«Мен одан қорқамын». 30 жастағы блогер 11 жастағы қыздарға қырындады деп айыпталды

140
Adyrna.kz Telegram

Желіде оралдық блогер Қолғанат Жұмабаев кәмелетке толмаған қыздарға жазып, қырындады деген дау шықты. Бұл туралы блогердің әйеліҚұлпынай Калменова өзінің инстаграм парақшасында күйеуінің 11-12 жастағы қыздарға сезімін білдірген хабарламаларымен бөлісті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Құлпынай Қанат ажырасқалы жатқан күйеуі Қолғанат Жұмабаевтен педофилияны байқағанын мәлімдеді. Ол жасөспірімдерді қорғағысы келетінін айтып, дабыл қақты. 

Ер адам 11-12 жасар шамасындағы қыздармен қатты құшақтасып фотоға түскені көпті шошытты. Сондай-ақ хат-хабарламаның ішінде “ғашық болып қалдым ғой”, “сұлуым”, “фотоңа қарай беремін” деген сынды сөздер жазылған. Осыдан соң Қолғанат Жұмабаев фотоға түскен екі қыздан әйелінен кешірім сұратқызған. Құлпынай Қанат қыздардың аналарына жазып, ескерту жасады.

Осы даудан соң қыздардың бірі блогердің азғындауына ұшырағанын жазған.

“Апай, бұл қыздардың арасында мен де болдым. Бұлар мені топтан шығарып жіберді. Ағай менің төсімді ұстады. Мен одан қорқамын. Қорқып, анама да айтқан жоқпын. Мына ағайды соттатыңызшы” делінген хатта.

Бұл жазбалар балалар құқығы бойынша уәкіл Динара Закиеваға жетті. Ол Құлпынай Қанаттың постына пікір білдіріп, жекеге жазғанын мәлімдеді.

Оралдық блогер де бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, арам ниеті болмағанын, ағалық махаббатын жеткізгенін айтты. Жұмабаев екі жасөспірім қыздың аналарын да шақыртып, видеоға түсірген. 

“Айша сол күні басқа қыздармен ренжісіп қалған. Сол үшін құлағына сыбырлап, “ренжіспеңдер, тату болыңдар” деп жатқанымда фотоға түсіріп алыпты. Мен қыздардың ата-аналарына жазып, оларды сұрап аламын. Қарындастарымдай көріп “жаным, көкем” деп сөйлесемін. “Красавицасың” деп сөйлесемін, олар да “ағай, сымбатты болып кетіпсіз” деп қалжыңдайды. Арам ниетіміз жоқ”, – деді ол. 

Қыздардың аналары да блогерді жақтап, ешқандай ерсі нәрсе жоқ екенін айтты.

“Ешқандай педофилды көріп тұрған жоқпыз, ол – ағасы. Хейт үшін жасап отырғанын білеміз. Қызымның фотосын желіге жариялағаны үшін сотқа беремін. Таңға дейін уақыт береміз, өшіріп тастаңыз. Кішкентай қыздардың кінәсі жоқ, оны ағасындай сыйлайды. Орамалдағы әйел күйеуінің жамандығын шығармауы керек. Әйел күйеуінің жамандығын жасырып, жақсылығын асыруы керек”, – деді ана.

Қолғанат Жұмабаев балалармен түрлі видеолар түсіреді және балаларға арналған барбершопы бар.

Осы жағдайдан соң коуч Роза Әшірбаева, адвокат Жанна Оразбақова, құқық қорғаушы, белсенді Айтбек Амангелді де пікір білдіріп, істі бақылауға алу керек екенін мәлімдеді. Сондай-ақ балалардың жеке шекарасы болатынын, бейтаныс ересек пен бала арасындағы субординация сақталуы керегін айтты.

Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.

«Жала жабу фактісі бойынша Наурызбай ауданының полиция басқармасына жергілікті тұрғын жұбайына қатысты өтінішпен жүгінді. Қазіргі уақытта тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Педофилия фактісі бойынша полицияға арыздар мен өтініштер түспеді», деп жауап берді ПД.

 

Пікірлер