Тәуелсіз толқын. Телефонмен фильм түсірген Ернар Алмабектің желіде жарқ ету жолы

1409
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтік мәселені деректі фильмге айналдырған режиссер өзінің шығармашылық сыры және қалыптасу кезеңдері жайлы ойларымен бөліседі. 

Режиссер, фотограф, контентмейкер Ернар Алмабек – елдегі әлеуметтік мәселелерді таспалап, желіге жүктеп, көрермен қызыққан блогер. Жақында «Тасқын мен тағдыр» деген атаумен батыс өңіріндегі топан судан зардап шеккен жұрттың жағдайын деректі фильммен көрсеткен Ернар мырзаның жұмысы, жоспары жайлы сұхбаттастық.

«КОНТЕНТ – МЕНІҢ ӨМІРІМ»

- Ернар мырза, өзіңіз туралы қысқаша айта кетсеңіз. Әлеуметтік желідегі блогыңыз қалай басталды?

- Мен Алматы қаласының тумасымын. М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназиясында оқып, кейіннен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын «Кино және телевидение режиссері, продюсері» мамандығын бес жыл оқып, тәмамдадым. Суретке түсіруге, режиссерлікке мектеп кезінен қызығамын. 8-9 сыныптан бастап компьютердегі монтажды үйреніп, оқушы деңгейіндегі қысқа метражды роликтер, анимациялық мультфильмдер түсіріп жүретінмін. Алғаш отымды жаққан жетістігім деп 11-сыныпта қатысқан «Ұлттық арна – ұлт рухы» атты конкурс еді. Ұлттық арнаның 50 жылдығына орай ұйымдастырылған байқауда «Ең жас аниматор» деген жүлдені ұтып алдым. Жүргеновке түсуіме сол жетістігім түрткі болды. Қазір фрилансермін. Әлеуметтік желіде еркін контент жүргіземін. Контент – менің өмірім. Алғаш рет фототүсірілімдерді жариялап, жүйе құрып 2022 жылдан бастап белсенді бола бастадым. Басында ауылдағы бие сауып отырған жеңгеме, шөп шауып жүрген жігіттерге фотосессия жасап жүктеген видеом қаралымы артып, таңдаулы болып бастады. Содан бері қазір Instagram желісін белсенді жүргіземін.

ТАНЫСУДАН КЕЙІН ТУҒАН ИДЕЯ...

- “Теріскей - бізге аманат” деп басталып “Тасқын мен тағдыр” деп жалғасын тапқан өзекті мәселені көтерген деректі фильмдеріңіз көрушінің көңілін босатпай қоймайды. Бұл идея қайдан туды?

- Оңтүстіктен солтүстікке адамдарды көшіріп, сол көштің басы-қасында жүрген, өзі де Алматы жақтан сол жаққа көшіп барған Бурахан Дақанов деген жігіт бар. Ол жігітті бұрыннан сырттай танитынмын. Менің фотосессия жасайтын жобама Бураханның образы, фактурасы суретке түскенге жақсы келеді деген оймен былтыр шілде айында Бураханды іздеп солтүстікке бардым. Ауылына әбден жақындаған кезде хабарластым. Сөйтсем, ол үйінде емес екен. Ат басын кері тартып, қайта қайттым. Бурахан маған күзде кел деді, бірақ ол кезде менің жолым түспеді. Кейін қаңтарда алдын-ала хабарласып, ескертіп, ауылына тағы жол тарттым. Жеткен соң фотосессиямды жасадым, Бураханды жақыннан тани түсіп, өзі туралы бір жарым минуттық ролик жасадым. Алайда, оның істеп жатқан ісі бір жарым минуттық роликке сыймайтынын түсіндім.

Ол мені сонда жүрген қаншама адаммен таныстырды. Әр танысқан адамның өмірі бір-бір – тарих, бір-бір кейіпкер. Оңтүстіктегі атамекенін қалдырып, солтүстікке арнайы мақсатпен көшіп барған адамдардың өмірі жайлы әңгімесін таспалап, көрсеткім келді. Бұл деректі фильм сол танысудан кейін туған идея еді. Бураханға кейін айттым, не шығатынын білмеймін, бірақ жақсы бір видео шығатын сияқты деп. Әрқайсының өзінің тағдыры, айтар әңгімесі бар 5-6 адамнан сұхбат алдым.

Үйге келіп монтажға отырғанымда бұның жай ғана видео емес, деректі фильм ретінде шығуы керек екенін ұқтым. Instagram-ды қарасам, максимум 15 минуттық видео жүктеуге болады екен. Сол уақытқа шақтап, реттеп, монтажын жасап, кейіпкерлердің айтқан оқиғаларын керегінше қысқартып, 15 минуттық фильм шығардым. Атауын Бураханның айтып жүрген ұранымен «Теріскей – бізге аманат!» деп атадым.

Биыл наурызда бәріміз білетіндей елдің батысын топан су торлады. Жағдайды көріп, Ойыл ауылдарына барамын деп шештім. Бұл істі өзімнің азаматтық борышым деп санадым. Халыққа қолдау көрсетіп, қолымызға күрек алсақ та, жәрдемдесуіміз керек деп білдім. Сапарға дейін әлеуметтік желідегі оқырмандарыммен кішігірім қор ашып, қаражат жинаған болатынмын. Жиналған аманатты су басқан өңірдегі халыққа жеткіздім. Ойылға барғанымда аяқ асты Самат есімді ағамызды жолықтырдым. Ол кісінің ұлына жолдаған аудиожазбасы желіде біраз танылып, таралып кеткен еді. Самат ағаға да фотосессия жасап жүріп, осында «Теріскей – бізге аманат» деген сияқты фильмнің жалғасын түсіруге болады екен ғой деген ой туды. Содан ол жақтан да бірнеше кейіпкер тауып, бастан кешкен оқиғаларына кеңірек тоқталып, тағдырын тасқын шайған ойылдықтардың әңгімесін түсіріп алдым. Осылайша «Тасқын мен тағдыр» атты деректі фильмім әуелгі жобаның жалғасын тапты.

ТЕЛЕФОНҒА ТҮСКЕН ФИЛЬМ

- Түсірілім процесі туралы айта кетсеңіз. Фильм немен түсірілді? Монтаж қалай жасалды?

- Қызығы, мен өз ойымдағы видео сапалы болуы үшін кәсіби камера қажет деген таптаурынды бұздым. Өйткені фильмдер толықтай телефонға, Iphone камерасына түсірілді. Әуелде әлеуметтік желі үшін жай ғана фотосессия, кейін ролик қыламын деп ниеттенген мен  видеоларды телефонға түсіріп алған едім. Сосын отырып, «неге телефонмен таспаланған дүниеден деректі фильм шығарып көрмеске?» деген ой келді. Қазір мобилография, әлеуметтік желі дамыған заман. Бәрін телефонға түсіреміз ғой. Өзім кәсіби маман болғандықтан бұған дейін кез келген түсрілімге камераны құп көретінмін. Кейіннен ойым өзгерді. Камерадан гөрі телефон шынайы атмосфераны сапалы түрде бере алады екен. Артық жүк жоқ, жай ғана петличка мен телефоныңды қосып түсіре бересің. Бірақ монтажды компьютер арқылы жасаймын.

- Қыстың қақаған аязында солтүстікке аттанып, ондағы тіршілікті таспалап келдіңіз. Одан міне, жақында тасқын торлаған ауылдарды шарлап қайттыңыз. Қандай қиындықтар туындады? Аймақтарға қалай, немен жеттіңіз? Әңгімелеп берсеңіз.

- «Теріскей – бізге аманатты» түсіру үшін Алматыдан Астанаға ұшақпен жетіп, ары қарай Петропавлға пойызбен аттандым. Боран соғып, жолдың бәрі жабылып жатқан кез еді. Петропавлдан Сергеевке дейін таксимен жеттім. Десе де, әлеуметтік желідегі оқырмандарым бар, Бураханның өзі бар, жалпы жолда көмек көрсеткен жандар көп болды. Бейтаныс жігіттердің үйінде қонақ та болдым, тағысын-тағы. Жеткесін Бурахан күтіп алды.

Ойылға барған кезімде Шамшаддин Омаров деген ойылдық досыммен хабарда болып, жартылай ұшақтатып, таксилетіп жеттім. Барған жердің бәрінде құшақ жая қарсы алатын жандар көп. Шүкір! Бірақ, өзім саяхатты ұнататын адам болғандықтан жайлылыққа аса мән беретін адам емеспін. Ой болса ой, қыр болса қыр, су болса су деп жер шарлап жүре беремін.

«МАҚСАТЫМ – МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ҰМЫТТЫРМАУ»

- Фильмнің өзін көзге жас алмай көру мүмкін емес. Түрліше тағдырды көзбен көріп, ел-жұрттың оқиғасын тірідей естіп отырып қандай күйге бөлендіңіз?

- Ойылға барғанымда қатты толқыдым. Су басқан ауылдарды, қираған қара шаңырақты көрдік. Сол қара шаңыраққа қарап тұрып, толқыған, жылаған кісілерді көрдік. Бұл өте қиын жағдай. Қазір енді су кетіп жатыр дегеннің өзінде, бұның ар жағында үлкен әлеуметтік мәселелер қалды. Фильм арқылы соны жеткізгім келді.

Бүгін болған дүниені ертең ұмытатын ақпарат көп заманда өмір сүріп жатқандықтан, менің мақсатым – осы фильмдер арқылы маңызды мәселелерді ұмыттырмау. Ұмытып кеткен жағдайда ол дүниелер шешімін таппауы мүмкін.

Басқа өңірлердегі халық күнде айтыла бергесін жауыр болған дүние деп қарауы да мүмкін. Кейін топан судан зардап шеккен кісілер өз мәселесімен өзі қалмасын дедім. Фильмді экранның ар жағынан көретін қарапайым халық та, жоғарыдағы кісілер де батыстықтардың жалғыз емес екенін, жәрдемге жүгіретін жандардың жететінін естен шығармауы тиіс. Қазір міне, мамыр да жетті. Тасқыннан зардап шеккендердің баспанасын қалыпқа келтіргенше күз де жетеді, артынша қақаған қыс та таяйды. Эмоция өте көп. Толқисың, уайымдайсың...

- Деректі фильмнен сондай шынайылық, сапалы жұмыстың көрінісі байқалады. Бұл деректі фильмдер әлі де жалғасын таба ма?

- Қазіргі таңда идея өте көп. Негізі апатқа байланысты «Тасқын мен тағдыр» аяқ асты түсірілді. Бірінші жобадан кейін жоспарда басқа фильмдер тұрған еді. Көбіне осындай әлеуметтік мәселелерді көрсететін фильмдер болады.

- Сұхбатыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен

Дина Литпин

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер