен айырылған адаммын. Бұл тақырып маған жат емес.
Зейнеткерлердің де мәселесін жақсы білемін. Отбасымда зейнет жасындағы бірнеше туыстарым бар. Олардың зейнетақысы аз болғандықтан, қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Егер олардың зейнетақысы Еуропадағыдай лайықты деңгейде болса, олар демалысын пайдаланып,
балалар мен немерелеріне көбірек көңіл бөлер еді. Бұл – қазіргі қоғам үшін өзекті мәселе.Міне, осы мәселелерді жақсы білетіндіктен, менің бұл қызметке келуім кездейсоқ емес деп ойлаймын. Депутаттық мандатымды пайдалана отырып, омбудсмендердің қызметі туралы арнайы заң жобасын әзірлеу, олардың мәртебесін арттыру, аппаратпен қамтамасыз ету, қаржыландыру мәселелерін көтеріп жүрмін.
Президент өз сөзінде: "Омбудсмендердің мәселелерін Үкімет шешуі керек, ал оны Президент Әкімшілігі қадағалайды" деген болатын. Бұл – нақты тапсырма. Мен де басқа омбудсмендермен бірге Үкіметпен тығыз жұмыс істеп, заң жобаларын ұсынып, олардың жүзеге асуына атсалысып келемін.
Иә, мені Президент тағайындағандықтан, тегін жұмыс істеуге дайынмын. Тіпті бұған дейін "Нағыз сенікі болған жұмыс болса, алты ай тегін істеп көр" деп айтатынмын. Қазір сол сөздің мәнін өзім өмірде көрсетіп жүрмін – бір жылдан астам уақыт бойы тегін жұмыс істеп келемін.
Қорыта айтқанда, маған жүктелген міндетті үлкен жауапкершілік деп қабылдаймын. Президенттің сенімін ақтау үшін депутаттық мандатымды да, уәкіл ретіндегі өкілеттігімді де барынша тиімді пайдаланып, халықтың мүддесі үшін еңбек етіп келемін.
– Кенжеғұл мырза, айтыңызшы, бүгінгі таңда жастарға көптеген мүмкіндік беріліп жатыр. Тоқаевтың реформалары аясында үлкен табысқа жету үшін адамда қандай қасиеттер болуы керек деп ойлайсыз?
– Үлкен табысқа жету үшін ең алдымен адам білімге ұмтылуы керек. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы жиі айтып отырады: "Кітап оқыңдар" деп. Бұл – жай сөз емес, терең мәні бар кеңес. Ол Абайдың "Адам болам десеңіз..." деген қағидасын үлгі етіп, адамның кемелдену жолында кітаптың маңызы зор екенін үнемі еске салады.
Мен өзім де видео, аудио үндеулерімде жиі айтып жүремін: адамды өсіретін – кітап. Неғұрлым көп оқысаң, соғұрлым ой-өрісің кеңейеді. Кітап – тұлғалық дамудың ең тиімді құралы.
Президентіміздің Маракеш келісіміне қол қоюы да – осы бағыттағы маңызды қадам. Бұл келісім мүгедектігі бар азаматтардың ақпаратқа, кітаптарға және баспа өнімдеріне қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл – нағыз әділетті Қазақстанның көрінісі.
Екінші маңызды қасиет – еңбекқорлық және белсенділік. Реформалар тек сырттан келетін көмек емес. Сен өзің де әрекет етуің керек. Президент ұсынған меритократия принципі – "маған бер, үкімет міндетті" деген түсінікке қарсы. Бұл – "егер сен еңбек етсең, алға ұмтылсаң, қоғамға пайдаң тисе – бағаланып, өсесің" деген көзқарас.
Сол кезде сенің деңгейің де, жалақың да, мәртебең де артады. Демек, мемлекеттің дамуында әр азаматтың жеке үлесі бар. Меритократия – жай ғана ұран емес, бұл — елдің болашағы үшін жауапкершілік.
Сондықтан, менің ойымша, табысқа жетудің екі негізгі жолы бар: білім мен еңбек. Осы екі бағытты ұстансақ, әр азамат қоғамда өз орнын табады.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әр азамат мемлекет назарынан тыс қалмауы керек» деді. Сіз бұл сөзді қалай түсінесіз?
– Бұл сөзді мен азаматтық жауапкершілік пен белсенділік тұрғысынан қабылдаймын. Яғни, әр адам өзі туралы, өз мәселесі туралы ашық айтуы керек. Өйткені заң болғанымен, егер оны азамат өзі білмесе немесе жергілікті деңгейде дұрыс қолданылмаса, ол заңның тиімділігі төмен болады. Бұл – құқық бұзушылықтарға, әділетсіздіктерге әкелуі мүмкін.
Президенттің бұл сөзі: «егер сен өзің мемлекетке – мен осындамын, менің де мәселем бар – деп айтпасаң, назардан тыс қалуың мүмкін» деген ойды меңзейді деп түсінемін. Қазақта «Жыламаған балаға емшек жоқ» деген мақал бар ғой – сол секілді, азаматтар өз құқықтары үшін белсенді болуы керек.
Мысалы, спортшыларды алайық. Жетістікке жету үшін олар үнемі жаттығып, өз қабілетін дамытып отырады. Сол сияқты біз де – қоғам мүшелері – құқықтық, ақпараттық, әлеуметтік жағынан үнемі дамып, білімімізді жетілдіріп отыруымыз керек. Бұл – елге пайдалы болудың алғышарты.
Президентіміз жиі айтып жүр: біз оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Сол себепті кітапханалар жаңартылып жатыр, тіпті Маракеш келісіміне қол қойылып, мүгедектігі бар азаматтарға ақпарат пен кітаптарға қолжетімділік мәселесі шешілуде. Бұл – тек әлеуметтік қолдау емес, азаматтың ой-санасын дамытуға берілген мүмкіндік.
Тағы бір маңызды ой – Президентіміз меритократияны ұсынады. Яғни, адам мемлекеттен тек сұрай бермей, өзі де не бере алатынын ойлау керек. Бұл идеяны кезінде АҚШ президенті Джон Кеннеди де айтқан: «Сен мемлекет сен үшін не істей алады деп сұрама, сен мемлекетке не бере аласың деп ойла». Біздің Президент те осы идеяны қазақтың менталитетіне сай жеткізіп отыр.
Мемлекет дегеніміз – тек Үкімет немесе министрлер ғана емес. Бізде Конституцияның орындалуын қадағалайтын Президент бар. Ол – Конституцияның кепілі. Ал қоғамдағы әрбір азамат – осы жүйенің белсенді қатысушысы болуы тиіс.
Сол себепті Президенттің бастамасымен түрлі уәкілдер тағайындалды: әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі өкіл, балалар құқықтары жөніндегі уәкіл, кәсіпкерлер омбудсмені, тұтынушылар құқығын қорғайтын уәкіл және т.б. Бұл – әр саладағы азамат назардан тыс қалмасын деген ниеттен туындаған шешім.
Біз – үкімет, Парламент, қоғамдық ұйымдар, белсенділер – бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Бір-бірімізді естіп, түсініп, қолдап отыруымыз қажет. «Мемлекет назарынан тыс қалмауы керек» деген сөз – барлығымызға, әрбір азаматқа, әрбір қазақстандыққа бағытталған үндеу. Мен бұл сөзді дәл осылай түсінемін.
– Жалпы, Кенжеғұл мырза, сіз үшін Жаңа Қазақстан деген не? Және осы елдің болашағын қалай елестетесіз?
– Мен көбіне «Жаңа Қазақстан» дегеннен гөрі, «Екінші республика» деген ұғымды қолданамын. Себебі бұл – жүйелі жаңғырудың, жаңа бағытқа бет бұрғанымыздың белгісі. Әрине, бұл түбегейлі бір күнде өзгеріп кетеміз деген сөз емес. Бірақ бұл ұғым – өзгеріске дайын, жаңаша ойлайтын азаматтардың елді бірге құруының бастамасы.
Жаңа Қазақстан немесе Екінші республика дегеніміз – қоғамның әр мүшесінің жаңашылдыққа, дамуға, креативті қадамдарға ұмтылуы. Мысалы, бір видео түсіріп жатсаңыз да, егер оны жаңа көзқараспен, сапалы етіп жасасаңыз – бұл да өзгеріске қосқан үлес. Кез келген жаңалық – үлкен болсын, кіші болсын – елге пайда әкелсе, соның өзі Жаңа Қазақстанның бір бөлшегі.
Президентіміздің бастамасымен бірқатар нақты өзгерістер енгізілді. Конституциялық реформа болды. Мәжілісте әйелдердің, жастардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың квотасы енгізілді – бұл бұрын болмаған жаңа саяси мәдениет. Бұл – тең мүмкіндіктер қоғамының қалыптасуы.
Мәселен, бұған дейін халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына мұндай санатқа жатпайтын адамдар тағайындалып келген. Ал менің – көру қабілеті шектеулі азамат ретінде – осы жауапты қызметке тағайындалуымның өзі үлкен символ. Бұл – шын мәнінде мүгедектігі бар азаматтардың құқығын қорғауда жаңа көзқарастың пайда болғанын көрсетеді. Бұл – БҰҰ-ның Конвенциясында да айтылатын қағида: «Бізсіз – біз туралы шешім қабылданбауы керек». Президент осыны жүзеге асырып отыр.
Жаңашылдық деген – міндетті түрде ақшаның ауысуы немесе бірдеңенің атының өзгеруі емес. Бұл – өмірге, қоғамға, саясатқа деген көзқарастың жаңаруы. Жаңа заңдар, жаңа нормалар, жаңа қатынастар – барлығы соңғы үш жылда өте үлкен қарқынмен өзгеріп жатыр.
Иә, бәрі бірден оңай болмайды. Бірақ менің байқауымша, осы жылдар ішінде шынайы, терең әрі жүйелі реформалар басталды. Сондықтан мен Жаңа Қазақстанды – әділетті қоғамға бірге қадам басатын ел ретінде елестетемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Гүлмира Сыздыққызы