Төтенше жағдайларды алдын алу шаралары қандай?

839
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 2023 жылы шамамен, 11 мың өрт тіркелген. Олардың 300-ден астамы адам өмірін қиған көрінеді. Өкініштісі, оқиға орнында тұрғындармен қатар, құтқарушылар да жан тапсырып жатады. 

Былтыр төтенше жағдайлар қызметкерлері үшін ауыр жыл болды. Абай облысындағы орман мен «АрселорМиттал Теміртау»-дың Казахстанская шахтасында конвейер лентасы өртенді. Костенко шахтасында жойқын жарылыс болды. Алматыдағы хостелде шыққан өрттен 13 адам жанып кетті. Одан бөлек, Түркиядағы жер сілкінісі кезінде зардап шеккендерге де біздің құтқарушылар көмектесті.

Оқыс оқиғаның бірі - табиғаттың тілсіз жауы болса, енді бірі - жауапсыздардың салғырттығынан болады. Қоғамдық орындағы бәз біреулердің тәртіпсіздігінен ажал құшқандар да бар. Қауіп айтып келмейді. Дегенмен, кез келген төтенше жағдайға дайын болу керек.

«ЖАМАН АЙТПАЙ, ЖАҚСЫ ЖОҚ»

Алдымен, төтенше жағдай неден пайда болуы мүмкін? «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Олардың себебі мен салдарына тоқталып өтейік. 

Төтенше оқиғалардың ең көп кездесетін түрі - табиғи апаттар. Географиялық орналасуы мен климаттық жағдайы кей мекен үшін қауіпті. Жер сілкінісі, цунами, дауыл немесе су тасқыны сияқты табиғи апаттарға бейім елдер бар.   Климаттың өзгеруі қатты дауыл немесе құрғақшылық сияқты төтенше ауа райы оқиғаларына әкелуі мүмкін.

Келесі, техногендік апаттар.  Техникадағы ақаулар, өндірістік алаңдардағы, электр станцияларындағы, ядролық реакторлардағы немесе көліктердегі апаттар күрделі төтенше жағдайларды тудырады.

Адам қателіктері де төтенше оқиғаларға алып келеді. Мәселен, инфрақұрылымды жобалау, салу немесе пайдаланудағы кемшіліктер, қоғамдық төтенше жағдайлар, әсіресе, террорлық шабуылдар мен зорлық-зомбылықтың басқа түрлері қоғамдық қауіпсіздік үшін ауыр зардаптары бар төтенше жағдайларды тудыруы мүмкін. Одан бөлек, азаматтық толқулар, демонстрациялар және әлеуметтік наразылықтың басқа түрлері бақылаудан шығып, үлкен қауіп төндіреді.

Экологиялық факторлар да төтенше жағдайлардың болуының бір себебі. Өндірістік апаттар немесе рұқсатсыз орман кесу экологиялық дағдарыстарға әкелсе, табиғи ресурстардың тозуы, биоәртүрліліктің өзгеруі және басқа факторлар табиғи апаттар немесе өрттер сияқты төтенше жағдайларға ықпал етпей қоймайды.

 Бұл себептердің бірнешеуі ғана. Осының өзі адам өміріне аса қауіпті. Бірі білсе, бірі білмейді. Оқыста, басына іс түскенде абдырап қалатындар да бар. Сондықтан төтенше жағдайдың алдын алу үшін не істемек керек?

 АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ ҚАНДАЙ?

«Сақтықта қорлық жоқ» деп бекер айтылмаса керек. Оқыс оқиғадан сақ болу үшін алдымен, қауіпсіздік ережесімен таныс болып, оны сақтау шарт. Арнайы мекеме, қызметтік орындар, тіпті үйіңізге де қауіпіздік ережесін әзірлеп, еңгізіп қойған дұрыс. 

Өмірдің әртүрлі салаларындағы ықтимал қауіптер мен осалдықтарды бағалау, соның ішінде инфрақұрылым, мемлекеттік мекемелер, экологиялық жүйелер және т.б. Яғни, өткеннен сабақ алып, болашақта қайталамау керек.

Халықты ақпараттандыру және оқыту аса маңызды. Ағартушылық науқандар мен қауіпсіздік жаттығуларын өткізу, азаматтарды төтенше жағдайларда аман қалу және әрекет ету негіздеріне үйрету арқылы төтенше жағдайлардың алдын алуға болады.

Хабардарлық пен коммуникацияны арттыру, инфрақұрылымды және технологияны дамыту басты назарға алыну керек. Дағдарыс жағдайында мониторинг, байланыс және ескерту жүйелерін жақсарту үшін заманауи технологиялар мен инфрақұрылымды қадағалау маңызды.

Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін халықаралық ынтымақтастықтың да рөлі орасан зор. Қауіпті оқиғаның алдын алу саласында тәжірибе, ақпарат және ресурстар алмасу үшін басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату қажет. Өзге елдерде болған оқыс оқиғалар мен мәселені шешудегі әрекетіне назар аудару арқылы қателікті қайталамаудың алдын алуға болады.

Тұрақты аудит және бақылау жүйесі. Әлсіз жақтарды және проблемаларды анықтау және оларды уақытылы түзету үшін қауіпсіздік және төтенше жағдайларға дайындық жүйелеріне үнемі шолулар мен аудиттер жүргізу керек.

Ең маңыздысы – мемлекеттік көмек. Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды қолдау, профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыруға бюджет қаражатын бөлу және төтенше жағдайлардың алдын алу және жою қызметтерін ресурстармен қамтамасыз ету керек. Бұл елімізде іске асырылып жатқан шаралардың бірі. 

Төтенше жағдайлардың алдын алу жүйелі және кешенді көзқарасты, сондай-ақ қоғамның барлық деңгейлерінің: мемлекеттік органдардан бастап қарапайым азаматтардың белсенді қатысуын талап етеді. Сонда ғана келер қауіптен арыла аламыз.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер